Елорда • 06 Шілде, 2022

Елорданың 300-ден астам тұрғыны пәтерлі болды

235 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана күні қарсаңында үй кезегінде тұрған 300-ден астам елордалыққа пәтер кілттері табысталды, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Елорданың 300-ден астам тұрғыны пәтерлі болды

Кезекте тұрғандардың арасында жетім балалар, толық емес отбасылар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар, І және ІІ топтағы мүгедектер, зейнеткерлер бар. Пәтерлердің бір бөлігі жұмыс істейтін жастарға арналған бағдарлама бойынша берілді.

«Жалға берілетін тұрғын үйге өтінім қабылдау басталғанын білген соң, бағымды сынап көргім келді. Себебі, мен 29 жасқа толатын едім, бағдарламаға қатысатын соңғы мүмкіндігім болатын. Жаңа жыл қарсаңында, яғни 31 желтоқсан күні кешке тұрғын үй қорының сертификаты мен құттықтау хаты келгенде сенер-сенбесімді білмей абдырап қалыппын. Міне, аз ғана уақыттан кейін пәтер кілті табысталып отыр. Жұмыс істейтін жастарға осындай мүмкіндік беріп отырғаны үшін мемлекетке ризамын», деп қуанышымен бөлісті Бағдат есімді азамат.

2207051706138987g.jpg

Тұрғын үй кешені Ұлы Дала даңғылында, Нұра-Есіл арнасының қасында орналасқан және Jetisu бигвилліне кіреді. Мұнда тұрғын үйлерден бөлек, мектеп, дамыту орталығы, сауда үйі және т.б. нысандар құрылысы жоспарланған.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елордада қолжетімді әлеуметтік тұрғын үй құрылысының көлемі ұлғайтылды. Мысалы, 2018 жылы – 1 100 пәтер, 2019 жылы – 2 900, 2020 жылы – 7 000, 2021 жылы – шамамен 10 000 пәтер салынды. Құрылыс көлемін сақтау керек. Ол үшін құрылыс индустриясының бәрі жұмылдырылған: жергілікті зауыттар да, үй құрылысы комбинаттары да», деді қала әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов пәтер кілтін тапсыру рәсімінде.

2207051706098064g.jpg

2207051706073645g.jpg