29 Сәуір, 2014

Стратегия іс үстінде

470 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Саясаттанушылардан сауатты сараптама күтіледіNazarbayev_University

Бұрнағы күні Астанадағы Назарбаев Университетінде «Қа­зақ­стан – 2050»: іске асырудың алғаш­қы қорытындылары және өзек­ті проблемалары» деген тақы­рыпта Қазақстан саясаттану­шы­ларының конгресі өтті. Қазақстан Республикасы Пре­зи­денті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев Конгреске қатысушыларға арнал­ған кіріспе сөзінде алдымен Елбасы Н.Назарбаевтың құттықтау хатын оқып берді. «Құрметті Конгресс қатысушылары! Қазақстандық сая­саттанушылардың жетінші кон­гресі еліміздің ХХІ ғасырдағы эко­но­микалық, саяси және әлеу­меттік жаң­ғыруының басты бағыттары көрсетілген «Қазақ­стан-2050» Стратегиясын жү­зеге асырудың алғашқы қоры­тын­дыларына арналып отыр. Стра­тегияны жүзеге асырудың маңыз­ды индикаторы әлемнің барын­ша дамыған 30 елінің қатары­на кіру болып табылады. Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін барша қазақстандықтардан зор жауапкершілік күтіледі, барша зияткерлік ресурстардың ұтқыр­лығы талап етіледі. Осынау басты процесте саяси қоғамдастыққа зор рөл жүктеледі» – делінген құттықтауда. Елбасы сондай-ақ, өз құттықтауында «Қазақстан – 2050» Стратегиясының тиімді жүзеге асуынан еліміздегі әрбір азамат пен болашақ ұрпақтың әл-ауқаты тәуелді екенін атап көрсеткен. Президент конгрестің мамыр айында Астана қаласында өтетін Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімге қол қою рәсімінің қарсаңында ұйым­дастырылуы да айрықша мәнді екенін атаған. Сондай-ақ, форумда ұсынылған идеялар мен ұсы­ныстар Стратегияны жүзеге асы­ру аясында мемлекет пен аза­мат­тық сектор арасында тізе қосып атқаратын жаңа форматты іс-әре­кеттердің пайда болатынына се­нім білдірген. Президенттің құт­тық­тауын оқып берген соң Б.Май­лыбаев өз баяндамасында Стра­тегияға қатысты ойларымен бөлісті. Баглан Майлыбаев 1 «Стратегия – таяудағы 36 жыл­ға арналған. Ол айналасына бүкіл халық шо­ғырланып отыр­­ған басты саяси мін­дет – жа­ңа саяси болашағымыздың да­муы қалай болады, басқаша айт­­қанда, ғалам­дық трендтерді есепке алғанда, Қазақ­стан және қазақстандықтар қалай дамиды деген сұраққа жауап бе­реді. Стратегия – Қазақстанның және қазақ­стандықтардың ХХІ ғасырға жаңа бірыңғай көзқарасы. Бұл – біздің ортақ болашағымыздың форсайт-жоба­сы. Ол экономиканы ауқымды жаң­ғыртудың барлық міндеттерін және қазақ­стан­дықтардың әлеуметтік өмі­рінің барлық қырларын қи­сын­ды түрде біріктіреді. «2050 Стра­тегиясы» Қазақстанның ықпал­дастық үдерістеріне, ең алдымен еуразиялық ықпалдастыққа қаты­суының маңыздылығын да көр­сетеді. Еуразиялық экономикалық одақ­қа қатысу – Қазақстан үшін жаңа мүмкіндік», – деді Б.