Осы жылы талапкерлерге негізгі тестілеуді екі рет тапсыруға мүмкіндік берілді. Олар ең жақсы нәтижесін грант иелену үшін конкурсқа жолдай алады. Дегенмен үміткерлер екі мүмкіндікте де бір ғана бейінді пәнді таңдауға құқылы. Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Гүлжан Жарасованың айтуынша, 154 мың талапкер екі мүмкіндікті есептегенде 276 мың рет тест тапсырған.
«Негізгі ҰБТ-ға қатысуға 290 мыңға жуық өтініш келіп түсті, олардың ішінде 160 мың өтініш бірінші, 130 мыңы екінші мүмкіндікке берілген. ҰБТ қорытындысы бойынша 154 мың талапкер екі мүмкіндікті есептегенде 276 мың рет тест тапсырды. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлердің тестілеуді ыңғайлы тапсыруы үшін ҰБТ тапсыру уақыты 40 минутқа ұзартылды. Сонымен қатар олар үшін сызба және диаграммаларсыз сұрақтар жасалды. Қабылданған шаралар арқасында ерекше білім беру қажеттіліктері бар тестіленушілер саны артып келеді. Егер 2021 жылы негізгі ҰБТ-ға 90 бала қатысса, биыл олардың саны 10 есеге жуық артып, ҰБТ-ға ерекше білім беру қажеттілігі бар 811 бала қатысты. Тест тапсыру тіліне келсек, түлектердің 76%-ға жуығы қазақ тілінде, 24%-ы орыс тілінде, 0,1%-ы (213 бала) ағылшын тілінде тестілеуден өтті», деді Г.Жарасова.
Департамент директорының дерегіне қарағанда, биыл ҰБТ сұрақтары толықтай жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша құрастырылды. «Қазақстан тарихы» пәні бойынша контекстік тест тапсырмалары енгізілді. Яғни 15 сұрақтың 5 сұрағы контекстік сұрақтар, мәтінді оқып сұрақтарға жауап беру қажет. Сонымен қатар екі жыл қатарынан Қазақстан тарихы және Дүниежүзі тарихы пәндері бойынша 100 дата бекітілді. Тестілеу барысында кездесетін даталар тек осы 100 датадан болды. Олар желтоқсан айында ашық дереккөздерге (ҰТО сайты мен әлеуметтік желілерінде) ілінген.
«Шекті балдарға тоқталсақ, «Құқық» білім беру саласы бойынша шекті балл өзгеріп, 75 балды құрады. Білім берудің басқа салалары бойынша өзгерістер жоқ. Яғни «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласы бойынша – кемінде 75 балл, «Денсаулық сақтау (медицина)» білім беру саласы бойынша – кемінде 70 балл, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» білім беру салалары бойынша – кемінде 60 балл. Ұлттық ЖОО-ға – кемінде 65 балл, ал басқа ЖОО-ға кемінде 50 балл. Ережелерге сәйкес барлық бейнежазба жыл аяғына дейін талданып, тыйым салынған заттарды пайдалану анықталған жағдайда, тестілеушінің балдарымен қоса білім беру грантын тағайындау конкурсының нәтижесі де жойылады», деді Г.Жарасова.
Ал Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаевтың мәлімдеуінше, тестілеу қорытындысы бойынша 103 мыңнан аса талапкер шекті балл жинады, бұл қатысушылардың жалпы санының 67%-ын құрайды. Аталған көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға жоғарылады. Тестіленушілердің 51 мыңға жуығы (33%-ы) шекті балл жинай алмады. Биылғы ҰБТ-ның орташа балы 66 балды, ең жоғары балл 139-ды құрады. 3 179 оқуға түсуші 120 балдан жоғары жинады.
«ҰБТ-ға тыйым салынған заттарды кіргізу әрекеттері мен ҰБТ ережелерін бұзу саны біршама азайғанын ерекше атап өткім келеді. Мәселен, былтыр 756 түлек ҰБТ-ға тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысса, биыл мұндай 327 жағдай тіркелді. Бұл 2020 жылы ереже бұзуға тырысқан қатысушыларды тестілеуге жібермеу туралы норманың енгізілуі мен әрбір тестіленуші үшін фронталды камераларын орнатумен байланысты (Норма енгізілгенге дейін 2019 жылы тестілеуге кіргізуде 128 мың, 2020 жылы 2 522 тыйым салынған зат табылған еді. Яғни 2019 жылмен салыстырғанда шпаргалкалар мен смартфондарды алып кіргізуге талпынушылар саны 400 есеге азайды). Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін 322 адам аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылды. Көрсеткіштер төрт есеге төмендеген, себебі 2021 жылы аудиториядан 1 305 адам шығарылған еді», деді Р.Емелбаев.
Ұлттық тестілеу орталығы директорының хабарлауынша, барлық бейнежазбаға 31 желтоқсанға дейін талдау жасалады. Егер тыйым салынған заттарды пайдалану фактілері анықталса, талапкер білім беру грантынан айырылады. Естеріңізде болса, бұл норма 2020 жылы алғаш рет қолданылған еді. 2020 жылы бейнежазбаларды қайта қарау нәтижесінде 152 тестіленушінің, 2021 жылы 52 адамның нәтижесі жойылған болатын. Постпрокторинг нәтижесі бойынша қазіргі таңда 15 адамның нәтижесі жойылды. 200-ден аса талапкердің нәтижелері тексеріліп жатыр. ҰБТ-ның үшінші аптасында қатысушы өзінің орнына басқа тұлғаны (ағасын) жіберген. ҰБТ-ға кіргізу барысында Face-ID жеке басын сәйкестендіру жүйесі бөгде адамды анықтады. Тиісті іс-шаралар қабылданды. Былтыр мұндай 18 жағдай анықталған еді. Негізгі ҰБТ-2022 барысында 50 мыңнан аса адам аппеляцияға өтініш берген, оның 318-і өтініш қанағаттандырылды.