Жаңа заңнамалық түзетулер колледж студенттеріне оқу-өндірістік цехтар мен оқу шаруашылықтарында өздері өндірген өнімдерді сатуға жағдай жасайды. Өзгерістерді әзірлеушілер мұндай шара студенттердің оқуға деген қызығушылығын арттырып, ынталандыратынын атап өтті.
Жауапты ведомство жанындағы Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанова студенттердің көбіне нан және кондитерлік өнімдері сатылатынын жеткізді.
«Қазіргі таңда 444 мемлекеттік колледждің 97-інде студенттер өз өнімдері мен қызметтерін сатып жатыр. Мысалы, олар колледж қабырғасында дайындалған тәттілерді, нан-тоқаш және кондитерлік өнімдерді сатады. Сондай-ақ «Дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша оқитын студенттер өндірістік тәжірибе кезінде темірден конструкциялар жасап, еңбек нарығына шығарады. Біз бұл жерде толық кәсіпкерлік қызмет туралы емес, тек өндірістік оқу мен тәжірибе кезінде өндірілген өнімдердің сатылып, колледж бюджетін толықтыруға болатынын ғана айтып отырмыз. Бұл қаражатты өндірістік оқытуға арналған электродтарды немесе металды сатып алуға пайдалануға болады. Мұндай жұмыстар еліміздің басқа колледждерінде де жалғасын табады», дейді Н.Оспанова.