Қаржы • 07 Шілде, 2022

Криптобиржада сауда жасаңыз

133 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Атын естісек үрке қарайтын криптовалютамен сауда-саттықты енді өз елімізде еркін жасауға болады. Ол үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелген кез келген екінші деңгейлі банктен заңды шот ашып, инвестор ретінде криптовалюталарды сатып алып, қайта сатып, түрлі операцияларды орындау жеткілікті. Кейін қоржыныңызға түскен крипто-кірісті кәдімгі ақшаға айналдырып, шотыңызға жібере аласыз. Ол үшін сізге банк көмектеседі.

Криптобиржада сауда жасаңыз

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Криптоиндустрияны және блокчейн-технологияларды дамыту бойынша ша­ра­лар аясында арнайы жұмыс тобы қазақ­стандық екінші деңгейлі банктер мен «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) криптобиржасының өзара ын­ты­мақтастық ережесін бекітті. Жұмыс то­бына Цифрлық даму министрлігі, Ұлт­тық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Қаржылық мониторинг агенттігі, Қазақстан Қаржыгерлер қауым­дастығы, АХҚО және банк пен цифрлы активтер нарығының бірқатар қатысушысы енген. Сөйтіп, осы бағыттағы қанатқақты жоба ресми түрде басталды.

Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин­нің айтуынша, криптоиндус­трия де­геніміз тек майнинг емес, оның құрамына криптобиржа, цифрлы валюта, цифр­лы әмиян және өзге де блокчейн-технологиялар кіреді.

«Бұл да – біздің экономикамыздың пайдасына жұмыс істей алатын және жұ­мыс істеуге міндетті салалардың бірі. Біз криптобиржадан да пайда табуымыз керек, бұл қаржылық технологияларды дамытудың келесі деңгейі. Қазақстанның электр энергиясын пайдалана отырып өндірілген цифрлы активтер жергілікті криптобиржада максималды түрде сау­далануы және табыс елде қалуы үшін толыққанды экожүйе құру керек. Оның үстіне бізде АХҚО сияқты алаң бар», деді Б.Мусин.

АХҚО криптобиржасы мен қазақстан­дық екінші деңгейлі банктердің ынтымақ­тас­тығы – Қазақстанның өңір­лік крипто-хаб ретіндегі әлеуетін дамыту үшін тиісті реттеушілік базаны қам­тамасыз етуге ба­ғытталған қанат­қақты жоба. Сондықтан жыл соңына дейін қанатқақты жоба ре­тінде жұмыс істейді. Оған АХҚО-ның қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитетінен лицензия (цифрлық активтер платформасын басқаруға арналған ли­цензия) алған криптобиржалар қатыса алады. Жақын арада жоба ережесі қар­жы орталығының ресми сайтында жария­ланбақ.

Егер жоба сәтті жүзеге асса, онда тиісті заңнамаға және АХҚО-ның актілеріне өзгеріс енгізіледі. Мамандардың айтуынша, бұл жобаның тиімділігі – Қазақстан Республикасында цифрлы активтер саудасын ұйымдастыруға мүмкіндік беріп, сондай-ақ бөлшек және кәсіби инвес­торлар құқығын қорғауды қамтамасыз ететіндігі.

«Қаржы орталығының қаржылық қыз­меттерді реттеу бойынша комитеті – Қазақстандағы қаржы-техникалық ком­паниялардың қызметін реттеумен айна­лы­сатын бірден-бір орган. АХҚО-да жұ­мыс істегісі келетін қаржы-техникалық ұйымға лицензия бермес бұрын біз терең әрі мұқият тексеру жүргіземіз, әрі қарай оның қызметіне байланысты тұрақты қа­дағалау жасаймыз. Мақсатымыз – клиент­тердің сеніміне ие сенімді және тұрақ­ты компаниялар ғана әрекет ететін орта құру», дейді Қаржылық қызметтер көр­сетуді реттеу жөніндегі комитеттің бас директоры Нұрхан Көшімов.

Міне, сөйтіп, қазақстандықтардың криптовалютамен ресми жұмыс істейтін де кезі келді. Криптобиржаға кіру үшін АХҚО-да тіркелген екінші деңгейлі банк­тердің бірінен заңды шот ашылуы керек. Кәсіпкер сол шоты арқылы ақша аударымын жасап, криптовалюталар сатып алады және онымен биржада түрлі операциялар жүргізеді. Сонымен бірге инвес­тор түскен табысты өз шотына кәдімгі ақша күйінде де аудара алады. Ондай жағдайда банк транзакция бойынша делдал қызметін атқарады.

