Алматыда Ұлттық кітапханада еліміздің жетекші баспалары мен бірқатар БАҚ басшылары бас қосты. Жиында Қазақстандағы кітап нарығы дамуының негізгі бағыттары, қазіргі жағдайы мен келешегінің даму барысы, елімізде ұлттық кітап шығару және кітап тарату ісі, сондай-ақ кітап оқу жөніндегі өзекті мәселелер көтерілді.
Бұған дейін Астанадағы Академиялық ұлттық кітапхананы басқарып, таяуда Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының тізгінін ұстаған белгілі жазушы, қоғам қайраткері Әлібек Асқаров өз қызметін Алматыдағы отандық ірі баспалардың басшыларын, белгілі қаламгерлерді бір үстелдің басына жинап, зиялы қауыммен кездесуден бастады.
– Бүгінде Қазақстанда 360 баспа тіркелген, – деді Әлібек Асқаров. – Қазір ерінбегеннің бәрі баспагер болып жатқан заманда, кітап басып шығару мәдениеті ақсауда. Безендіруі де жүректі ауыртады. Қаламгер мен оқырман, кітап пен оқырман арасындағы байланыстың үзілуі де кітаптың таралуына әсерін тигізіп отыр. Сіздер қоғамда рухани орта қалыптастыруда кітаптың рөлін, маңызын жақсы білесіздер. Өйткені, ғылым да, білім де, руханият та осы кітаптан бастау алады. Ендеше, кітап оқуды, кітап мәдениетін насихаттайтын көптеген ұтымды шараларды бірлесіп жасау, кітапқа деген оқырман белсенділігін арттырудың жолдарын іздестіру, яғни кітапқа қатысты дүниелерді бәрімізге ортақ дүние ретінде бірігіп шешсек, соған атсалыссаңыздар.
Осылайша жиынның бағыт-бағдары, мақсаты айтылған соң адам баласының ақыл-ойын сақтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде, білім және тәрбие беруде ақылшың да, досың да, сырласың да – кітаптың мәртебесін көтеруде, кітап тарату мен кітап оқыту, кітапханаларды рухани орталыққа айналдыру мәселесінде өзара келелі пікір алмасу диалогы басталып кетті.
Оразбек Сәрсенбаев, Қайнар» баспасының директоры:
– «Бүгінгі аға ұрпақ – мәдениеттің, кітаптың ордасымен біте қайнасып өскен буынның өкілдері. Ол кездері бәріміздің мемлекетке, ұлтқа, кітапқа шын жанымыз ашитын. Ал қазір кітап жөнінде бірқатар мәселелер жиналып, қордаланды. Кітапсіздік деген заман туды. Сол кітапсіздікті пайдаланып, кім көрінген – саудагерлер, пысықайлар оны күнкөріс көзіне айналдырғанын жұрттың бәрі біледі. Өткен жылы тапсырыспен үш кітап алып едік, 27 жыл баспада жұмыс істеп, бірінші рет қараша айынан айлықсыз отырмыз. Өйткені, сенің атыңды, затыңды, еңбегіңді, байырғылығыңды сыйлайтын адамдар азайып бара жатыр. Қызметке, мансапқа қазақ мектебін бітірмеген, қазақтың әдебиетінен, мәдениетінен хабары жоқ адамдар келіп жатыр. Үмітсіз шайтан деген, келген жаңа министріміз ауылда өскен, қазақтың жанын түсінетін жігіт екен, қазаққа жаны ашыса, осы мәселелердің бір ретке келуіне мұрындық болар деп ойлаймын.
