Бүгінде мұнай-газ секторы – ғылыми-зерттеулермен қатар ел экономикасында басымдыққа ие бағыттардың бірі. Айта кететін басты мәселе, бұрын-соңды мұнай, бензин бағасы арзан болғандықтан, өнім өндірудің өзіндік құнына қатысты нақты мәселелер туындай қойған жоқ. Ал қазіргі кезде мұнай шығарудың өзіндік құнын төмендету экономикалық жағынан өзекті мәселенің біріне айналып отыр.
PhD Аяулым Рахматулинаның жетекшілігімен жүзеге асқан жоба мұнай өндіруде энергия шығынын үнемдеуге мүмкіндік береді. Жоба аясында піспекті қондырғының макеті жасалып, балама ретінде екінші варианты қарастырылған. Осы екі идея нәтижесінде былтыр піспекті қондырғы жасалды. Аяулым Рахматулинаның айтуынша, конструкциясы шағын, энергия қуатын пайдалану жағынан тиімді, беріктігі жоғары өндірістік піспекті қондырғы негізінен топсалы-иінтіректі механизмдердің функционалды мүмкіндіктерін барынша тиімді пайдалану тұрғысынан, дәстүрлі қондырғылардың орнына габариттері шағын және энергия пайдалану жағынан екі есе тиімді келеді, сондай-ақ теңгерілуі жағынан ұтымды жасалған.
Бұл балансирсіз піспекті қондырғы – мұнай өндіруде қолданылатын ұңғымалық штангалық сорғылардың жер үстінде пайдаланатын түрі. Оның балға түріндегі тербелетін жоғарғы бөлігі мұнай өндірудің классикалық символына айналғаны белгілі. Ал оның дизайнын жақсарту және тиімділігін арттыру өте күрделі болып келеді. Сонымен бірге өнертабыс мұнай-газ машинасын жасауға және мұнай-газ өнеркәсібінде қолданылатын жер астынан мұнай айдауға арналған сорғыларды жұмыс істететін механизм ретінде тиімді. Өнертабыстың ерекшелігі – құрылымдық жағынан қарапайым, металды аз қажет етеді, қуат шығыны да төмен.
Аяулым Рахматулинаның командасы екі жыл ішінде тың жобаны іске асырумен қатар, әмбебап алгоритм мен компьютерлік бағдарлама жасады. Ол штангалық сорғы қондырғыларының жаңа жетек конструкцияларын жобалауға және көптеген критерийі бар есептерде оңтайлы шешімдерді іздеуге мүмкіндік береді.
Математикалық модельдеу Matlab және SolidWorks заманауи бағдарламалық кешендерінің негізінде жүргізілген жобаны іске асыру үшін есептеудің заманауи әрі теориялық механика әдістері, механизмдер мен машиналар, механизмдерді синтездеу теориясы қолданылды. Есептеудің жаңа әдістері мұнай инженерлеріне өндіріс әдістерін одан әрі жетілдіруге, экономикалық тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа қондырғы мен оның есептеу әдістері еліміздің мұнай саласы мен ғылымының дамуына барынша ықпал етеді.
АЛМАТЫ