ПЕТРОПАВЛ. 29 сәуір. Солтүстік Қазақстан облысында 38 жастағы келіншек басар жері, барар тауы болмағасын 4 ұл-қызымен орман ішіндегі жеркепені паналап отыр. Бұл туралы egemtn.kz тілшісі хабарлады.
Орманнан сая табуға мәжбүр болған әйелдің ел қатарлы пәтер жалдап тұруға қалтасы көтермейді. Құрқылтайдың ұясындай баспананың аумағы-бар-жоғы 20 шаршы метр екен. Үйдің іші электр қуатымен ғана жылиды. Балалардың алды 7-ге толса, кішісі емшекте. Мектепте оқитындары алты шақырым жерге күн сайын жаяу-жалпылап қатынайды.
Аққу Байділдина былтыр желтоқсанда кенжесі Дәмеліні дүниеге әкелісімен ертеңіне бірден үйіне сұранған. Себебі, қыстың көзі қырауда терезеден қарап, аналарын сағына күтіп отырған 3 баласының жайы қабырғасына қатты батқан. Көп балалы ана не пеші, не сәкісі жоқ, қабырғалары жұп-жұқа үйді 1 миллион теңгеге сатып алып, алыпсатарлардың қармағына түсіп қалса керек. Осылайша солтүстіктің қытымыр қысын әзер өткізген жайы бар.
Ақтауда облыстық қаржы полициясында аға лейтенант болып қызмет еткен әйел қазір декреттік демалыста. 3 жыл бұрын күйеуінен ажырасып, туған жері Петропавлға келген. Гаражын сатып, оған бар жиған-тергенін қосып, қайыңды орман ішіндегі саяжайға қолын әзер іліктіргенге ұқсайды. Жаңбыр сәл-пәл себелеп өтсе, ми батпаққа оранған жолмен жүру-бір машақат. Балалары аурушаң көрінеді. Пәтер кезегінде 2765-ші болып тұр. Былтыр бұл кезек 200 адамға ғана алға жылжыған. Бұрынғы күйеуі төлейтін алимент пен балалардың жәрдемақысын қосқанда отбасылық табыс 40 мың теңгеден де аспайды.
Өмір Есқали.
Дереккөз: КТК арнасы.
Фото: ginner.ru.