Нұрмахан Оразбек, «Қазақстан» баспасының директоры:
– Осыдан төрт жыл бұрын маған әжептәуір баспадан шыққан кітаптарды әкеліп берді. Қарап шығып, кітаптың соншалықты сауатсыз жазылғанына таңғалдым. Бұдан шығар түйін, мектеп оқулықтарын айтпай-ақ қояйық, кітаптың сауаттылығы түзелмей, ұрпақ сауатты болмайды. Олай дейтінім, 2000 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан сарапшылар кеңесін құру жөнінде ұсыныс енгіздім. Яғни, әрбір баспаның бір жылда шығарған өнімін алып, сараптама жасау. Егер кітап өрескел кемшіліктерге жол берсе, заңды құжаттарын кері қайтаруға дейін әрекет жасалғаны ләзім. Болмаса бұл іс оңалмайды. Қазір бас-басымызға бір-бір баспа. Ал бұрындары мемлекеттік бес-алты-ақ баспамен кітап шығып жататын. Бүгінде әркім өз білгенін жасауда. Сондықтан менің жоғарыдағы ұйғарымымды тағы да ұсынсақ. Дұрыс, әркімнің ақша табуға құқы бар. Бірақ, аты кітап екен деп сауатсыз дүниелерге жол бермеуіміз керек. Мұны біз айтпағанда, кім айтады? Бұл мәселені біз көтермегенде, кім көтереді?
Екінші айтарым, байқаймын, ақшалы жігіттер мешіт салып, әкесінің атын шығарып жатыр. Солардың арасынан кітапхана салатын бірлі-жарым адам кездесетін сияқты. Соған байланысты ұсынысым, ауылдық жерлерге арналған шағын кітапхана салудың жобасы жасалса. Өйткені, сіздер кітапхананың ерекшеліктерін білесіздер, ал сәулетшілер болса, көбірек қаражат алуға үлкен жоба ұсынады. Осы жағын ескере келе, шағын ауылдарға арналған жобаны Суретшілер одағымен бірлесіп жасап, кітапхана салғысы келетіндер сатып алатындай бағасын көрсетіңіздер. Бұл да кітапты халыққа жақындатудың әдісі болмақ.
Бексұлтан Нұржекеев, «Жалын» баспасының директоры:
– Мен білетін Ұлттық кітапхананың жақсы дәстүрі бар. Мәселен, Оразбек Сәрсенбаевтың шығармашылығы жайлы білгіңіз келсе, мақаласынан бастап кітаптарының қай жылдан жарық көргеніне дейін библиографиясы жасалып, дайын тұр. Мұндай тиянақты жұмыс біздің ғылыми институттарда жоқ. Мысалы, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында қаншама ғылыми мақала жазылады, соның есебі жоқ. Оларды оқып, сұрыптайтын тетік жасалмаған. Міне, Ұлттық кітапхана өзінің осы дәстүрін әрі қарай жалғастырса. Бұл оқырманға да, авторға да, кітапханаға да өте тиімді. Ендігі бір мәселе, кез келген жазушы жаманды-жақсылы кітабын шығарады. Шығарған соң қуанып, жұртқа танытқысы келеді. Сол таныстырылымды жасайтын кітапханадағы дәстүр соңғы кездері бәсеңдеді. Соны дамытсаңыздар. Тұсаукесер жасайтын автордың баяндамасын, оқырмандарды, БАҚ өкілдерін шақыруды кітапхана, ал шай-пайын ішіп, еркін әңгімелесуге сол тапсырыс беріп отырған автордың өзі жасаса. Міне, сонда бір-бірімізбен анда-санда болса да дидарласып, кітап жөнінде пікірімізді айтамыз. Демек, Ұлттық кітапханадағы мұндай кездесулер ұлт зиялыларының басын қосатын орталыққа айналар еді.
Кәдірбек Сегізбаев, жазушы:
– Нұрағаңның сөзі өте орынды. Қазір неше түрлі кітап шығып жатыр. Қалайда кітап шығаруда шектеу болу керек. Бұрынғы кездері республикалық «Кітап жаршысы» деген газет шығатын да, содан қандай кітап жарық көргенін біліп отыратынбыз. Мүмкін осы басылымды қайтадан жаңғыртып, кітапхана жанынан, болмаса бір газеттің қосымшасы ретінде шығаруға болар. Осыны ойлансақ. Онда тек кітаптың тізімі ғана емес, соның төңірегіндегі мәселелер көтерілсе. Қазақстандағы он мың кітапхананың өзі жазылса да, жаман тираж болмайды деп ойлаймын.
