Қазақ өлеңінің көшелі көшіндегі көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулеттің шығармашылығын бөле-жара әңгімелеудің реті келіп тұр. Себебі, ақынның ел алдында есеп беретін мерейтойы аталып өтуде. Сонау бір алыста қалған алпысыншы жылдардың аяғында өзім қызмет істейтін «Лениншіл жаста» 9 сынып шәкіртінің топтама жырлары жарқ ете қалғаны күні бүгінге дейін есімде. Содан бері ақын шығармашылығынан көз жазып қалғаным жоқ. Ондаған кітаптары жарық көрді. Шалқар шабытпен жазылған жырлары мақтау мен марапаттан кенде емес. Дарынды ақынның шығармашылығын бағалау да сәтімен жалғасты. Оқушы өлеңдерінің республикалық газетте жариялануы, әрине, тосын оқиға болатын. Бала ақын есімінің таңғалдыра елге танылуы сол кезде басталған. Ал алғашқы жинағына сәт сапар тілеп, батасын берген атақты ақын Қадыр Мырза Әлі болса, «Жұлдыз жарығының» тұсауын қазақ лирикасының марқасқасы Қуандық Шаңғытбаевтың кесуі, ал таңдамалы шығармаларының қос томдығына қазақ әдебиетінің классигі Әбіш Кекілбаевтың егіліп-төгіліп алғысөз жазуы ғажап емес пе?! Хас таланттың танылуы, мезгілінде бағалануы – оған Мемлекеттік сыйлық берілуі дер едік.
Ақын өлеңдері өмір туралы толғаныстарға толы. Оқырман жанын тебірентер, көкірегіне сәулесін себер жырлары жетерлік. Сан қырлы әлеуметтік-қоғамдық тіршіліктің құбылыстары ақын өлеңдерінде өзгеше өрнектеліп, өнеге аларлық, сабақ боларлық сарында жазылған. Ұлықбектің азаматтық бекзат бейнесін, өмірге, қоғамға көзқарасын өлеңдерінен оқып, көңіліңе тоқисың.
...Найзағай намыс –
Қазаққа біткен шамшырақ!
Алашқа біткен тамшы бақ!
Намысың тірі тұрғанда
Бұйым болып па,
Басыңа түскен сан сынақ!
Еркін ойлы ерен ақын айтар сөзден тосылған, турасын айтудан тайсалған емес. Өліп кетсе де өтірік айтпауға, шындықты шымылдық ішінде жасырып ұстауға ар-ұяты жібермейтін, адалдық пен адамгершілікті ардақтап, ел-жұртының өтпелі кезеңдегі қиналыс-уайымын, қоғамдағы кесірлі келеңсіздіктерді жан-жағына жалтақтамай, қорқып-үрікпей өлеңдеріне арқау етіп, ақиқаттың ала жібін аттамай ашып, ашынып айтып жүргені жұртшылыққа жақсы мәлім. Нағыз ақын үшін өмір өткелдерінің қалтарыс-бұлтарысының «бәрі уайым, бәрі күмән, бәрі мұң». Өйткені, абыз Абай айтпақшы, ойлы адамға тыныш тіршілік бұйырмаған. Сол себепті, Ұлықбектің жаны мазасыз, ойы онға бөлініп, ел мен жерінің тағдырына алаң көңілінің тыпыршуын баса алмай әлек. Сондағы ойлағаны қара басының қамы емес, қайран қазағының бүгінгі хал-күйі. Ұлтының уайымы жанын жеген ақынның айтар уәжі удай ащы. Ол ел-жұртының алдындағы өзінің перзенттік парызын, жауапкершілігін ұмытқан емес. Ақын өзін-өзі тергеп-тексеріп: «Өмір, саған келдім-кеттім, сонда нені тындырдым?» деп төтеннен сауал тастайды.
Мына бір өлең шумақтары шындықтың бетін ашып тұр емес пе?!
