Тарих • 07 Шілде, 2022

48 мың жыл бұрынғы тіршілік

351 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің қорғау аймағындағы Боралдай тауының Тұттыбұлақ үңгірінде жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде 48 мың жыл бұрынғы тіршілік белгісі анықталды. Бұған дейін ғалымдар үңгірден алынған топырақ пен күл қалдықтарының 41 мың жылдық тарихы бар деп топшыласа, Германияда жүргізілген зертханалық сараптама нәтижесінде оның 48 мың жылдық тарихы бары нақтыланды.

48 мың жыл бұрынғы тіршілік

Бұл көрсеткіш әлемдік сенсациялық жаңалық әрі қазақ археологтерінің нағыз ғылыми жетістігі деуге болады. Оған себеп, ерте дәуірдегі топырақ қал­дық­тарының жасын цифрландыру тәжі­рибесі әлемде ең алғаш рет жүзеге асты. Ғылыми жаңалықтың нәтижесіне қол жеткізу жұмыстары бір жыл бойы жүргізілді.

Биылғы зерттеу нәтижесінде алғаш­қы қауымдық құрылысқа тән адамның бас сүйек бөліктері, оның ішінде азу тісі және аюдың тісі мен өзге де аңдардың қаңқа қалдықтары анықталған.

Бұған дейін де бірқатар әлемдік деңгейдегі экспедицияларға қатысып, ғылыми жаңалықтардың ашылуына атсалысып жүрген Германиядағы Тю­бин­ген университетінің докторы Раду Йовита соңғы кездері Орталық Азияға қы­зығушылығы арта бастағанын айтады.

«Үңгірлерді зерттеу біз үшін өте маңызды. Үңгірлерде адам мен жан-жануар қалдықтары жақсы сақталады. Біз сол жерден алынған үлгілер арқылы ДНҚ-сараптама жасаймыз. Осылайша, онда қандай адамдар өмір сүргенін анықтаймыз. Қазақстандағы үңгірлер қаншама тарихи орындарды қойнауына жасырып жатыр. Бір ғана Қаратау жота­сының әрбір тасы тұнған тарих», дейді германиялық археолог Раду Йовита.

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің Ғылыми-зерттеу орталығы бірнеше жылдан бері табанды түрде еңбек етіп келеді. Нәтижесінде, көптеген ғылыми жетістіктерге қол жеткізіп, таңғажайып жаңалықтарға жол ашты.

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі мен Германияның Тюбинген университетімен жасалған халықаралық келісім-шарт негізінде 2017 жылдан бері Palaesilkroad жобасы бойынша Қазақстан аумағындағы палеолит ескерткіштерін іздестіру мақсатында жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарының қосалқы жетекшісі – музейдің бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, академик Жәкен Таймағамбетов.

«Тұттыбұлақ үңгіріндегі зерт­теу жұмысы 1959 жылы бастал­ған. Қа­зақ­стандағы тас дәуірі архео­логия­сының негізін қалаушы, алғаш­қы қазақ археологтерінің бірі, ғалым Хасан Алпысбаев бұл үңгірді тапқанымен жал­ғыз өзінің қазуға мүм­кіндігі болмады. 2018 жылы Palaesilkroad жобасы аясында Тұтты­бұлақ үңгірінде жүргізілген зерттеу жұмыстары нәтижесінде күлдің қалдығы, тас құралдар және адамның жақ сүйегі табылды. Жақ сүйек алғашқы адам болуы да мүмкін. Қазіргі таңда жақ сүйек Германиядағы зертханада анықталуда. Ал күлдің қалдығына қарап ошақ пен отты пайдаланған адамзат баласының сол кезеңде осы жерде де тіршілік еткенін айтуға болады. Бір қуанарлығы, әлемдік сенсация деуге де әбден болады, кеше Германия зертханасынан күлдің қалдығы 48 мың жылдық екені нақтыланды. Тұттыбұлақтың Қазақстанда алғашқы қауымдық құрылыс адамдары тіршілік еткен ең көне үңгір екені анықталып отыр. Бұл әзірге нақтысы ғана. Әрі қарай зерттеген сайын одан да терең  табыстарға қол жеткізуіміз мүмкін», дейді Жәкен Таймағамбетов.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі Ғылыми зерттеу орталы­ғының ұйымдастыруымен музейдің бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, академик Жәкен Таймағамбетов бастаған қазақ-орыс, қазақ-неміс, қазақ-жапон халықаралық экспедициялары Қаратау жотасынан бұрын-соңды белгісіз болып келген палеолит дәуіріне тиесілі 85 үңгірді анықтаған болатын.

Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Қырғызәлиев тарихи-киелі орындарға бай ауданның туристік бағыты алдағы уақытта тағы да бір жаңа орынмен толығатынына сенім білдірді.

«Ауданымыздағы Бәйдібек ата, Домалақ ана, Қос ана кесенелері мен Ақмешіт үңгірі сынды тарихи орындар елімізбен қатар алыс-жақын шетелдік туристердің де ерекше қызығушылығын тудыратыны жасырын емес. Тұттыбұлақ үңгірі де болашақта алғашқы қауымдық құрылыс адамдарының тыныс-тіршілігі мен жүріп өткен жолдарын нақты деректермен танытуға лайық орын ретінде өз келушілерін тартады деп ойлаймын. Бұл жоспарды іске асыру болашақтың еншісінде. Ғалымдар зерттеу жұмыстарын толық аяқтап, ғылыми деректерге көптеп қол жеткізген соң музейлендіру жобасы жүзеге асады», дейді Бақыт Қырғызәлиев.

Археологиялық қазба жұмыстары халықаралық жоба болғандықтан мұнда Ұлттық музей қызметкерлерімен қатар Испания, АҚШ, Грекия, Германия секіл­ді елдердің зерттеушілері, ғылым док­торлары бар. Сондай-ақ Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университетінің сту­денттері де белсене атсалысуда. Екі археолог палеолит дәуіріне қатысты док­торлық диссертациясын шетелде қорғайды.

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі мен Тюбинген университетінің археолог мамандарынан жасақталған экспедиция Қазақстан аумағындағы палеолит ескерткіштерін іздестіру, зерттеу жұмыстарын Түркістан, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында жалғастырады.