Май­лы­баев. Ол сондай-ақ, бүгінгі таңда әлем­де ұзақ мерзімді даму жолына түскен елдердің қатары сирек, оның ішінде Сингапур, Ма­лайзия, Оңтүстік Корея сынды ел­дер ғана жақсы жетістіктерге жет­кенін мәлімдей отырып, дамудың даңғыл жолына түс­кен елдің бірі Қазақстан екенін де атап өтті. Президент Әкім­ші­лігі Басшысының орынбасары Стратегияның ғылыми мә­нін онда алдымен мемлекеттің болашағы, жекелеген адамның болашағы және әлемнің болашағы қамтылатындығымен түсіндірді. «2050 Стратегиясындағы ең бас­­ты мақсат – ХХІ ғасырдың орта тұсында әлемнің дамыған отыз елінің қатарына кіру. Ол үшін біздің қазіргі шынайы мүм­кін­діктеріміз есептелген. Өздеріңіз білесіздер, 2006 жылы нақты параметрлер бойынша Қазақстанның алдын­да елу елдің қатарына кіру мін­деті тұрған болатын. Еліміз бұл межеге жеті жылдың ішінде жетті. Қа­зіргі жағдайда экономи­каны, әлеуметтік кеңістікті жаңғыртуға және мемлекеттік институттарды дамытуға байланысты жасала­тын барлық саяси қадамдар біз­дің жол картамыз болады деп есептеймін. Сондай-ақ, оны жү­зеге асыруда экономикалық праг­матизм мен азаматтардың лай­ықты еңбегі негізгі ұстаным бо­­луға тиіс» – деген Бағлан Май­­лыбаев әлемдегі дамыған мемлекеттердің бірқатары негізгі әлеуметтік даму стратегияларын соғыстан кейінгі қиын жылдарда жүзеге асырғанын тілге тиек етіп, өткен ғасырдағы АҚШ-тың «Ұлы қоғам», Францияның «Даңқты отыз жыл», Ұлыбританияның мемлекет пен кәсіподақ міндетін дәл анықтаған бағ­дар­ламалары жайлы өз ойымен бөлісті. Негізгі баяндамашыдан кейін сөз алған «Назарбаев Уни­вер­ситеті» АҚ президенті Шигео Кат­­су бірегей жоба болып табы­ла­тын «Қазақстан-2050» Стра­те­гиясын іске асыру бары­сын­да университет нендей мін­дет­терді орындағаны туралы баян­дады. «Назарбаев Уни­вер­ситетіне Ұлттық сараптама орта­лығымен, халықаралық тәуелсіз сарапшылармен бірлесе отырып бірнеше зерттеулер жүргізу тапсырылған болатын. Бұл орайда біз бірнеше сала бойынша зерттеу жүргіздік. Басын ашып айтатын нәрсе, макроэкономикадағы ең маңызды ауыл шаруашылығы және қаржы секторлары туралы зерттеу жүргізе алмадық. Бірақ, Елбасы жиі айтатын адам ресурс­тарын дамыту, яғни, медицина және әлеуметтік жүйе мәселелері мен саяси институттарды дамыту мәселелері туралы тақырыптарды біршама зерттедік. Әрине, сіздер үшін 2050 жылға дейін әлі көп уақыт бар сияқты көрінгенмен, шын мәнінде бұл көзді ашып-жұмғанша өте шығатын мерзім. Сондықтан, алға қойылған мін­деттерді нақты қарастырып, оларды уақтылы орындауға тырысу қажет дегім келеді. Соңғы кезде біздің қоғамның лексиконындағы ең жиі қолданатын сөздің бірі «бәсекеге қабілеттілік». Бәсекеге қабі­летті мемлекет – өмір сүру деңгейі жоғары мемлекет. Назарбаев Университеті елі­міз­дің болашағына қатысты өз