...Жағымпаз бен жемқорлар жазады заң,
Келе ме оған, келмей ме, қазақ ызаң?
...Мына қоғам барады қайда беттеп,
Ауылдарды құрта ма пайда жоқ деп?
...Ұлтым менен ұрпағым бас иетін,
Ұғымдардың ұмытсақ қасиетін,
Айтылмаған сөздің де атасы өлер,
Атасы өлсе – кім жерлеп, тас үйетін?
Енді бірде жасықтығымызға, көнбістігімізге жаны күйіп, кемшілігімізді бетімізге басады:
...Жеме-жемге келгенде,
Жағымызды аша алмай,
Зәремізді баса алмай,
Үрей буып, үн өшіп,
Ашылғандай алдан құз,
Біздер бұғып қалғанбыз.
Ел дегенде өзегі өртенген ақын алашының қитығына тиіп, мерез мінезінен арылуға жол көрсетіп, жөн сілтеп отыр.
Ұлықбек өз оқырмандарына ұсынған ондаған кітаптарынан таңдап алып жарыққа шығарған қос томдығына «Ел мен Жер жырлары» деген анықтама беріпті. Осы бірауыз сөз ақын шығармаларының негізгі мазмұнын, өлеңдерінің ел-жұртының жүрегіндегі сөзін айтуға арналғандығының белгісі.
Тәуелсіздік! Бостандық! Азаттығым!
Баға жетпес бағымсың ғажап құның.
Шам жарығы түсер ме өз түбіне,
Жемісіңді татар ма қазақ бүгін?
Тәуелсіздік! Азаттық! Бостандығым!
Атың озсын бәйгеге қосқан бүгін.
Өзің ғана қайтарып беретұғын,
Әділдік пен шындықтың қашқан құнын!
Қазіргі кезеңнің түйткілді тұстарын, әлеуметтік әділетсіздік кеселдерін ақын боямасыз көрсетуге, шарт жүгініп отырып шындықты айызыңды қандыра айтуға асық. Кезеңнің кеселді көріністері, уақыт тынысы көңілін алаңдатқан Ұлықбектің сөзі сенімді, дәйегі деректі, көкейіңе қона кетеді. Бұл орайдағы өлеңдер топтамасы бүгінгі қоғамның шындығын шерткен қазақ поэзиясының шоқтықты шығармалары, сүбелі олжасы санатында.
...Төрелері – тойымсыз,
Төлеңгіті – тобасыз,
Елдің ісі дегенде,
Елп етпейтін еріншек,
Жұрттың ісі дегенде,
Жалт беретін жасқаншақ,
Ұлттың үні дегенде,
Селт етпейтін сескеншек,
Ар намысы – әткеншек,
Кежегесі – көткеншек,
Оянар ма ұйқыдан,
Кеңірдектен шап берсек!
Осындай жат қылықты жан-жүрегімен сезініп, ұлтының келеңсіздікке ұрынбауын көксеген көреген ақын таңдаған жолынан тайған емес, адалдықтың ақ жолынан адасқан емес. Жоғарыдағы өлең жолдары сол сөзімізге нақты дәлел. Ал жалпы, Ұлықбек ақынның өлеңдері ұлағаттылығымен қымбат. Ол ел басына түскен ауыртпалықты айтып қамыға бермей, өтер-кетер өткінші заманның жетегінде кетпей, тәуекел кемесіне мініп, желкен көтеруге үндейтін өміршең өлеңдерді аз жазған жоқ. Соның бәрін сұрыптап, ойлана оқып, өмір-тіршілігіміздің іргетасына айналдыруға асығуымыз керек шығар деген пікірдеміз. Оқыған сайын даланың жусанындай жұпар иісті жырларына қалай ғашық болып қалғаныңа өзің де қайран қаласың және соның сырын білуге ынтызар боласың.
