Пікір • 08 Шілде, 2022

Әр қадамды ойлап жасаған абзал

123 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мұнай – Қазақстан экономика­сының «бел омыртқасы». Оны сындырып алсақ, мұнай-газ секторы ғана емес, тұтас елдің экономикасы зардап шегеді. Біздің экспортқа бағдарланған мұнайдың бәрі Каспий құбыр консорциумы арқылы өтеді. Сондықтан бұл мәселені жедел түрде оңтайлы шеше алмасақ, оның зардабын елдегі 19 миллион халықтың бәрі сезінетін болады.

Әр қадамды ойлап жасаған абзал

Біздіңше, Ресей Каспий құбыр консорциумын тоқтату арқылы төрт түрлі мақсатқа қол жеткізуді көздеп отыр. Бірінші – Еуропадағы шикі мұнайға деген тапшылықты ұлғайту. Еуропа­ның кейбір мемлекеттеріндегі шикі мұнайдың 30 пайызға дейінгі көле­мін Қазақстан қамтамасыз етіп отыр. Екін­ші – Қазақстанды экономикалық тұрғыдан ыңғайсыз жағдайларға итермелеп, өздерінің саяси шешімдерін мойындату. Үшінші – түбінде Каспий құбыр консорциумын жекешелендіріп алу. Төртінші – Қазақстанның мұнай тасымалына кедергі келтіру арқылы шетелдік инвесторлардың біздің на­рық­тан кетуге мәжбүрлеу.

Аталғандардың ішінде соңғысына аса бір қатты мән берілмей келеді. Ал шын мәнінде маңыздысы – осы. Жағдайды реттей алмасақ, әлемдік ал­пауыт компаниялар Қазақстанның мұнай-газ өндірісінен кетуі мүмкін. Ал олардан кейін босап қалған орын­ға Ресей өздерінің компанияларын ұсынуды көздейді. Осы төрт мақсатқа қол жеткізу үшін Ресей тарапы Каспий құбыр консорциумын құрал ретінде пайдаланып отыр. Сондықтан дәл қазіргі уақытта әр қадамды ойлап жа­саған абзал. Экономикалық тұр­ғыдан шығын шексек те, саяси тұр­ғыдан елдің болашағына зиян әке­летін қадамдарға бармаған дұрыс. Асылы алдағы 4-5 жыл көлеміндегі экономикалық қиындықтарға шыдап, тығырықтан шығуға тиіспіз.

Негізі Каспий құбыр консорциу­мы Қазақстанның идеясы екенін ұмытпайық. Біздің ел аталған жобаға инвестор іздеп, қаражат тауып, бір­неше жыл көлемінде тынбай жұмыс істеп, іске қосқан еді. Осы факторды одақтасымыздың дәл қазіргі уақытта ескермей отырғаны өкінішті. Бұдан тиімді сабақ алуға тиіспіз.

Каспий құбыр консорциумына ба­лама жол қарастырылуы орынды. Алайда ұсынылып жатқан жолдардың бәрі Қазақстанның қазіргі уақытта өндіріп жатқан мұнайын экспорттауға, тасымалдауға дәрменсіз. Сонда өнді­рілген мұнайдың қалғанын қайда жібереміз? Ресейді айналып өтіп, Еуро­паға мұнай жеткіземіз десек, қаншама мемлекетпен келісімшартқа отыруымыз керек. Олардың бізге қоятын талабын орындауымыз қажет. Мұның бәрі бір күнде бола қоятын дүние емес. Заңдастыру, келісімшартты талқылау, бекіту сынды маңызды міндеттер тұр. Балама жолды физикалық тұрғыдан салудың өзі айтуға ғана оңай. Бұған 3-5 жыл уақыт керек. Балама жолдарды іске қосуға Қазақстанның ішкі коммуникациясы дайын ба? Мұнай тасымалдайтын теміржолға арналған цистерналар мен су жолына арналған танкерлер бар ма? Біздіңше, бұл да маңызды сұрақ. Өкінішке қарай, біздің ішкі коммуникациямыздың жағдайы өте төмен. Ішкі жағдайымызды реттей алмай жатып, сырттағы елдің сенімін алу қаншалықты дұрыс?!

Біздіңше, дәл қазіргі уақытта біз үшін ең тиімді жол – отандық мұнайды шығысқа қарай айдау. Шығыста екі үлкен мемлекет бар. Олар – Қытай мен Үндістан. Екеуінің де халқы көп. Демек, ондағы тұтыну нарығы да үлкен. Қытаймен келісімге келер болсақ, арамызға басқа мемлекеттер де кіріге алмас еді. Өйткені Қытайдың инвестицияға да, басқа мақсаттарға да жұмсар қаржысы жеткілікті. Қазақстан мен Қытай арасындағы коммуникацияның деңгейі де жақсы. Екі жерден теміржол мен автомобиль жолы өтеді. Құбырымыз да бар. Атасу-Алашанкоу құбырын айтып отырмын. Тек, құбырдың қуатын арттыру маңызды.

Қысқасы, дәл қазір бетпе-бет келіп отырған тығырықтан шығар ең жылдам балама жол – Қытаймен байланыс орнату. Болашақта сауда-саттығымыз жоғары деңгейге өтіп, бір-бірімізге деген сенім күшейетін болса, Қытай арқылы мұхитқа да шығуға мүмкіндік бар. Ұсақ мемлекеттер тоған жағалайды, орташа мемлекеттер теңіз жағалайды, ірі мемлекеттер мұхит жағалайды деген сөз бар.  Мұны ертедегі ғұламалар айтқан. Мұхит арқылы кез келген бағытқа қатынауға болады. Сондықтан бізге мұхит жағалап тұрған ірі мемлекеттермен қатар жүрген дұрыс.

 

Рашид ЖАҚСЫЛЫҚОВ,

экономист,

Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының төрағасы