зерт­теулерінде алдағы қауіп-қатер­лерді де ескеріп отыр. Мысалы, Қазақстан жері мол болғанымен, халқы аз ел. Бұл да болашақта қиындық тудыратын мәселенің бірі болғанымен, негізінен қо­ғам­ның дамуы тұрақ­ты болады және алда кездесетін ауырт­пашы­лықтарды жеңіп шығуға қау­қарымыз бар. Әрине, бұл менің жеке пікірім емес, бірлесіп жаса­ған зерттеудің нәтижесі», деген Шигео Катсу саясаттанушылар мен өз сөзінде «орасан зор жо­ба» деп атап өткен «Қазақстан – 2050» Стратегиясын жүзеге асы­руға қатысты ойларымен бө­лісті. «Осы жылдардың ішінде қан­шама жетістікке жеттік. Оны тізбелеп шығу оңай болғанымен, сол жетістіктердің артында қан­шама күш-жігер, тәжірибелер мен жылдар тұрғанын ұмытпау керек. Меніңше, саясаттанушылар мынау орасан зор жобаны іске асы­ру туралы өз көзқарастарын ортаға салып, саясаттанушылар қо­ғамдастығымен пікірталасқа түсе алса, осының өзі үлкен үлес деп есептеймін. Сондықтан барлық саясаттанушыларды осы диалогқа қатысуға шақырамын», деді ол. Шиего Катсу 5Жиында Пар­ла­мент Мәжі­лі­сінің Халықаралық істер, қор­ға­ныс және қауіпсіздік коми­теті­нің мүшесі Қуаныш Сұлтанов, Қа­зақ­стан гуманитарлық-саяси конъюнк­тура орталығының прези­денті Есен­жол Алияров, Қазақ­стандағы шека­ра маңын­дағы ынтымақтастық қауым­дас­ты­ғының өкілі Марат Шибұтов және басқалар сөз сөйледі. Олар Қазақ­станның стратегиялық бағдары мен ұзақ мерзімді болашақты жоспарлау көк­жиегін кеңейтудің негізгі бағыттарын айқындап бер­­ген «Қазақстан-2050» Стра­те­гия­сының зор маңызы мен тарихи си­патын атап көрсетті. Сонымен бірге, саяси дамудың өзекті проб­ле­малары талқыланатын беделді пікірталас алаңдарының рөлін арт­тыру қажеттігіне баса назар аудар­ды. Конгрестің ресми бөлімі аяқ­талған соң саясаттанушыларға «Саяси про­цесті болжау және мо­дельдеу: саяси ғы­лымдар сала­сындағы талдамалық және сарап­тамалық жұмыстардың прак­­­тикалық қырлары» және «Саяси пікір­талас мәдениеті: за­ма­науи нысандары мен әдістері» деген тақырыптарда прак­тикалық тренинг өткізілді. Іс-шара қорытындысында елі­міздің саясаттанушылар қоғам­дастығына ұсы­ныстар берілген қарар қабылданды. Атал­ған құ­жатта халықтың қазіргі заман­­ғы саяси үдерістер туралы хабар­дар­­лығын арттыруға жағдай жасау, саясат­­танушылардың жобалары мен саяси ғылымдар саласындағы қыз­мет нәти­­желерінің банкін құру, отандық ғалым­дардың ғылы­ми нәтижелерін тарату сынды өзекті мәселелер көрсетілген. Айта кетейік, іс-шараға Пар­ла­мент депутаттары, Прези­дент Әкімшілігінің, мемле­кет­­тік органдардың, саяси партия­лардың, халықаралық са­рап­шы­лық ұйымдардың, жастар бір­лес­тіктерінің өкілдері, сондай-ақ 150 шақты отандық саясаттанушылар қатысты. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ. Конгресс Лебіздер легі

