Әдебиет • 10 Шілде, 2022

Жолкезбе Басё

232 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ерте кезде, ерте емес-ау, біздің жыраулар өмір сүрген тұста, Фудзи тауы етегінде, құз-қиялар аңғарында, топ жидек пен гүлшоғырлар арасында Басё деген ақын ғұмыр кешіпті. Жалт еткенге жан беріп, мөлт еткенге жас алар көңілшек екен. Өзі ширақ, өлең-сөзге жүйрік, бұйығы, томаға-тұйық болса керек. Әрине, сырдаң көңілге қалай сыр қонсын, сырғақ кеудеге қайдан кие ұяласын.

Жолкезбе Басё

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жаңа дәуірдегі жапон ақыны Масаока Сикидің «Басё қайтқан күнінде» атты өлеңі бар-тын.

Басё қайтқан күнінде.

Мінәжат етуге бармастан –

Жалғыз қалып құрма жедім...

Осылай дейді сабазыңыз. Кейінгі толқынның шұңғыма әсеріне қарап, Басёнің өзінен соңғы ақындарға қан­шалықты ықпал еткенін аңғаруға болады. Тіпті Жапон поэзиясында Басёға дейінгі дәуір, Басёдан кейінгі дәуір қа­лып­тасқандай.

Басё – хан ордасынан гөрі дәруіштікті қолай көрген Сайге секілді ұзақ сапарға аттанды. Жан серігі құстар мен орман, гүлдер мен шөптер, іңірлер мен жартыкеш ай. Сірә, адам өзіне жақындау үшін табиғатқа жақындауы ләзім. Өйткені табиғат бөтен сөйлеп тұнық ойды лайламайды, тоғышар ниетке бармайды.

Түн. Тұңғиық қараңғылық.

Сеземін, жылы ұясын жоғалтып,

Жылайды әлдеқайда

балшықшы құс...

Бірде шайыр көкала көктемнің зыр­ғып өткеніне, көктемге ұқсас жастық ғұмы­рының сусыма жібектей сырғып жоғалғаны назданады, ішқұса болады.

Көктем өтті.

Өксиді құстар. Балықтың көзінде

толған жас жылтырар.

Басёнің адам жанына терең дендейтін жолжазбаларының бір парасы проза түрінде жазылған. Мұнда ақын ағынан жарылып, бұлақша тасып ағып кең кө­сіледі. Бірақ түпкі жұмбағын ашудан аулақ, даналығын оқырманға жайып­ салудан алыс. «Тұрағымды қалай тас­та­ғаным жайлы» атты жазбасында дә­руіш­тік өмірінің бір бөлшегінен сыр суырт­пақтайды.

«Онда-мұнда жүріп, тұрақ табыл­ған жерді пана еттім, ал қыс түскенде Татибан көшесіндегі үйге қоныстандым.Енді, міне, Муцуки мен Кисарагидің жарық айы жырақта қалды. Нәркес жыр дамыл алып, бүгін осымен жетті дегендей тілімді байлайды, бірақ түсініксіз сезім жан дүниемде ойнақ салып, көз алдымда бұлдыраған сағымнан жүрегім­ді поэзия өрті қамап алғанын ұқтым. Міне, қолдағы асатаяғыма сеніп, жүз шақырымдай жолға белбеуімді мықтап буып тағы да тұрағымды тастап барамын. Көзім жеткен бір дүние – көркем сезімдеріммен ақыр соңында тағдыр маған қайыршылықтың тозған тонын жамылуды жазыпты».

Жазбадан ақынның жан дірілі, шынайы ақындық болмысы ашылады. Жалғыздық пен тана моншақ жырдан өңгені мұрат тұтпаған дәруіш дүние масағына көз құйрығын да салмайды. Дүниенің арзан мүлкі ақылына серік, рухына дәру болмасын ерте аңғарып, ес жиғандай.