Жұмабек Кенжалин, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры:
– Шынын айту керек, бүгінгі біздің қоғамдағы үлкен мәселе – қазір кітап оқымайтын ұрпақ өсіп келе жатыр. Үлкені де, кішісі де ақпаратты сайтқа кіріп, интернеттен алады. Мәселен, біздің буын кезінде «Менің атым Қожаны» қалай оқыды, ал қазіргі жастардың солай оқитынына күмәнім бар. Менің айтайын дегенім, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде әр студент 100 кітапты оқу жөнінде бастама көтерілді. Мен қатты қуандым. Бұл жоғарыда мен айтқан мәселеден туындаса керек. Алдағы уақытта осында отырған зиялы қауым, баспагерлер өздеріңізге одақтас етіп Қазақстанның жоо, осыған ыңғайлас қоғамдық мекемелердің басын біріктіретін діңгек болып, жастарды рухани әлемге жақындатуға жол көрсетіп, атсалыссаңыздар. Біздің жас кезімізде оқырмандар конференциялары жиі өтетін. Сол ұмыт қалған дәстүрді дамыту керек. Ақпарат құралдары осы мәселені қолдаймыз.
Жұмабай Шаштайұлы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы:
– Сауаттылық жайлы айтып жатырсыздар, рас, кейінгі ұрпақтың сауаттылығына деген өлшем өте төмендеп кетті. Мысалы, мен газетте көп жылдар істеп келіп, радиодағы журналистердің сауатына таңғалатынмын. Бірақ, радио ғой деп ойлайтынмын. Қазір енді газетке келген кейінгі толқындардың көпшілігі бірыңғай сауатсыздықпен ауырған. Сауатсыздықтың шегіне жеткендігі сонша, мақаланы редакциялап жатсаң былқ етпейді. Солай болуы керек сияқты. Ынсап пен қанағат сезімі жоқ. Не болса да тақияларына тар келмейді. Біздер алғаш журналистикаға келіп, жұмысты бастағанда Әбіраш Жәмі
шев, Сарбас Ақтаев сияқты қаламгер ағаларымыз жазған мақаламызды жеріне жеткізе жөндейтін. Оған кейде ашуланатынбыз. Қазір қазақтың кітапқа деген қарым-қатынасы да дәл солай. Кез келген жиынға барсаң «кітап шығару керек» деп жатады. Сонда ол кітапты не үшін шығару керек? Мектеп бітіргендеріне жиырма жыл болса да кітап шығару керек. Әкесіне ас берсе де кітап шығару керек. Біреу қайтыс болса да кітап шығару керек. Ал соны айтқандардың өзінің үйінде кітап жоқ. Қазір жалпы қазақтың көбісінің үйінде кітап жоқ. Осыған қазақ халқының билік басындағылары болсын, зиялылар, жергілікті басшылар болсын, қабырғалары қайыспайды. Ең қауіпті жағдай, ауылдағы қазақтың қарапайым отбасы ғана емес, мұғалімдердің отбасы да кітап оқымайды. Оның қауіпті құбылысқа айналғаны сонша, бұрындары үйге келген адам сөредегі кітапқа көз салатын. Сол кітаптың ішінен өзін қызықтырған кітапты алып ақтаратын. Қазір байқаңыздаршы, бір адам кітап қарамайды.
Нұртөре Жүсіп, «Айқын» газетінің бас редакторы:
– Ағаларымыздың кітапхана мәдени орталық болса деген ұсынысын қолдаймын. Баяғыда естеріңізде болса, халық университеттері жұмыс істейтін. Әуезовтің үйінде аядай жерде басы Әлкей Марғұланнан қазақтың қаншама зиялы, ірі қайраткерлері кездесу өткізіп, жабық тақырып дейміз бе, айтуға, жазуға болмайтын нәрсені сол жерде айтатын. Сол жерден бәріміз тағылым алып өстік. Қазір барлық нәрсенің есік-терезесі жабылып келе жатқан заман. Жария ететіні, етпейтіні бар, артық сөз айтуға болмайды. Баяғыда Оралхан ағамыздың оқырмандармен тағылымы зор кездесуі өтті. Ол таспаға түсірілді, «Қазақстан» телеарнасының мұрағатында болуы керек. Сол сияқты әдемі кездесулерді телеарналармен келісіп өткізіп, кейін интернет кеңістігіне салсаң, сол жерден жұрт көріп, тыңдай алады. Сондықтан Ұлттық кітапхананың интернет сайтын осы жағынан дамытып, кездесулер, шығармашылық кештер, сұхбаттар қойылатын болса, кітап оқымай жүрген балаларды планшет, телефон, сайт арқылы да тартуға болады. Қазір ұрпақ кітап оқымайды деп өкінішпен сөз айтамыз. Оқыта алмай жүрген өзіміздің де кінәмізді мойындауымыз керек. Әркім өзінің отбасына ие болып, кітап оқытуды әдетке айналдыратын болса, бұл мәселенің шешімін табуға болар.
