Суретші Қалилолла Ахметжан шығармашылық ізденіс жолында импрессионизмнен бастап, жапондық графиканың техникасына дейін сан алуан бағытты қамтыды. Өзіне ерекше ұнағаны ХІХ ғасырда Франция елінде қарқынды дамыған «пуантилизм» стилі. Сол стильде жазған шығармалары өзінің ерекше сезімталдығымен, нәзік әрі таза мөлдірлігімен оқырманды бірден баурап алды. Бұл оның «Толқын шашып шапқан ат» туындысында көрініс тапқан.
Дәл осы туындыларда суретші табиғаттың бастапқы сұлулығы мен шынайылығын сақтап қалғандай. Қаламгер шығармашылығының басты тақырыбын мәңгілік шабыт көзіне арнайды. Сол әлемде өзі еркін қалып демалады, тыныштықпен жалғыз үндеседі, арманы жүйріктей алысқа шабады. Оның бейнелеген табиғатының әрбір көрінісі, жазық дала, орман, тау бөктері, жүйрік тұлпар болсын ерекше махаббатқа толы. Қолданған түстерінің қосындысы бір-бірімен үйлесім тауып, тепе-теңдігін сақтай келе, жарық пен көлеңкенің айырмашылығын оңай шешеді.
Форманы іздестіру нәтижесінде қылқалам иесі өзіне ғана тән кескіндемелік техникасын құрастырды. Суретшінің негізгі қызығушылығы, қозғаушы күші мен кенептерінің басты өзгешелігі – түс пен форма. Сол арқылы композицияға ерекше жарық береді.
Негізінен қылқалам шеберінің бейнелеу стилистикасы француз кескіндемесін еске түсіреді. Десе де ол басқа жанрлармен қазақ сәндік-қолданбалы өнерін біріктіру арқылы ортақ композиция жаза алды. Олар нәзік гамма арқылы ерекшеленеді. Түс арқылы кеңістік пен жарықтың, бояулардың қайталануы шашыраңқы болғанымен, шығармада біртұтастылық, үйлесімділік жоғалмайды.