Ұлықбектің барша ақындық қырын ашып көрсету бір мақаланың бойына шақ келмес. Тіпті, оған тұтас бір монография арналса да шығармашылығының ойшылдық, шыншылдық, суреткерлік сынды басты қасиеттерін толық ашып көрсеттік деу күпірлік болар еді. Оның түпкі себебі – ақынның жырдариясының ауқымдылығы мен салмақтылығында, тереңдігі мен зеренділігінде, құпиялылығы мен құбылысында жатыр. Мына жалған өмірдің жұмбақ сырын ашуға қанша ұмтылсақ та, бәрібір түбіне жеткізбейтіні аян. Ұлықбектің ақындық қыры мен сырын бүгі мен шігіне дейін қалдырмай ашып беру мүмкін емес. Біз сол телегей теңіз жырдың бет пердесін ашып, көзге шалынар, көңілге қонар, санаға сіңер, жетемізге ілесер ой-толғамдарынан сыр тартсақ та тәубе демекпіз. Рас, ақын өлеңдерінің ішкі мәні мен мазмұнына ой жүгіртіп, зейін қойып зерттесек, көп қырларына қанығамыз. Айталық, өлеңдерінің тіліңді үйіріп әкететін сөз бояуының алуан түрлілігі, мейіріңді қандыратын ой-мақам мәнерлілігі, жан-жүрегіңді баурап алатын нәзік те сұңғыла сезімталдығы, көңіл толқынын басатын самалдай сабырлылығы, санаңды саралайтын ақылгөйлігі – міне осы сияқты қисынды қыр-сыры арқылы арқалы ақынның талантын танисың. Көңіл түкпірінде жасырынған көп жұмбақ сырдың көмбесін ашып, дүние дидарының керемет келбетіне сұқтанып, шексіз шаттыққа кенелесің. Ойлантатын, толғантатын кестелі, кемел жырлары жан шөлін қандырып, сұлулығымен сусындатары сөзсіз. Торығудың тұтқынынан босатып, кең тынысты еркіндікке, кеңістікке шығаратын шайырдың өзекжарды өлеңдері бір сәт қытымыр қыстан көгілдір көктемге кезіккендей әсерімен әлдилейді.
Жүрегінен жыр төгілген ақын әсте жылауық өлең жазбапты. Өр рухты, қайсар ақынның кей-кейде кезігетін көңіліңді босатып, жүрегіңді жылатып, жаныңды сыздатып – өткінші өмірдің өкінішті сәттерін өшпестей өрнектеген өлеңдері де тазалығымен таңдандырып, қайғыртудың орнына қанаттандырып, шұғыладай шуағына шомылдырып, дертіңе дауа болатын сиқыры бар. Ендеше, өмірін өлеңге арнап, ғажап ғазалдар жазып, ел-жұртының аңсар-арманын, мұрат-мақсатын өлеңде өрнектеген Ұлықбек ұлық ақын.
Мына бір мысқалдай мысалдардан жігеріңді жанитын сара сөздерді естіп, еріксіз ес жиюға мәжбүрсің:
Өз жеріңе өзің би бол,
Мұң жұтпа,
Тура қара ар-намысқа, шындыққа.
Еркіндіктің есігінен еркін кір,
Өзіңді өзің байлап бермей құлдыққа.
Күмілжіме, көтер басты жоғары,
Жаңғырықсын азаттықтың өр әні...
Тағы бірде ақын тәуелсіздікті тәу етіп, жігерленіп, желпініп, жақсы күндерді жақындату жолында жанқиярлық қаракет жасап, елі үшін күресетін ер азаматтар қатарын түзудің қажеттігін қаперімізге салады:
Жақсы да болса өз елім,
Жаман да болса өз елім,
Ел дегенде өзегім
Өртенсе де төземін, – деп ақыл қосады.