«Қазақстанның кемесі алға жүзеді»

Юрий Солозобов Юрий СОЛОЗОБОВ, Ұлттық стратегиялар институтының халықаралық жобалар жөніндегі директоры (Ресей). Саясаттанушылар кон­гресінің дәл осы Ас­та­на­дағы Назарбаев Уни­вер­­ситетінде Еуразиялық эко­номикалық одақ құру туралы аса маңызды құжатқа қол қойылар датаның қарсаңында өтуінің сим­воликалық мәні бар. Бұл ел Президентінің сая­си институттарды дамытуға қаншалықты назар аударып отырғанын көрсетеді. Ал аталмыш институттар арасында саяси сараптамалар және саясаттану қоғамдастығының институттары да маңызды рөл атқарады. Жалпы, менің ойымша, Қазақстанның саясаттану қоғамдастығы тәуелсіздік жылдары буыны бекіп, нығая түсті. Соның ішінде саясаттанушылар «балғындық кезеңде жиі шалдығатын» сыңаржақтық ауруынан, батыстық стандарттарды көшіріп алудан айналып өте алды. Саясаткерлер Қазақстанды дамыту мен жаңғыртудың шынайы жолын өз беттерінше іздеп, зерделеді, ал бүгінгі күні осынау бағытты әлем елдері «Қазақстан жолы» деп атап кетті. Осының барлығы билік тарапынан белгілі бір деңгейде жоғары бағаланды. Қазақстандық саясаттанушылар қоғамдастығын әбден қалыптасқан деп айтуға болады. Олар енді құрылымын жетілдіріп, сапалық жағынан өсуі тиіс. Қазақстан өз дамуында «Қазақстан-2050» аталатын ұзақ мерзімді даму стратегиясын жасап отырған аз ғана елдің бірі. Ал, посткеңестік кеңістіктегі осындай ұзақ мерзімді стратегия­лар арқылы даму жолына түскен жалғыз ел. «Қазақстан-2030» Стратегиясы да біздің есімізде. Ондағы міндеттер еңсерілген соң Президент болашақтағы үш онжылдықта атқарылуы тиіс міндеттер жобаланған «Қазақстан – 2050» Стратегиясын ұсынды. Бұл Қазақстанды дамыған елдердің қатарына кіргізуге, оның ішінде әлемдегі дамыған отыз елдің қатарынан орын алуға бағытталған ауқымды стратегия. Стратегияның екінші бір маңызды тұсы – Назарбаевтың оны саяси топтармен, азаматтық қауымдастықтармен жария және ашық түрде талқылап отырғаны. Бұл Президенттің жеке басына емес, елдің тұрақты дамуына қажет дүние. «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру – болашаққа нық қадам. Президент үш онжылдықты алдын-ала жоспарлап, ұсынды. Тек қана Назарбаев сияқты болашақты көре алатын, жаһандану дәуірінде өтіп жатқан бүкіл үдерістерді ой елегінен өткізе білетін, ең бастысы, болашақты басқара алатын адам ғана өз халқына құт әкеледі. Сондықтан, менің ойымша, Қазақстанның кемесі тек қана алға жүзеді.

Ғылыми база құрудың маңызы зор

Акан БижановАқан БИЖАНОВ, Парламент Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы. – Саясаттанушылардың кезекті конгресі «Қазақстан – 2050» Стратегиясының алғашқы қорытындыларын шығаруға арналып отыр екен. Стратегия бойынша ауыз толтырып айтатын қандай жұмыстар атқарылды? – Стратегияның жүзеге асырыла бастағанына жылдан астам уақыт өтті. Біз бұл жиында тек өткенге сараптама жасамаймыз, сонымен бірге, болашаққа міндеттер жүктеледі. Атқарылған істерге келсек, ең бірінші, Жолдаудың Қазақстан халқы тарапынан үлкен қолдауға ие болғанын атар ем. Бұл ең маңыздысы. Екіншіден, үдемелі индустриялық-инновациялық даму, «Бизнестің жол картасы-2020» сынды мемлекеттік бағдарламалар мақсатты түрде жүзеге асырылуда. Ғылыми технологиялар енгізілген соң көптеген мәселелер өз шешімін табуда. Ал, мұның барлығы Елбасының Жолдауында, яғни, Стратегияда анық көрсетілген мәселелер болатын. Сондай-ақ, қоғамда орта буын құруда негізгі рөл атқаратын шағын және орта бизнесті дамыту бағытында да айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде. Саясаттанушы ретінде мен мұны кез келген мемлекет тұрақтылығының негізі дер едім. Осы кезең ішінде еліміздің сот-құқықтық жүйесін реформалау бойынша да мақсатты жұмыстар жүргізілгенін атап өтуге болады. Аталған жүйені толығымен реформалауды қарастыратын бірқатар заң жобасы Парламентке келіп түсті. Бұдан бөлек, ел ішінде Қазақстан халқының бірлігін, республикамыздың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар өз дәрежесінде жүріп жатыр. Мәдени сипаттағы бірқатар мәселелер өзінің оң шешімін табуда. – Болашаққа арналған Стратегияны жүзеге асыруда саясаттанушыларға қандай міндеттер жүктеледі? – Саясаттанушылардың алдында зерттеу жұмыстарын жүзеге асыру барысында зама­науи қауіп-қатерлерді алдын-ала болжай алатын ғылыми база құру жұмысы тұр. Олар сондай-ақ, мемлекетіміздің дамуы мен тұрақтылығына кесірін тигізетін зиянды діни ағымдарға ескерту жасап, ұлтаралық, дінаралық қарым-қатынастарды, жастар саясаты мен мәдени саясатты реттеп отыруы керек. Сондай-ақ, саясаттанушылар қоғамдастығы біріктірушілік зор мәнге ие «Мәңгілік Ел» отансүйгіштік бағдарламасын жүзеге асыруға қатысуы керек деп ойлаймын. Қорыта айтқанда, әлемнің барынша дамыған 30 елінің қатарына қосылу үшін саясаттанушылар өз үлесін қосу қажет.