Мемлекет неліктен мұндай қадамға барды? Яғни неге криптовалютамен сауда жасауды ресмилендіруге көшті? Блокчейн және дата-орталық индустрия­сы қауымдастығының мемлекеттік ор­ган­дармен байланыс бойынша аға үй­лес­тірушісі Сергей Путраның сөзіне қарағанда, үкіметтің бұлай келісім-қада­м жасауына бірнеше себеп бар.

«Біріншіден, біздің елде әлемдік май­нингтің 6-8 пайызы өндіріледі. Сон­дай-ақ кейбір қазақстандықтар қазірдің өзінде түрлі цифрлы активтерді белсенді түрде сата бастады. Сарапшылардың айтуынша, ондай мәмілелер құны миллиондаған долларға бағаланады. Тағы бір себеп – алаяқтық. Азаматтарымыздың криптовалюта орнына бос нәрсені сатып алу жағ­дайлары да жиі кездеседі. Жаһандық үдеріске қарасақ, криптолардың айналымы – бүкіл әлем бойынша күн сайын болып жататын миллиардтаған доллардың сауда-саттығы. Бұл айналымнан Қазақстанға 1 пайыз кіріс түсер болса, мұның өзі – үлкен ақша. Ол бізге инвестиция түрінде келіп, салық, жұмыс орны, жалақы күйінде қалады. Бұл – үлкен индустрия», дейді С.Путра.

Цифрлық дамыту вице-министрі Жаслан Мадиевтің айтуынша, Қазақстан­ның криптохаб болуға мүмкіндігі жоғары.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында қазір ми­нистрлік Мәжіліс депутаттары бас­тама етіп көтерген «Цифрлық активтер туралы» заң жобасымен жұмыс істеп жатыр. Бұл заң жобасы қанатқақты жо­баның барлық артықшылықтары мен кемшіліктерін ескеріп, цифрлық эко­жүйе­нің кешенді дамуы жолындағы жағымды реттеуге жағдай жасамақ. Біздің елде осы бағыттағы адами капитал жақсы дамып келеді. Біз сонымен қатар блокчейн технологияларды белсенді түрде алға жылжытып отырмыз. Қазір мемлекеттік қызмет көрсету саласына блок­чейнді енгізіп жатырмыз», деді Ж.Мадиев.

Қаржылық мониторинг жасау агенттігі субъектілермен қаржылық мониторинг жұмысы жөніндегі департамент басшысы Ғабит Лесбековтің пікірінше, цифрлық тех­нология – орталықсыздандырылған жаңа технология, сондықтан қаржыны жым­қыруға қатысты тәуекелі де жоғары. Ал банк саласы – қаржыны жымқырумен кү­ресте өте белсенді қатысушылардың бірі.

«Бүкіл күдікті операциялар туралы ақпараттың 95 пайызын біз екінші дәрежелі банктерден аламыз. Олардың осы мәселе бойынша тексеру жүйесі өте сапалы түрде жақсылап жолға қойылған. Тек оларға цифрлық технологиялардың ерекшеліктерін түсіну керек. Сол себепті біздің талаптарды жіті қадағалау арқылы операцияларды жүзеге асыратынына еш күмәніміз жоқ. Бұл қанатқақты жоба криптоиндустрияның әрі қарайғы дамуы­на және Қазақстанның инвестициялық тар­тымдылығын арттыруға жақсы мүм­кін­дік береді деп сенеміз», дейді Ғ.Лесбеков.

Сарапшылардың пайымынша, крип­тоиндустрияны дамытуға банк жүйесі көп көмегін тигізуге тиіс. Жақын ке­лешекте криптобиржа мен қаржы инс­ти­туттарының серіктестігі отандық қар­жы секторын жаңа белеске шығарады, ал тұтынушылар мен инвесторлар үшін қолайлы қаржылық ахуал қалып­тас­ты­рады деген үміт бар. Осы жобаның жолға қойылуы кезінде көрініс берген бірден-бір жылт еткен қуаныш, ол – басқа ел майнерлерінің де еш алаңсыз Қазақстанға келе алуы, сөйтіп отандық экономикаға тың инвестиция тарту мүмкіндігі.