Осындай қуатты, лепті маржан сөздерден тізілген жыр жолдары жаныңды жасантып, Отан тағдыры толғантып, ұлттық намысыңды оятуға арналған. Ұлықбектің ұлтымыздың қаны мен жанына сіңген, сана-сезімін тәрбиелеген ар-ождан, ақыл-парасат, қажыр-қайрат сынды ұлық қасиеттерін дәріптей отырып, оқырман қауымға ой салуды көздеген толғамды өлең сөздері қандай керемет.
Сенем мен, сенем,
Қайтадан қызыр қонады.
Қадірі қашқан
Қасиетті қазақ жеріне.
Тұла бойын сөз сиқыры билеген ақын сөзден от жағып, ошақ лаулатып, оқ жанып, жебе заулатқан ақын «сөзден уланып, сөзден бал іштім» десе имандай иланасыз. Қайран ақынның қолынан одан басқа не келсін! Алайда, атам қазақтың мірдей сөзі арқылы алаштың мерейін асырған семсер сөзді шайырдың шындыққа ара түсіп, адалдықтың ақ жолын жырлауы бекер емес. Жалынды сөзі жұртының жүрегіне жетіп, ұлтының ұранына айналып жатса ақынның арманына жеткені емес пе?! Одан артық, одан қымбат бақыттың керегі қанша!
Көркем әдебиет қай заманда да қоғамға, өмір-тіршілікке халықтық көзқарасты білдіретін шынайы шығармалар арқылы бағаланып келгені белгілі. Сан ғасырлар өтсе де халық жадында жатталып қалған, бүгінгі күннің де кәдесіне жарап жүрген көне жыр-дастандарды, ән-күйлерді құмарта оқып, сүйсіне тыңдап келеміз. Бұл болса, ел мен жұрттың жүрегіндегі сырын, ой-арманын тауып айтып, сөзін сөйлеу әрбір қаламгердің мұрат-мақсаты екендігін еске салатын өмірлік өнеге. Міне, Ұлықбек ақынның шығармашылығы да осы бағыттағы табыстарымен қуантып жүр. Ойшылдық, сыршылдық сезімдерге жаны бай ақын өлеңдерінің айрықша ынта-ықыласқа бөленуінің сыры осы қасиетінде. Ізгілік пен зұлымдық, адалдық пен аярлық мәңгі майдандасып, арбаса, арпалыса айқасуын тоқтатқан емес. Осы орайдағы ақынның көзқарасы, дүниетанымы өлеңдерінде өзгеше сыр-сипатымен дараланып тұрғанын байқаймыз. Ол не айтып, не жазса да өз сөзі, өз пікірі, өз тоқтамы. Қалыпты ой, қалыптасқан қағидатты қайталаудан қашқақтап, үзбей ізденіс арқылы соны соқпақ табуға талпынуы мен ынтызарлығының жемісті жеңісі. Ұлықбектің ұлтымыздың ұяты, ерекше ерен ақыны болып қалыптасуына жол ашқан осы ұстанымы.
Ерекше бір ескерте кететін жағдай, кеңестік кезеңнің талаптарына табынып, өлеңдеріне оңай жол ашылуын қаламаған бірегей ақындардың бірі – Ұлықбек. Ақынның қоғам өзгеріп, заманның жаңалануын жанымен сезіп, көкірек көзі ашылып, көрегендік танытуы таңғаларлық. Қаншама өлең жазып, кітап шығарса да, оның ішінен шам алып іздесең де биліктегі партия мен басшылық туралы бірде-бір өлеңін таппайсың. Есесіне сол тұстағы қоғамдағы қайшылықтар, идеологиядағы иланымсыз, саясаттағы саяз қағидаттар, әлеуметтік тіршіліктегі теңсіздіктер ақын назарынан тыс қалған кезі жоқ. Шығармашылық өмірінің сол бағыты бүгіндері де жалғасын табуда. Оның айқын мысалдары ретінде Ұлықбектің Желтоқсан көтерілісі, Жаңаөзен оқиғасы кезінде жаны күйіп, ақтарыла жазған жауынгерлік жырлары. Азаттық алсақ та тұрмыс тауқыметін тартып, берекесі қашқан жұртшылықтың көңіл күйін бейнелеп, жыр толғаудан тартынған емес. Ұлықбек ақын өлеңдерінің өзегі өмір өткелектері мен замандастар тағдыры. Оның көзі көріп, жаны сезіп отырған халықтың мұң-мұқтажын, арман-аңсарын жүрегінен өткізіп, түсініп-түйсініп, толғана жырлауы азаматтық парызына адалдығы деп қабылдаймыз. Өмірдің беймәлім беттерін ашатын жаңа тұрпатты, соны сипатты өлеңдерімен ерекше тұрған ерен ақын туындыларының тартымдылығы көркемділігі мен шыншылдығында. Ал Абай өлеңдерінің өміршеңдігі, оның ой-толғамдарының қазіргі күннің де шерін шертіп, уақытпен үндесуі, Ұлықбек сынды сырбаз ақындардың да сол жолда жолығысып, тіл табыса кетуі ғажап емес пе?!
