Жақында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен елорданы одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Президент өз сөзінде елордада Қазақстан бойынша ең жоғары қылмыс деңгейі тіркеліп отырғандығын атап өтті. Сол сияқты Бас прокуратураның таяудағы алқасында прокурорлық тексерулер нәтижесі қылмыстар туралы арыздарды қабылдау мен тіркеу барысында тергеу органдары қызметкерлері тарапынан жіберілетін өрескел заң бұзушылықтар анықталғандығы, тергеу іс-шараларын толық емес және сапасыз жүргізу фактілеріне жол беру жалғасуда екендігі, шешім қабылдау мерзімдері негізсіз, формальді уәждермен ұзартылатындығы, қылмыстық істі қозғаудан бас тарту туралы заңсыз шешімдер шығарылатындығы, іс жүргізушілік шешімдерді оған уәкілеттілігі жоқ лауазымды тұлғалар қабылдайтындығы айтылды.
Жалпы мұндай, яғни Ішкі істер министрлігінің келеңсіз қызметіне қатысты сындар жиі айтылып келе жатқаны белгілі. Ел-жұрт содан бір қорытынды шығады деп күтетіндігі де сөзсіз. Өйткені, олар оқалы киімділер тарапынан көңілді күпті еткен сұрақтарға тың жауап алып, үміт отын ұштай түсеміз деп сенеді. Алайда, ауыр сындар айтылып жатыр. Сондықтан да болар, кеше Орталық коммуникациялар қызметіне келген Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов журналистерге өзінің білгенін жайып салды. Онда ол ІІО-ның қызметі Қазақстанды әлемдегі ең қауіпсіз және халықтың өмір сүруіне қолайлы елдердің біріне айналдыру бағытына сай жүргізіліп келеді, деді. Бұл, әрине, Елбасының халқына арнаған Жолдауынан туындайтын міндеттердің бірі екендігі де сөзсіз. Бұл орындалуға тиіс іс. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы халықаралық стандарттарға сәйкес полиция қызметінің тиімділігін арттыруға, ішкі істер органдарының міндеттері мен функцияларын нақты айқындауға, олардың жұртшылықпен өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіруге және ішкі істер органдарының қызметкерлері үшін әлеуметтік кепілдікті нығайтуға бағытталған «Қазақстан Республикасының Ішкi iстер органдары туралы» заңға қол қойды. Міне, осының арқасында құқық қорғау органдарының заманауи талаптарына сәйкес ІІО-ның жаңарған жүйесін құру ісіне негіз қаланды, деді министр.
Бұдан әрі қарай Қ.Қасымов қоғаммен ашық түрде ықпалдасу саясаты жүргізіліп келе жатқанын, бұл үшін интернет-ресурстар қолданылатынын, ІІМ-нің ресми сайты жұмыс атқаратынын, бұған қоса «Ішкі істер министрінің блогы» қызметі де бар екенін, ондағы «Сұрақ-жауап» режіміндегі қызмет министрлік тарапынан азаматтардың өтініштері мен құқықтық сұрақтарды түсіндіруде жедел ден қою тетіктеріне айналып отырғанын, сондай-ақ республикалық «ІІМ бірыңғай сенім телефоны» құрылып, ол тәулік бойы қызмет атқаратындығын және бұған азаматтар кез келген уақытта хабарласа алатындығын, тіпті құқық қорғаушы және үкіметтік емес ұйымдармен іскерлік қатынас орнағанын жеткізді. Айта берсе, көп іс бітіп қалыпты. Соған орай елдегі криминалдық ахуал да түзеліп қалыпты.
Мәселен, министр сөзіне ден қойсақ, соңғы үш жылда ауыр және аса ауыр, кісі өлтіру, денсаулыққа зиян келтіру, қарақшылық, тонау, пәтер ұрлығы сынды қылмыстардың саны қысқара түскен. Оны айтасыз, көшелерде жасалатын қылмыстардың, сондай-ақ кәмелетке жасы толмағандардың арасында жасалатын қылмыстардың саны да азайған көрінеді. Алайда, – деді одан әрі Қ. Қасымов жасыруға болмайтын кемшіліктер де бар екеніне тоқталып, – сонымен қатар, орта және ауыр емес, бұзақылық, алаяқтық және ұрлық сынды қылмыстардың саны біршама өсіп отыр. Бұған бұрын сотталғандар жасаған, мас күйінде және қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстардың да саны артып отырғанын қосыңыз, деді. Иә, жасыратыны жоқ, елдегі қылмыстардың 60 пайыздан астамы ұрлыққа тиесілі, кейбір облыстарда бұл көрсеткіш тіптен жоғары. Ал ұрлықтың ашылу деңгейі 31,5 пайызды құрайды, кейбір өңірлерде тіпті 15 пайыздан аспайды екен. Осы арада «бұл неліктен?» деген сұрақ өздігінен туындайды. Бұған министр: «Сондықтан ұрлыққа қарсы күрестің тиімділігін арттыру біздің негізгі міндеттеріміздің бірі болып табылды» дейді. Әрине, халық мұны айтпаса да біледі, бірақ халыққа керегі сол міндеттердің орындалуы ғой.
Бұдан әрі министр көше қылмысына қарсы күрес, қоғамдық тәртіпті күзету, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ішкі істер органдарының қызметіне заманауи технологияларды енгізу барысына тоқталды. Қазіргі күні полицияның қызметін жаңа технологияларсыз елестету қиын. Біртіндеп полиция «Тетра» атты байланыстың заманауи сандық жүйесімен жарақтануда көрінеді. Осылайша әрбір қалалық, аудандық учаскелік инспекторлары, кезекшілік бөлімдер, жасақтар мен жедел топтар жаңа жүйемен қамтамасыз етіледі екен. Сөйтіп, полицейлер қазірдің өзінде еліміздің кез келген нүктесінен ІІМ-нің арнайы біріктірілген мәліметтер базасынан қажетті ақпаратты лезде алады. Бұл олардың ақпараттық-сараптамалық қамтамасыз етілуін едәуір арттырады, дейді. Сол сияқты қылмыстарды ашу мен тергеу ісі соңғы екі жылда жаңа заманғы арнайы құрылғылармен жабдықталған. Астана қаласында ДНК-зертханалар, физикалық-химиялық зертханалар да құрылған. Бір сөзбен айтқанда, ІІО қызметіне қажетті заманауи техникалық құралдардың, жабдықтардың, сараптамалық ойдағыдай жүзеге асыра алатын небір зертханалардың бәрі бар. Ал енді тәртіптің түзелуіне не кедергі сонда?
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».