Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзовтің айтуынша, бүгінгі таңда облыстағы қала сыртындағы 11 сауықтыру лагерінің 8-і кестеге сәйкес жұмыс істеп тұр. Ал өңірде 10 аудан бар екенін ескерсек, 8 сауықтыру орны арқылы барлық ауданда мәселе жергілікті деңгейде шешімін таппағанын түсіне түсеміз. Басқарма басшысы келтірген деректерге көз жүгіртсек, аз қамтылған отбасылардың жоспарланған 7 683 баласының 2 864-і немесе 37,2%-ы қамтылды. Сондай-ақ 390 мектеп жанындағы жазғы лагерьлерде 31 940 бала қамтылған. Әлбетте, айта берсек, көңіл көншітерлік цифрлар баршылық. Дегенмен...
Жазғы сауықтыру кезеңіне үш бірдей лагерь атсалыса алмады. «Кооператор» лагері күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты балаларды маусымдық сауықтырудан сырт қалса, «Бәйтерек» лагері конкурс нәтижесіне сәйкес, «Рауан» лагері Қырғыз Республикасынан алатын электр энергиясына байланысты жұмысын жүйелемеген. Бір сөзбен айтқанда, жекеменшік үш лагерь осылайша өз міндеттерін орындамаған.
Жалпы, өңірде халқының саны жағынан ең үлкен үш ауданның қатарына Шу ауданының да енетіні баршаға мәлім. Тоғыз жолдың торабында тұрған аудан қай жағынан алып қарасақ та, өзге аудандардан кем түспеуі керек еді. Алайда Шу өңірінде қалыптасқан жағдай көңіл көншітпей тұр.
Аудандық білім бөлімінің әдіскері Индира Инкибаеваның айтуынша, өңір оқушыларының 95,5 пайызы мектеп жанындағы және қала сыртындағы жазғы сауықтыру және демалыс шараларыман қамтылған екен.
«Жалпы орта білім беру мекемелері жанындағы 10 күндік сауықтыру алаңдарында 2 038 бала қамтылды. Қала сыртындағы жазғы сауықтыру демалыс орындарына келсек, аз қамтылған отбасынан шыққан 300 бала Жуалы ауданындағы «Тау самалы» сауықтыру лагеріне жіберілмек. 2 038 білім алушыға 9 млн 171 мың теңге бөлінген (балалардың 1 күндік ақысы 450 теңге). Қала сыртындағы 12 күндік сауықтыру демалыс орталықтарындағы 300 балаға 12 млн 654 мың теңге бөлінген (балалардың 1 күндік ақысы 3 515 теңге). Сонымен қатар Шу қаласында тұратын 4 050 (45,23%) оқушы жазғы демалыста ата-әжелеріне ауылға барған», дейді ол жағдайды түсіндіріп.
Аудандық білім бөлімінің әдіскері келтірген деректерге сенсек, аудандағы С.Мұқанов атындағы жазғы сауықтыру лагері соңғы үш жылдың бедерінде балаларды қабылдауға қауқарсыз болып тұр. Бір сөзбен айтқанда, күрделі жөндеуді қажет етеді. Сондықтан да өңірдің 300 оқушысы алыстағы Жуалы ауданында орналасқан лагерьге аттанбақ. Әлеуеті жағынан өңірдегі көптеген ауданнан көш ілгері тұруға тиіс Шуда дәл осындай мәселенің орын алып отырғаны сан соқтыратыны айтпаса да түсінікті.
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов өңірдегі білім алушылардың барлығы да білім беру ұйымдары қызметкерлерінің назарынан тыс қалмауы керектігін ескертіп отыр. Әсіресе сыртқы сауықтыру лагерьлерінде демалатын балаларға айрықша көңіл бөлінуі керек. Мұны тиісті басқарма басшысы мен аудан әкімдері де назардан тыс қалдырмауы керек.
Халқының саны 100 мыңнан асып жығылатын Шу ауданындағы С.Мұқанов атындағы лагерь келесі маусымда балаларды қабылдауға дайын бола ма, жоқ па? Бұл мәселе аудан әкімі Сәкен Арубаевтың бас ауыртар шаруасына айналуы керек. Өйткені балаларды сауықтыруда жазғы лагерьлердің алар орны бөлек.
Жамбыл облысы,
Шу ауданы