Жалпы, Ұлықбек өлеңдерінің өзгеше сипаттарына тоқталсақ, төмендегідей ойларымызды ортаға салар едік. Біріншіден, ақын өлеңдерінің өрнектілігіне дәлел болатын тілінің шұрайлылығы, сезімінің сұлулығы, сөздерінің саздылығы, образдарының ойлылығы екендігін айрықша атап өтеміз. Екіншіден, ойы мен сезімінің серіктесе үйлесім табуы, өмір құбылыстарына көзқарасы мен пайымдауының жаңаша, өзгеше, өзінше екендігі. Жүрегін жарып шыққан, көкірегінен құйылып түскен ақын өлеңдерінің салған жерден санаңды нұрландырып, асау өзен иіріміндей үйіріп әкететін сиқырлы сыры. Үшіншіден, өлеңдерінің табиғилылығы, жырларының жаратылысында ой мен сезім домбыраның қос шегі, тоғыз пернесіндей жұптасып, жарасып, күмбірлете күй төккендей – үндесе кететін қасиеті. Төртіншіден, тағдырдың тайғақ жолдарын кешкен алаш көсемдері – өлең кейіпкерлерінің бет-бейнесін өлеңде өрнектеуі де өзгеше. Жүрегі жылы, жаны жайсаң адамдардың асыл бейнесін, қадір-қасиетін сөзбен бейнелеуі керемет. Кейіпкерлерінің жанды бейнесі бірден көз алдыңа келе қалуы сөзімен сурет салған ақынның айрықша дарындылығының дәлелі. Бесіншіден, ақынның әдебиеттегі әр кезеңнің, әр толқынның өз сөзі, өз қолтаңбасы болуға тиіс екендігін есінде ұстап, талап пен талғам биігінен табылуы. Осы арқылы ол ұлттың рухани қазынасына олжа салуда. Алтыншыдан, ақын өлеңнің қадірін арттыратын шеберлік қырларына жетік. Ұлықбек жырларының өрімін келістіріп тұрған оның табиғи жарасымы: серпінді ырғақ, самалдай саз, тосын теңеу, ұтқыр ұйқас, оқшау ой, мөлдір сезім сынды төрт құбыласы тең, поэзияға қажетті жабдықтармен жарақтандырғандығы. Ал пішіміне орай сезімге суарылған ой, сағынышқа айналған мұң өлеңдерінің өңін ашып, сырына сұқтандырып тұрса, бұл жанмен сезініп, санамен саралаудың жемісі.