Дүниеден безушілік жолы мар­жан­дай тізілген саяқ даналарға тән қасиет. Үстіне алақандай орамалын орап алып, Ұлыбританияның мәжіліс залына кіріп бара жататын Махатма Ган­ди­дің дуана болмысы кейбір еуро­па­­лықтардың күлкісін шақырған. Қыр­­шаңқы тілді Уинстон Черчилль «Үндістанның жүрегіне» қарап: «Вице-король сарайының бапалдақтарымен жартылай жалаңаш қалпында жоғары көтеріліп келе жатқан бүлікші заңгер, қазір Шығыста кеңінен тараған тип – пақыр кейпіндегі, «Қосылмау» және азаматтық бағынбау кампаниясын бас­қарып жүрген Гандидің түрі король-императордың өкілдерімен тең дәрежеде келіссөздер жүргізу үшін мазасыздық пен жиіркенушілік тудырады» деп еді-ау. Ал өмірінің соңында туған үйінен безіп, кезбелік ғұмырды аңсаған Толстой тағылымы санада дарақтанады. Бұған бөшке ішін паналаған Диоген мен көше бойына шығып тілінен даналық су­бұрқағын шапшыта шашудан өңгені біл­меген Сократты қоса аламыз. Оқыған, көкірек аспаны көгілдір адамның көзге көрініп, қолға ұсталатын материал­­дық құндылықтардан алыс кетуі рухтың жо­ғары өрлегені деп білер едік. Қай саланы да батпаққа батырып, пайда кө­зімен жерді бұрғылайтындар дүниеге жақын адамдар. «Машақаттың басы – дүниеге қызығушылық». Дүниеге құмар адамның мінезі орнығуы қиын, тіпті мүмкін де емес. Мінезі тұрлаусыз адамнан ұлттық мұрат, адамгершілік мұрат тумайды.

«Міне, қарағай. Ұзындығы он шақты сяку шығады, төменгі бұтақтары әрі­ге жайылған. Жоғарғы бұтақтары өзге текше қабаттарға ілінген, қылқандары жасыл һәм қалың. Бізде кімде-кім шұ­ғынық гүлді сүйсе, ең таңғаларлық түр­лерін жинап алып, онымен бір-біріне мақ­танысып бәлсінеді, ал кім бақытгүлін өсірсе, өзге көпе-көрнеу гүлдерге кекете қарап, өзара жарысқа түседі. Құрма, мандарин секілді басқа жемістерге келсек, олардың тек жемістеріне ғана қарап, ешкім бұтағы мен жапырағының қалыбына назар салмайды. Алайда тек қарағай ғана бұтағында қырау жатса да ғажайып көріністе тұрады, барлық жыл мезгілінде қылқандары жап-жасыл, әр мезгілде өзінше жайқалады. Бо Лэтянь: «Қарағай өзіндегі ескілікті өшіріп оты­­рады, содан да мың жыл жасайды» деген еді. Қарағай қараған жанды рақат­тандырып қана қоймайды, иесінің жан дүниесіндегі мұңын сейілтеді, сол себептен де адамдар ағаш түбінде ұзақ өмір тілеп мінәжат етеді».

«Сэйскю бағындағы қарағайға ма­дақ» атты жазбада Басё биік қарағайға тесіліп сан түрлі ойға беріледі. Бір ғана табиғат перзентінің болмысынан алуан-алуан сезім сабақтайды. Бірде ол барлық табиғат мүшесінің досы секілді көрінеді. Оларға жан беріп, сырласуға шақырады. Бір өлеңінде:

О, ояншы, оян!

Менің жан жолдасым бол,

Ұйқыдағы көбелек! – дейді.

Шайыр жүрегіне әрбір дернәсілдің жауын суына малшынғаны, раушан гүлдерінің долы желмен жығылғаны, сүйкімді алқапқа мезгілсіз қар жауғаны, бәрі де жіңішке сезіммен әсер етеді.

Су сондай суық!

Ұйқыға жата алмас шағала,

Тербелген толқында.

Міне, оның назарынан ұйқыға жат­қалы отырған шағала да тыс қалмайды.

Гүл күлтесінде,

Қозғалар бір ара. Тиіспе оған

Торғай достым!

