Өнер • 10 Шілде, 2022

Алпыс жыл алқынбаған ансамбль

507 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Жеріне біздің жақтың лайық ері,
Ер, палуан, аңшы, мерген, әнші, сері», деп қайырмай ма Сәкен?! Қазақтың тарихы мен мәдениеті тілінде сақтаулы десек, бұл сөз бұлжымас шындық болып шыға келеді. Ал әнге шөліркеп Арқаға жолың түссе, бұлақтың бастауына бас қойғандай аттың басын Ақтоғайға бұруға тура келеді. Мұнда сонау 1970 жылдары құрылғалы бері аудан, облысты ғана емес, қазақ даласын әнге бөлеп келе жатқан атақты «Тоқырауын толқындары» халықтық ән-би ансамблі бар. Ақтоғай, Тоқырауын өзені бойының өнердегі бір арқасындай, шырқап келіп жібергенде анау-мынау оркестріңді далада қалдырады. Бір емес, бірнеше дауыста құйқылжытып салғанда «Апырау, мынау Күләш пен Манарбектің елі әлі осындай екен-ау» дегізеді еріксіз.

Алпыс жыл алқынбаған ансамбль

«Елде қалған кім бар, ей?» демеуші ме еді ертеректе үлкендер. Бас көтерер, бұрынғы жөн-жосықты біліп, шаруа шешетіндер қалды ма дегені сияқты үлкен сұраулы әңгіменің шеті бұл да. Сол 1960-1970 жылдары құралайдың салқынымен лақтарын өргізген киік­тердей Қазақстанның түкпір-түкпірі­нен шыққан ансамбльдер аз емес-ті естуімізше. Солардың басы әйгілі «Дос-Мұқасан» болса, жуан орта­сын­да Жезқазған аймағынан шыққан «Қаракөз», бұрынғы Семей, қазіргі Абай облысынан «Қаламқас», Торғай өңірінде Өзбекәлі Жәнібеков құрған «Шертер», «Жетісу», «Тоқырауын тол­қындары» сияқты қадау-қадау ансам­бльдер көп болғанымен, қазір көрініп жүргендері кемде-кем. Бір қызығы, кезінде семейлік «Қаламқас» пен осы «Тоқырауын толқындары» 1984 жыл­дың сәуір айында Венгрияда өтетін КСРО-ның мәдениет күндеріне қатысу үшін республика бойынша берілетін жал­ғыз жолдама үшін таласқа түсіп, жол­дама ақтоғайлық өнер ұжымына бұйырыпты. Осы тұста 1960 жылдардан бері 2000 жылға дейін 40 жыл бойы ансамбльдің көркемдік жетекшісі бол­ған сазгер Дәртай Сәдуақасов фольклор­лық-этнографиялық леп беріп, жол тауып кетеді. Сегіз қыз, сегіз жігіттен тұратын домбырашы-әншілер тобын үйретіп шығарған Д.Сәдуақасов халық әндеріне ұлттық нақыштағы би қойғызу үшін атақты биші Шара Жиенқұлова мен білікті балетмейстр Рабиль Сүлей­меновті арнайы шақыртып, «Бәйге», «Шашу», «Қара жорға» (қасқыр биі), «Молдабай», «Киіз басу», «Қыз қуу» сияқты әнмен орындалатын этно­үлгі­дегі композициялық билерді қойғы­зады. Сөйткен соң ұжым атауы «Тоқы­рауын толқындары» фольклорлық этно­графиялық ансамблі» аталады.

