Оқу-ағарту министрлігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, ұлттық құрама сапында 15-17 жас аралығындағы 12 оқушы өнер көрсетті. Олардың барлығы – роботтехника бойынша қазақстандық және халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері.
Бірінші FIRST Tech Challenge – West Midlands жарысы 28 маусымда Вулверемптонда, Уэст-Мидлендс графтығында өтті. Онда қазақстандық оқушылар 10 ойынның 10-ында жеңіске жетіп, үздік өнер көрсеткен командаға берілетін бас төреші аталымының Judges Award жүлдесін жеңіп алды.
1 шілдеде Лондонда FIRST Tech Challenge – South East екінші жарысы өтті. Ойындарға британдық мықты командалардан бөлек, басқа елдерден де келген жасөспірімдер қатысты. Онда оқушыларымыз 10 ойынның 9-ында жеңіске жетіп, І орынды жеңіп алды. Сондай-ақ оқушылар қазылар алқасының екі марапаты – Judges Award және Control Award сыйлығына ие болды.
USTEM Robotics-тің Қазақстандағы және Орталық Азиядағы роботтехника дамыту қорының негізін қалаушы Нұрдәулет Досмағамбет: «Біздің Ұлыбританияға сапарымыз шынымен де тарихи сәтке толы болды. Оқушыларымыздың тәжірибесі бәсекелестерінен бірнеше есе аз болса да, олар өздерін жақсы жағынан көрсете білді және үздік нәтиже көрсетті. Сонымен қатар FIRST бағдарламасының жеке қорында 80 млн доллар стипендиясы бар және роботтехника чемпионатының жеңімпаздары әлемнің жетекші университеттеріне, соның ішінде MIT, Yale және басқа да үздік университеттерге тегін оқуға өтініш бере алады», деді.
Қазақстандық оқушылар бір айға жуық уақытын өз мектептерінің зертханаларында өткізіп, роботтарын құрастыруға арнады. Жас өнертапқыштар робот бөлшектерін өздері модельдеді, содан кейін мектеп шеберханаларындағы 3D принтер мен лазерлік машиналарда жобаларын жүзеге асырды.
Білім бәйгесіне қатысқан оқушы Нұрасыл Бейсенбай ең мықты шетелдік командалармен жарысқанын айтады.
«Роботтехника арқылы әлемді тануға, саяхаттауға және басқа елдердің үздік оқушыларымен кездесуге мүмкіндік алдық. Ұлыбританияға жасаған бұл сапарымыз өз қабілетімізге сенімділік берді. Біз Англия мен Солтүстік Кипрдің ең мықты командаларымен елдің намысын қорғау үшін жарыстық, ал ойындар арасында қарсыластарымызға көмектесіп те тұрдық. Бұл бізге қызықты болды, өйткені бұл жарысқа екінші жыл ғана қатысып жатырмыз. Бірақ ондаған жыл бойы дайындық жүргізген командалардан жақсырақ өнер көрсеттік. Ұйымдастырушылар мен басқа командалардың жаттықтырушыларынан алғыс естігенімізге қуандық», дейді Н.Бейсенбай.
FIRST сайысы Оқу-ағарту министрлігінің оқушылар мен мұғалімдердің қатысуы үшін ұсынған олимпиадалар тізіміне енгізілген. Жыл сайын FIRST демеушілігімен 6 мен 18 жас аралығындағы балалар арасында түрлі жарыс өткізіледі. Әр сайыстың тақырыбы мен тапсырмаларының күрделілігі әртүрлі. Тапсырмалар нақты әлемдік мәселелермен байланысты, мысалы, өнеркәсіптік автоматтандыру, тау-кен өндіру, қалдықтарды өңдеу, ғарышты зерттеу, биомедицина және басқа да маңызды тақырыптар қамтылған.