Әдетте, әдебиеттанушыларға ілесе біздер де ақын туындыларын тақырыпқа бөліп, жіктеп, даралай қарастырып жатамыз. Шындығында, тақырып біреу-ақ, ал оның қыры мен сыры сан алуан. Яғни, өлең өмірдің баяны. Ал ақын өз жырларын оқырманға жеткізу үшін ой-мақсатын әр қырынан алып айшықтауға, сыр сабақтуға тиіс. Ендеше, бұл тақырып емес, әртүрлі әдеби әдіс-тәсіл. Осы пікірімізге сүйене отырып біз Ұлықбектің шығармашылығын бөліп-бөлшектемей өмір жыры деп қарастырып отырмыз. Ал Ұлықбек ақын өлең-жырларының алтын арқауы – адалдық, адамгершілік, ізгілік, имандылық, арлылық сынды қазақтың қасиетті жансарайын дәріптеу. Ойы озық, санасы сергек оқырманның жанын байытып, сезімін сәулелендіретін ақын өлеңдері өзіне өлердей ғашық етеді десек асырып айтты демессіз. Ақынның дүние-тіршіліктің тылсымын танып, ойланып-толғанып, қыр-сырын түсінуіңе жол ашар жырларын ет-жүрегің елжіреп қабылдарың күмәнсіз. Ақылға сыйымды, көңілге қонымды, қиялмен қанаттас, өмірмен өзектес өлеңдер жазған ақынды қалай мақтасақ та жарасып тұрары ақиқат. Қысқасы, Ұлықбек ақынның жібек жіптей төгілген есіл өлеңдерін есің кетіп оқисың, сан сырын көкейіңе тоқисың. Ал басқа бірде-бір ақынның аузына түспеген ой толғауына қарап, оны жаңашыл ақын дейміз. Шынайы құндылығын жүрегіңмен сезінбей де терең бойлап түсінбей тұрып, тек бөгде біреулердің айтқанына алданып мақтай салу ұят нәрсе. Біздің пікірімізді ақын шығармаларының көркемдігіне, ауқымдылығына, шынайы шеберлігіне көзіміз жеткен соң ғана талантына тағзым етуіміз деп білгейсіз. Осылайша Ұлықбек ақынның өлеңдерін бағалау барысында жаңаша ой-пікіріміз бен өзіндік пайымдауымызды жеткізуді ниет еттік. Мәселе, сөз ойнатуда емес, әр ойыңның мән-маңызын терең түйсініп, жыр жолдарына жан бітіру. Бұл қисынды да біздің Ұлықбек ұмыт қалдырған емес. Өлең өрнектерінде әуен, ырғақ, ұйқас үшеуі үндесіп жатса ғана ой мен сезімнің сәнін келтіретінін, сөздер үндесіп барып, үйлесім тауып өлеңге айналатынын ақын есінен шығармауда. Өлең төгілер кезде ақынның ой-сезімі қанат байлап, көкке ұшып, қиян кезіп кететіні аян. Шығармашылығы шарықтап, шабыт үстінде отырған ақынның сөз өнерінің – поэтикалық әлемнің көркемдік көгіне көтерілуі заңды құбылыс. Өлеңдерін оқи отырып ақынның осындай алапат күй кешкендігін сезе қоямыз.
Қазақ елінің шырайлы шығысы – Ұлықбектің кіндік жұрты Зайсан өңірін өзім де көргенмін. Табиғат көріністері көз жауын алатын аймақты аралауым қадірлі досым, көрнекті жазушы Кәдірбек Сегізбайұлының елу мен жетпіске толған мерейтойлары тұсында болатын. Ұлықбек өлеңдеріндегі көңілге қонған көркем көріністер, Әбіш аға Кекілбаев айтқандай, көзіме оттай басылған. Өткен күндерді еске түсірген өлеңдерді қалайша құмартып оқымассың! Туған жеріне тартқан тамаша ақын аяулы атамекенінің өзен, көл, тау, тіпті, шөптері мен гүлдерін де исін есіне алып, суретшінің тілімен өлеңдеріне көшірген. Мұны сіз өлеңдерді оқи отырып, сол табиғаттың ортасында жүргендей сезінген сәтте ойыңызда жұптайсыз. Табиғаттың тіршілігін адамның жаратылысымен астастыра қарап, оны бар жан-тәнімен сезінген ақынның мезгілсіз солып қалған гүлді көргенде ет жүрегі елжіреп, егіліп өз өмірі солып бара жатқандай көңіл күйге бөленуі оқырманға ой салатын өлең. Мына бір шумақ өлең осы пікірімізді тірілтіп тұр:
Ақын ба шабыт отынан,
Жанып бір, еріп кетпеген?!