Қонысбек Ботбай, «Қазақпарат» баспа корпорациясының президенті:
– Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультеті жыл сайын кітап күні шарасын өткізеді. Былтыр да өтті. Сол шарада бүкіл баспа авторлары оқырмандарымен кездесу өткізіп, кітаптарын да сатқызады. Студенттер біршама кітап сатып алып жатады. Міне, сол үрдісті жылына бір рет емес, бірнеше рет маусым сайын өткізсе. Біз бүкіл баспалардың өнімдерін шығарсақ, оған кітап қорлары жетеді. Демек, кітап сатуды ұйымдастыру баспаға да, оқырмандарға да пайдалы болар еді деп ойлаймын. Сондай үрдіс осы кітапхана жанынан да ұйымдастырылса. Оған баспа басшылары ғана емес, авторлар да қатысып, қолтаңба берсе, кітапхана жұмысын жандандыра түсер еді. Тіпті, министрдің өзін осындай шараларға қатыстыру керек.
Кәмилә Әмірова, ҚР Ұлттық Кітап палатасы директорының орынбасары:
– ҚР Ұлттық Кітап палатасы баспалардың кітап шығару қарқынымен қатар, шығарылған кітап өнімдерінің сапасын да қадағалайды. Бүгінде кітапқа қойылатын талаптар көбейіп, сапа артып келеді. Бұл – заман талабы. Осы орайда, Кітап палатасы кітап шығару ісіне қойылатын талаптарды ескере отырып, жаңа стандарттар дайындауды қолға алды.
2014 жылдың шілде айында «Басылым. Шығарылым мәліметтері. Жалпы тәртібі мен ресімдеу ережелері. ҚР СТ» стандарты іске қосылады. Сонымен қатар, «Қазақ тіліндегі сөздер мен сөз тіркестерінің қысқартылуы. Жалпы тәртібі мен ресімдеу ережелері. ҚР СТ» стандартының жобасын да көп ұзатпай, ұсынуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, халықаралық стандарттарды (ISTC, ISRC) дайындау және олардың отандық кітаптарда ресімделінуі келешекте аталмыш мекемемен қадағаланбақ.
Дидахмет Әшімхан, «Түркістан» газеті бас редакторының орынбасары:
– Бүгінде кітап оқымайтын, кітапты құрметтемейтін ұрпақ өсіп келе жатқаны хақ. Десек те, кітапты оқытудың әртүрлі жолдарын қарастыруымыз керек. Менің он жылдан бергі арманым, оны газетке де жаздым – қаламызда кітап пен қаламға ескерткіш орнатылса. Көз алдарыңа елестетіңіздер, беті ашылған аппақ мәрмәр кітап пен аппақ қауырсынды қалам. Кезінде оны Жазушылар одағына ұсынамын деп, ескерткіштің эскизін де жасаған едім. Көріп жүрсеңіздер, Алматыда Райымбек көшесінің бойында тұғырдың үстінде мәшине, тағы бір көшеде мотоцикл де тұр. Өскеменде араға да ескерткіш орнатылған. Бүгінгі өркениетте қалам мен кітаптың маңызы, рөлі өте жоғары. Міне, сол ескерткішті кітапхананың алдына қойсақ. Дап-дайын орын тұр. Күн сайын осы алаңнан өтетін адам кітапты көріп, қауырсын туралы ойланады. Осы мәселені Алматы қалалық әкімдігіне барып, шет жағасын айттым. Бірақ, оны тыңдайтын құлақты көре алмадым. Бұл идеяны зиялы қауым қозғау керек сияқты. Ендеше, бұл ойымды қажет деп тапсаңыздар, қолдасаңыздар осы мәселені қозғайық.
