Алматыда Білімді дамыту жылы басталды
Қандай да бір халықаралық немесе республика аясындағы білім жарыстарында Алматы оқушылары алдына команда салып көрген емес. Сондықтан да, алмалы қаланың өрендері кез келген марапатқа лайық. Биылғы «Үркер» төсбелгісін табыстау рәсімі бұрынғыдан да салтанатты сипатқа ие болды.
Сонымен, соңғы жылдары білім іздеген балаларға үздіксіз беріліп келе жатқан «Үркер» төсбелгісін тағу құрметі қаланың ең талантты оқушыларына, ғылыми, бейнелеу өнері мен музыка саласы бойынша халықаралық және республикалық олимпиадалардың жүлдегерлеріне бұйырған. Биыл да бұл алтын төсбелгіні Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов әрбір үлгілі оқушыға өзі тақты.
Алматы әкімі «Үркер» төсбелгісімен алты жыл ішінде 1252 оқушының марапатталғанын атады. Алматы командасы 9 жыл қатарынан республикалық олимпиадада және оқушылардың республикалық ғылыми жарыстарында 12-рет командалық бәсекеде бірінші орындарды иеленіп келе жатқандығын атап өтті. Бұлардан өзге қала оқушылары халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 244 жүлделі орындардан көрінді.
Осылайша Алматыда Білімді дамыту жылы «Үркер» төсбелгісін тапсырумен басталды. Жастықтың, әдемілік пен мәңгіліктің нышаны тектес Үркер шоқжұлдызы белгісі – бүршік атып тұрған алма сияқты жасалынған.
Мегаполис қаланың бір байлығы – үлгілі ұрпағы. Білім іздеген, өнер іздеген өндірдей ұл-қыздары. Сондықтан да, жоғарыдағыдай марапатқа лайық болуды әрбір оқушы армандайды. Биыл да балаларға үлкен құлшыныс беретін шарада халықаралық олимпиадалар мен интеллектуалды байқаулар жеңімпаздары болып табылатын 9-11 сынып оқушылары «Үркер» төсбелгісімен марапатталды.
Мерейлі оқиғаға орай қала әкімі Ахметжан Есімов:
– Қазақстанның болашағы бүгінгі жастарға тікелей қатысты. Интеллектуалды және шығармашылық қызметтің, ғылыми-зерттеу жұмыстарының белгілі бір саласы бойынша алға ұмтылу қоғамда өз орындарыңды табуға даңғыл жол ашады. Сендердің түрлі салада жеткен жетістіктерің халықаралық аренада қазақстандық білімнің бәсекеге қабілеттілігі мен беделін арттырады, – деп атап өтті.
Еске сала кетейік, 2009 жылы бұл белгіні небәрі 78 оқушы алса, биыл «Үркермен» 323 жүлдегер марапатталды.
Қала басшысы биылғы жыл Алматыда Білімді дамыту жылы деп жарияланғандықтан мегаполисте мектеп салу мен оларды жаңғырту жоспарланып отырғанын айта келіп, «үркерліктердің» ата-аналарына алғыс хаттарды тапсырды.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.