 Саясаттанушылар – үлкен саясаттың тамыршысы

Камал Бұрханов Камал Бұрханов, Парламент Мәжілісінің депутаты. Елбасы осыдан бір жарым жылдай уақыт бұрын «Қазақстан-2050» Стратегиясын, еліміздің ары қарайғы даму жолын белгілеп берді. Оны саясаттанушылар, сарапшылар, әлеуметтанушылар,басқа да түрлі саланың ғалымдары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бірігіп зерттеуі тиіс. Қай жерде жетістігіміз бар, көзге оқшырайып көрініп тұрған кемшілік қайсы дегенді осы бастан сараптап, қоғамға мәлімдемесе, ертең бес-он жыл өткеннен кейін ол туралы айту орынсыз болады. Біз бүгін Стратегияның бір жылдан аса уақыт ішіндегі орындалу барысын жете талқылау үшін жиналып отырмыз. Мақсат – билікке, қоғамға мағлұмат беру. Бұл жерде талай ұсыныстар жасалатыны белгілі. Біз сол айтылған ұсыныстарға сүйеніп, өз жолымызды түзетіп отыруымыз керек. Сондықтан бүгінгі кездесу маңызды және орынды деп ойлаймын. Стратегияға келер болсақ, оны іске асырушы, ең алдымен Қазақстан азаматы. Яғни, қоғамдағы әрбір адам осының маңызын жете түсініп, болашақтағы дамыған қоғамды жан-тәнімен қалау керек. Қазіргі таңда бізде осыған байланысты үлкен жұмыс орын алды. Өйткені, «Қазақстан – 2050» Стратегиясын халықтың басым бөлігі қолдап әрі оған сеніп отыр. Екіншіден, биылғы Жолдауда Елбасымыз Стратегияға қатысты көп нәрсені анықтап берді. Жеті бес жылдыққа бөліп, қай бесжылдықта не істеуіміз керек деген мәселені айқындады. Тіпті, сол әр бесжылдықтың өзінің мақсаттары мен шешетін проблемалары бар. Бұл жерде Үкімет не істеу керек, қай министрлік не істеу керек, партия не істеу керек, тіпті жергілікті билік не істеу керек деген мәселенің бәрі Жолдауда айқын белгіленген. Жиында осы туралы да әңгіме болады деп ойлаймын. Сонымен бірге, Жолдауда Елбасымыз бір жағынан күрделі, екінші жағынан зор мағынаға ие, көптің көңілінен шығатын «Мәңгілік Ел» идеясын айтты. Ол идеяны қоғам күткен еді. Мемлекетіміздің бес жүз жылдық ғұмыры бола ма, мың жылдық ғұмыры бола ма, ол уақыттың еншісінде. Дегенмен, біз ұрпақтарға осы «Мәңгілік Ел» идеясын мұра етіп қалдыруға мүдделіміз. Түсіне білгенге «Мәңгілік Ел» – үлкен құндылық. Енді осының теориялық, методологиялық жағын зерттеуіміз керек. Осы жұмыстарда саясаттанушылардың да рөлі басым болуы тиіс.