Астанадан Бурабай курорты және Қарағанды қала маңы аралығындағы темір жол қатынасы жаңа сапалық дүниеге көтерілді. «Қазақстан темір жолы» компаниясының тапсырысы негізінде Ресей Федерациясының Демихов машина жасау зауыты шығарған ЭД9Э сериясындағы «Оқжетпес» және «Сарыарқа» аталатын қазіргі заманғы екі электрпойызы өткен жұмада өздерінің алғашқы жолаушыларын қабылдап алып, оларды жайлы жағдайда қажетті жерлеріне жеткізді.
Бұл ҚТЖ мен ресейлік темір жол жылжымалы құрамын шығарушы арасындағы бірінші жоба емес. 2003 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев дәл осындай алғашқы электр пойызының елордадан еліміздің курортты өңіріне басталған алғашқы сапарына сәттілік тілеп, шығарып салған болатын. Содан бергі уақытта ресейлік жылжымалы құрам шығарушымен арадағы бұл жұмыс тоқтап көрген жоқ. Бұл зауыттан «Қаламаңы тасымалы» АҚ үшін электрпойыздарына арналған 32 вагон сатып алды. Оның 20 вагонын 2010 жылы, 2 вагонын 2011 жылы, 10 вагонын 2013 жылы сатып алып, қатарға қойды.
– Біз жолаушыларды осынау өте жайлы қазіргі заманғы вагондармен сапарға шығуға шақырамыз. Бұл вагондарда жолаушылар қолайына жағатын бірқатар жағымды дүниелер қарастырылған. Вагондар кондиционерлермен, жайлы креслолармен қамтылған. Вагонаралық өтпелі жолдардан бұрынғыдай жел кеулеп тұрған жоқ. Оның үстіне пойыздың қай жерде келе жатқаны жүгіртпе жолдар арқылы жолаушыларға тұрақты түрде хабарланып отырады. Вагонда Wi-Fi жүйесі жұмыс істейді, – дейді «Қаламаңы тасымалы» АҚ президенті Баян Суннатова.
Жылжымалы құрамды шығарушы оның үстіне оның электр қуатын мейлінше аз тұтынуын да қарастырған. Мұның өзі «жасыл экономика» тұрғысынан алғанда төтенше маңызды мәселе болып табылады.
– Қуат үнемдеу технологиялары арнаулы әзірленген электр құрал-жабдықтарын қолдану есебінен электр қуатын едәуір дәрежеде, атап айтқанда, 20 пайызға дейін үнемдейді, – дейді «Демихов машина жасау зауыты» ААҚ коммерциялық директоры Александр Лошманов.
Үстіміздегі жылдың екінші тоқсанында ҚТЖ үшін ЭД9Э электрпойызының 40 вагонын жеткізу күтілуде. Бұл әрқайсысы 8 вагоннан тұратын 5 жылжымалы құрам «Астана – Бурабай курорты» және «Астана – Қарағанды» бағыттарына қойылмақ. Мұның өзі осы аралықтардағы пойыздың қозғалысының жиілігін күніне сәйкесінше 2 және 3 ретке дейін жеткізетін болады.
Осы ретте теміржолшылар Мемлекет басшысының Астана мен Алматыны агломерациялар орталықтарына айналдыру жөніндегі берген тапсырмасын жүзеге асыруға өздерінің де осылайша үлес қосып отырғандықтарын мақтаныш қылатындай. Әрине, жаңадан пайда болатын агломерациялық орталықтар өздерінің экономикалық қуаты арқылы маңындағы өңірлерге де тиімді ықпал ететіндігі түсінікті. Мәселен, халық қозғалысының күшеюімен қатар, осы мәселеде ұтқырлықтың да пайда болуы, пойыздарға қызмет көрсететін жаңа жұмыс орындарының ашылуы Бурабай мен Қарағанды өңірлерінің экономикаға тартылысын одан әрі күшейте түсетіндігі анық.
Айтпақшы, жаңа пойыздар билеттерінің бағасы қызмет сапасының әлдеқайда жақсара түскендігіне қарамастан, осы бағыттағы қалған маршруттар деңгейінде қалып отыр. Мәселен, бірінші сыныпты вагон бағасы – 1 088 теңге, екінші сыныпты вагондікі – 1 013 теңге, үшінші сыныпты вагондікі – 842 теңге.
Сұңғат Әліпбай,
«Егемен Қазақстан».