Әшірбек Көпішев, «Өнер» баспасының директоры:
– Кітаптың рөлі туралы айтқанда, бұл саладағы шетелдік жүйелерді де зерттеуіміз керек. Ол не үшін керек? Кітапхана, меніңше, ұлттық ірі идеологиялық мәдени орталық. Ол бұрын да солай болған, келешекке де керек. Сондықтан, Әлеке, мекеме басшысы, белгілі қаламгер, қайраткер ретінде кітапхананы мәдени орталыққа айналдыруға мұрындық болсаңыз. Ол үшін мықтап ойласқанымыз жөн. Халық мұнда келіп пікір алысуы, ой бөлісуі, сөйтіп қоғамдық пікірді қозғауы керек. Біз партия емеспіз, саясатпен айналыспаймыз. Жалпы кітап саясатына – жазушы, баспагер, БАҚ кіретіндіктен, орталыққа айналдырсақ ұлттық идеялар мен ұлттық идеологияның өзекжарды, от қарып тұрған проблемаларын талқылап, қоғамға тұжырымдама жасап, ұсына аламыз. Сондай-ақ, осы орталық арқылы кітаптың тағдыры, қаламақы, т.б. орталық арқылы көтерсек, пәрменді болмақ.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы, ғалым Сағатбек Медеубеков:
– «Отбасында, мектепте кітаптың бетін ашпай келген бала, студент атанғаннан кейін кітаптың бетін ашады деп ойламаймын. Осы ретте журналистика факультетіне арман жетелеп келген балалардың ішінде «100 кітап, 100 оқырман» деген бастама көтердік. Әр кафедрада, әр топта бір студент жүз кітапты оқып бітіруі керек деген ойды бекіттіріп, ай сайын шығатын университеттің газетінде сол жөнінде ақпараттар беріліп тұрады. Бұл жақсы дәстүр болды. Студенттерді міндеттесе оқиды екен», деп өз ойын бөліссе, белгілі ақын,
«Жазушы» баспасының директоры Есенғали Раушанов өмірден өткен ақсақалдарымыздың арамыздан кеткені өкінішті екенін, бірақ сол кісілердің қай-қайсының да керемет кітапханалары барын, енді солардың кім көрінгеннің қолында кетіп жатқандары барын, кейбірінің саяжайда, кейбірінің жер төледе шіріп жатқандарын тілге тиек етті. «Мысалы, Әбу ақсақалдың керемет кітапханасы бар еді. Кешегі Қадекең мен Тұмағаның кітапханалары қандай! Әубәкір Нілібаевтың кітапханасы ше? Бұл енді кітапхана миссиясына кіре ме, кірмей ме, білмеймін, бірақ аздап болса да қаражатын төлеп, сол кітаптарды кітапхананың қорына алуды болашақта ескерсеңіздер» деген ой тастады.
Сондай-ақ, баспагер
Дидар Құлкенов: «Мерекенің баспалар үйі» жанынан қыркүйек-қазан айында екі айда бір рет шығатын «Қазақ кітабы» журналы дайындалып жатқанынан хабардар етті. «Онда елімізде шығып жатқан кітаптардың аннотациясы, мұқабасы, автор жайлы мәліметтер болмақ» деді.
Міне, осылайша, тоқсан жылдық тарихы бар қара шаңырақта келелі әңгіме өтті. Келісіп пішкен тон келте болмайды. Жиынды қорытып, басқосуға келіп, өз ой-пікір, ұсыныстарын ортаға салған зиялы қауым өкілдеріне ризашылығын білдірген кітапхананың жаңа басшысы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқаров өз тарапынан да ізденістерін айтып, қайткенде кітапхананың жұмысын жандандыруға бар күш-жігерін салатынын жеткізді.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».