Алғаш ел ішіндегі көркемөнерпаз­дар ұжымы болып құрылған ансамбль 1961 жылдан бері өнер көрсете бас­тады. Алғашқы концертін осы жылы Қарағанды қаласында берді. 1972 жылы Қазақстанның халық әртісі, сазгер Ескендір Хасанғалиев пен ақын, сазгер Бәкір Тәжібаев Ақтоғай ауданы­на арнайы шақырылып, «Тоқырауын толқындары» ән-би ансамблін бір айда құрған деседі. Ескендір мен Бәкірдің сондағы сөзі бар: «Бұл аудан өнердің тұнып тұрған дариясы екен, ал оның көркемдік жетекшісі Дәртай Сәдуақасов бұл өнер ұжымын берісі Одаққа, әрісі шетелдерге дейін танытатын тума талант иесі болса, мәдениет бөлімінің басты­ғы Бектұрсынның бойынан өнердің ұш­қыны жалын атқалы тұр», деген.

Ескендір мен Бәкір айтқандай, Дәртай Сәдуақасов пен режиссер Тұңғышбай Мұқан ансамбльді өрге сүйрегені қазір тарих беттерінде. Өнерпаздар хорды төрт дауыста айтатын еді. Әншілерінің өзі үш-төрт дауысты ұстап тұрады. Дәкең қалыптастырып кеткен бұл үрдіс бүгінге дейін сақталған. «Тоқырауын толқындарының» әншілері үш-төрт дауыста шырқай жөнелгенде, талай тыңдарман аңырып қалғанын көргенбіз. Мұндай шығармашылық ұжымның жұлдызы неге жанбасын? Ансамбль 1975 жылы Жеңістің 30 жылдығында Мәскеу сахнасында өнер көрсетіп, «Халық ансамблі» атағын алған.

Қазір бұл ансамбльдің тасын өрге сүйреп жүргендердің бірі – «Құрмет» орденінің иегері, Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрының бас хормейстері Амантай Жұмашев. «Жылына бір мәрте жазғы демалысымда барып дайындық жұ­мыс­тарын жүргізіп қайтамын. Олар әбден төселіп алған, күніне екі әнді игеріп кетеді. Табиғи дауыс иелері бол­ғандықтан, аса қиындыққа соқпайды. Бірақ енді бір әнді төрт дауыста орын­дағандықтан, бір мәнерде шығуы керек. Сол үшін жаттығулар жасаймын. Мәселен, «а» дегенді біреу «ә» деп айтуы мүмкін. Осылардың бәрін бір жүйеге келтіріп шығамын. Дауыс ерек­ше­лігіне келсек, бұл жақта сопрано мықты, Күләштің ізбасарлары жетерлік Биыл үлгерсек, Қарағанды мен елорда төрінде концерт қою жоспарда бар», дейді А.Жұмашев.

Бір айтарлығы, ансамбль Қараған­дыны айтпағанда, астанада концерт беруден кенде емес көрінеді. Ақтоғай аудандық мәдени-сауық орталығының басшысы Нұрлан Күлшікеновтің айтуынша, 1998 жылдан бастап Астана күніне орай елордада концерт беріп келеді. Сондай-ақ 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдық тойында, 2017 жылы «ЭКСПО» халықаралық көрмесінде елордада концерт қойып, Италиядан келген опера жұлдыздарын қазақ әндерін бірнеше дауыста шырқап тәнті еткен. Домбырашы, күйшілер­мен қатар ансамбль құрамында жеке орындаушылар мен дәстүрлі әншілер бар. Сондықтан да репертуарға бай. Ал ансамбль құрамындағы әр өнерпазға тоқталса, шығармашылығы бір-бір мақалаға жүк. «Батыр майданда сыналады» демекші, шығармашылық ұжымның концертіне барып, әндеріне құлақ қойғанға не жетсін?!

«Тоқырауын берді өнерге Күләшті,

Манарбек те кеңге салды құлашты.

Ал кешегі Әсет салған сұлу саз

Хамзиннің күйіне кеп ұласты.

Шырқады олар, ең биікке шырқады,

Жырға бөлеп арман тауды, қырқаны.

Солар салған әсем әнді бүгінде

Жалғастырып келе жатыр ұрпағы!» депті ақын Серік Ақсұңқарұлы. Өнердегі сабақтастық деген осы болар.