Адам ба тәйір, сұлулық
Санасына әсер етпеген?!
Ал адам мен табиғаттың туыстығын ақын былайша айғақтаған:
Табиғатта сезім жоқ деп ойламан:
Ол да – ақын!
Білер мұны бойлаған.
Ақыныңды ақын еткен табиғат,
Кез келгенде мұндай сана болмаған...
Өзі айтқандай, Ұлықбекке ақындық қасиет сыйлаған табиғат екеніне шүбәсіз сенесің. Себебі, оның сөзі тұнып тұрған табиғат суреттері.
...Балауса гүлдің бүршігін,
Көк моншақ дерсің, қарасаң...
...Күн еріді нұрлы ернінен уыз тамып...
...Күннің нұры оятқан соң қытықтап...
...Қоңырауын қақсын таңда сезімім...
...Қимастықпен Алатауға асылып,
Жылап тұрған бұлттар емес, жаз ба екен?!
...Өпсін мені аппақ ерні Айдың да,
Ұмыт болсын бір сәт барлық қайғым да.
Мен жатайын рахаттан талықсып,
Өзім туған табиғаттың қойнында.
Табиғат пен туған жерін жарыстыра жырлаған ақынның бұл саладағы өлеңдері көл-көсір. Елі мен жеріне табына, тамсана жүрегінен төгілген өлеңдерін қара сөзбен қайталап айтсақ ажарын қашырып, суретін солғындатып, айтар ойын арзандатып алармыз. Оны оңаша отырып оқуың керек, зерін зердеңе тоқуың керек. Бірер мысал:
...Жүрегім туған жерді сағынғанда.
Ериді Самарқанның көк тасындай.
Бір шөкім Зайсанымның топырағын
Бермеймін алтынға да атбасындай.
...Ауыл осы,
Ұям осы мен ұшқан.
Артық маған жердегі бар қоныстан.
Менің ізім бар әлемді шарлап кеп,
Ауылымның көшесімен тоғысқан.
...Сұлумен тұңғыш сүйіскен жерім,
Бал татып қалдың, тілімде.
Боз жусаныңнан бір иіскер ме едім,
Ат тұсап, айлы түніңде?..
Ұлық ақын Ұлықбектің «жастық шақтың дуылдап өткен думанды кезінде» пендешілікке бой алдырғаны, жанын жеген кейіпкерінің кінәсінің көптігін біле тұра «оны санауға құдайым уақыт таппасын» деп албырт сезімі мен өрттей өкінішін ағынан жарыла айтып салатыны бар. Адалдыққа жүгініп аярлықтан арылуға ұмтылған, ар-ұятты кие санаған саналы адамның салауатты тілегіне риза боласың. Жалпы, өлең кейіпкерлері қай мәселеде де үлгі-өнеге көрсетіп, ар тазалығын дәріптеп, жан дүниесінің нәзіктігіне сүйсіндіреді. Осы тұрғыдан алғанда мына бір шумақтар әр адамның жүрегіне шоқ түсіріп, сөніп қалған сезімін алаулатып, жан жарасына шипа болатындай әсерлі.
Сол бір әнді сен маған жырламашы,
Жатыр онда махаббат мұң-наласы.
Сыздатады сезімдер қайта оралса,
Айқаспайды кірпігім түн баласы.
Сол бір әнді сен маған жырламашы,
Жатыр онда жастықтың жылнамасы.
Сөніп қалған жанартау қайта оянар,
Қайта ашылар жүректің бір жарасы.
Жырламашы сен маған сол бір әнді,
Өзге әуенге бұрашы домбыраңды.
