29 Сәуір, 2014

Инфрақұрылымға инвесторлар тарту үшін

418 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Без имени-1Қазақстанда қа­ла­лық инфра­құ­ры­лымдарды жаңалау көптен бері күн тәр­тібінен түспей ке­леді. Әсіресе, сонау кеңестік кезеңнен келе жатқан ин­же­нерлік коммуникациялардың тозығы жетіп, осы желілер арқылы таратылатын электр, жылу, су ресурстарын айтарлықтай шы­ғынға ұшыратуда. Оның салмағы тұтынушылардың қал­тасына түседі. Міне, осындай әлеуметтік проблемаға айналған бұл өзекті мәселені инвестиция тарту ар­қылы шешуге тура келеді. Алай­да, оған кез келген монопо­лист компанияның бере қоя­тын қаржысы жоқ. Оның үстіне олардың кірістерінің дені желі­лердің қалыпты жұмысын қам­тамасыз етуге бағытталады. Сондықтан, бұл салаға жеке инвесторларды тарту қажет. Бірақ, ол әзірге нәтиже берген жоқ. Қа­зақ­стан орта деңгейлі табысы бар мемлекет саналады. Қазір қалалық инфрақұрылымдарға қажет инвестиция көлемі сарапшылардың пікірінше 25 миллиард доллардан астам қаржыға бағаланып отыр. Оның үстіне қалалық ком­му­налдық кәсіпорындардың эколо­гиялық және қаржылық тұрақ­тылығын қамтамасыз ету үшін басқарушылық, құ­қықтық, институционалдық жоспарлардың жоқтығы жағдайды қиындата түсуде. Қалалық инфра­құ­ры­­лымдарға қатысты инвес­тиция­лық нормативтік-құқықтық ба­заның нашарлығы, кешенді стра­те­гияның жоқтығы инвес­тициялық тәуе­келді қиындата түсуде. Ал, жеке сектор тарапы­нан капиталды қамтамасыз ететін инвестициялық құралдар қалалық инфрақұрылымдар үшін қолжетімді емес. Жақында бұл мәселені ше­шу­дің тиімді бір амалы табылды. Қазақстан Үкіметі Азия да­му банкімен (АДБ) бірлесіп, «Қа­лалық инфрақұрылымдарды қар­жыландырудың баламалы тетік­тері» жобасын жүзеге асыра бастады. Жобаның басты мақ­саты – Қазақстанның орташа қалаларында жеке сектордың қалалық инфрақұрылымдарды дамыту үшін басымдық жобаларға қатысуына қолайлы жағдай жасау. Аталған жоба аясында қар­жыландырудың бірқатар баламалы тетіктерін әзірлеу жос­парланып отыр. Жаңа тетіктерді анық­таудың қанатқақты жобалары бірнеше кәсіпорындарда жүзе­ге асырылады. Олардың қата­рында: «Қарағанды Су», «Қара­ғанды Жылу­транзит», «Жетісу Су­құбыры» және «Талдықорған Жылусервисі» бар. Сарапшылар тобы сәуір айын­да алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу жұмысына кірісті. Бұл құжатта әрбір таңдалған мекеме бойынша егжей-тегжейлі анықталған нәтижелер көрсетіледі. Яғни, осы төрт кәсіпорын негізінде қажетті жаңалау жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беретін жеке инвес­тициялар тартудың тетіктері дайындалады. Осы ретте инвесторларға тартылған қаржының өсіміне және қайтарымына кепілдік беріледі. Азия даму банкінің басты сая­саты кедейлікті төмендетуге бағыт­талғанын ескерсек, «комму­налдық саясаттың» маңыз­ды құрамы – түпкілікті тұтыну­шы­ға арналған тариф көлемі сарап­шы­лардың айрықша назарында болмақ. Жоба нәтижесінде, Қазақстанда инвесторларды тар­туға және қалалық инфра­құры­лымдарды сәтті жаңалауға жол ашатын ұтымды нарықтық құ­рал­дар іске қосылады деп күтілуде. «Егемен-ақпарат».