Басёнің достары тек өсімдіктер мен жәндіктер емес, ол жол бойы өзіндей кезбелермен жолығып, дидарласып, әңгімелесіп отырады. Біріне бауыр басып, бірін қоштасарда қимай дал болады. «Батыстағы шалғай жерге кеткен досыма» атты өлеңінде ордай мұңның табы білінеді.

Батыс пен Шығыс

Екеуінің де қайғы мен қасіреті бір,

Екеуін де суық жел бірдей тоңдырар...

Басёнің Тодзюн деген кәрі досы болыпты. Алыс-алыс жолдардың бірін­де тағдырлары тоғысып, ұзақ түн­дерде дүркін-дүркін сыр шертісіпті. Эноки тайпасынан шыққан Тюдзюн­ның атасы Кататадағы Оми ауылының атақты дәрігері болған деседі. Өмірінің жет­піс екінші күзінде кеудесін көріктей зіл басқан Тодзюн қарттығына мойын­сұн­бай, шалғында жатып аспандағы айға ғашық болып, гүлдер мен құстардың сұлулығына жас күніндегідей емірене есі кетіпті. Шөптердің шығына масаттана үңіліп, соңғы ажал сәті жақындаса да рухы саф таза, шіркей тимеген балаң қалпында сақталыпты. Досы жайлы жазбасында Басё тебірене сөйлейді, толғап жазады.

«Оның жан дүниесі бұ дүниенің қиыс жолдарын жатсынды. Бүкіл дүние сый-құрметінен бас тартып, жолға асатаяқ жонып алып, тірлік үшін қам қылудан безінді. Пақыр сол тұста елуден жаңа ғана асып еді. Қаладағы баспанасын таудағы лашыққа айырбастап, қолынан қаламы түспей, үстелден бас алмай жан құмарымен өмір сүрді. Осылай он жылға дейін жалғасып, жазғаны мен сызғаны жүк арбаға толатындай көлемге шықты. Бива көлінің бойында дүниеге келген еді, Шығыс алқапта өзінің соңғы күндерін өткізді. Қаланың дүниауи даңғазасымен өмір сүретін дәруіштер, Тодзюн секілді жақсы өмірден безген ұлы дәруіш болуы тиіс қой».

Басё досы жайлы әсерлі жазбасы­ның соңына үш қатар қоштасу жырын қалдырады.

Дөңгелейді жарық ай,

Бізге естелікке қалдырып,

Төрт бұрышты үстелді.

Тодзюн досының жазу үстелі мен толықсыған томпақ айға қарап толқып отырып жазған болар ақын. Өмірдің бір сәтінде күліскен, мұңайысқан, дүниенің жалғандығы мен өткіншілігін айтып жіпсіген жанарға жас алысқан қайран дос, ғазиз дос ұшқан инеліктей жылт етіп жоқ болғанда қобыз кеуде күңіренбей қайтсін?! Оңашалықтың тақсіретін тартып, елсіз лашықта жападан-жалғыз торғын айға мұң шаққан Басёнің болмысын сезіне алар ма едіңіз? Өзіңізді оның орнына қойып көре аларсыз ба?!

Зерттеушілер Басё орта бойлы, дөң­гелек жүзді қалың қас пен шығыңқы мұрынды сымбатты жан болған деседі. Буддалықтардың заңы бойынша шашы тақыр, денсаулығы жүдеу болып, өмір бойы асқазан жұмысы бұзылуынан азап шегіпті. Әркімге жазған хаттарынан Басёнің салмақты, ұстамды, ерекше қамқор, досқа адал әрі жомарт болға­нын байқаймыз. Алайда көркем мінезі мен асқан талантына қарамастан ол өмір бойы қайыршылықтан құтыла алған жоқ. Қайыршылық қамыты ақынның жан дүниесіне сызат салды дегенге, өз басым, сенбес едім. Оның қанатты жүрегі қаршыға құстай желіп, Фудзи тауының төбесіндегі шарбы бұлттардың үстінен төмен түспесе керек.