Өткен дәурен – ұшпа бұлт, келді, кетті,
Өткен дәурен – қызған шоқ, сөнді, қалды...
Сөзіміздің соңына қарай, ақын шығармашылығының биік белесі болған «Киіз кітапқа» азды-кем тоқтала кетпесек қиянат болар. Ал «Киіз кітап», ақынның өз сөзіне сүйенсек, қазіргідей жер-әлемде жаһандану жағадан алып, ұлттық болмысымызға қауіп төндіріп тұрған кезде қазақы тамыр мен рухты оятып, жан дүниемізді дүр сілкіндіруге арналған шығармалар шоғыры. Бұл өзі негізінен жаңаша шығармашылық ізденістің мәуелі жемісі. Ол жеке-жеке жырлардан, он сан ой толғаған өлеңдерден бас құраса да бір ғана мақсатты көздеген киелі кітап. Ең басты мақсаты – елдің ертеңіне деген сенімінің шаңырағын шайқалтпау. Қоғамдағы төңкеріс, өміріміздегі өзгеріс сана-сезімімізге сілкініс жасағанын жан дүниесімен түсінген соң да Ұлықбек ақын жаңаша жол іздеп, соны соқпағын тауып қазақ жырының сарынын жаңғыртты. Ұлттық идеологиямыз – ұлттық мұратымыз көшбасшы болса ғана мақсат-мұратымызға жетеміз. Ал бұл кітаптағы өлеңдер – көркемдік көрігінің шыңдалу шарығында қайралып, шеберлік шыңына көтерілген ақын шығармашылығы қазіргі қазақ поэзиясының үздік үлгісіне айналғаны ақиқат. Кітаптағы қызулы, ырғақты, мәнді, мәнерлі, ойлы, отты, жалынды жырлар жаныңды арбап, небір қиялға иландырып, сезіміңді сілкіндіріп, көңіл түкпіріндегі арман-тілегіңді оятып, ләззат бесігінде тербетіп, жансарайыңды жарқыратып, нұрландырып жіберетін қуат-құдіретке толы. Кезінде Мемлекеттік сыйлық берілген «Киіз кітап» қазақ өмір-тіршілігінің, жан дүниесінің, замандар дауылында зардап шегіп, зорлық көріп, қоғамдық құбылыстардың құйынына көмілген қилы кезеңдер мен бүгінгі тәуелсіздікті еншілеген уақытта түрлі түйткілдерді басынан кешіріп жатқан халық тағдырын әсіребояусыз, шындығын көлегейлемей, барынша батыл, барынша әділ, барынша көркем ойға, селкеусіз сезімге орап, жамиғатқа жүрек сөзін жеткізген ақиқат айнасы.
Қорыта айтсақ, Ұлықбектің ерке назды, сылқым сазды, үкідей үлпілдеген, жан жадыратып, қай-қайдағы қайта оралмас өмір өткелдерін есіңе түсіретін нәзік сезімге толы лирикалары қандай керемет. Жақұттай жарқыраған жыр маржандарын қанша оқысаң да құмарың қанбайды. Иә, жалпақ елдің көкейкесті ой-арман, мақсат-мұратын көркем кестелеп, айшықтап айту жөнінен Ұлықбек шабытына қамшы салдырған жоқ. Көкірек көзі дүние құбылыстарын, тасада жатқан тылсым сырларын қиядағыны шалатын қыранша көре қоятын және оны жүрекке жеткізе жазатын көрнекті ақын. Ол өзінің ақындық талантының талтүсінде қазақ поэзиясына сіңірген сүбелі үлесіне сай мадақ пен марапаттың шапағатын көріп жүр. Ұлықбек Есдәулет сынды саңлақ ақынның қазақ өлеңіне қосқан мол мұрасын түгел қамтып, талдап-таразылау, бағалау қомақты ғылыми монографияның міндеті.
Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
АЛМАТЫ.