Әлем • 10 Шілде, 2022

Ұлыбританиядағы саяси сілкініс

177 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон қызметінен кететінін мәлімдеді. Дегенмен жаңадан үкімет басшысы тағайындалғанға дейін Борис мырза жұмысын жалғастыра бермек. Ең әуелі Консервативтер партиясы өз көшбасшысын таңдауға тиіс.

Ұлыбританиядағы саяси сілкініс

Мұндай шешімді Б.Джонсон жұма күні «Даунинг стритте» жасаған мәлім­де­месінде хабарлады. Сондай-ақ Консер­ва­тивтер партиясы басшысы лауазымын босататынын да жариялады. Ол көптеген жос­пар мен идеяны жүзеге асыра алма­ғанына қынжылыс білдірді. Әйтсе де, жаңа премьер-министр сайланғанға дейін қыз­метін жалғастыра беретінін жеткізді.

Жалпы, Ұлыбританияда бұл қалыпты жағдай. Үкімет басшысы отставкаға ке­тетінін айтқанымен, орнына басқа ше­неу­нік тағайындалғанша міндетін атқара береді. Мәселен, бұған дейін Тереза Мэй де, Дэвид Кэмерон да орынтағын босат­қаны нақтыланғанына қарамастан, жаңа премьер-министр келгенше жұмыс істеді.

Оқырманға түсінікті болуы үшін мы­наны айта кеткен жөн. Ұлыбритания – пар­­ла­менттік конституциялық монархия ел. Яғни мемлекеттің иесі монарх са­нал­­­ға­­нымен, елді басқару премьер-ми­нистр­дің міндеті. Соған сәйкес «Тұманды Аль­бион­ның» парламенті үкімет басшы­сын сай­лайды. Оны Қауымдар палатасы ұсы­на­ды. Осыдан соң оны монарх тағайын­дайды.

Әдетте премьер-министрлікке Қауым­дар палатасында көпшілік дауысқа ие партияның басшысы немесе коалиция құ­рылған жағдайда ең көп мандат иеленген партияның басшысы үміткер ретінде есептеледі. Борис Джонсон парламентте көпшілік мандатқа ие Консервативтер партиясы төрағасы қызметін босатқан соң, автоматты түрде партияның жаңа басшысы премьер-министрлікке ұсынылады.

Қазіргі таңда Б.Джонсонның орнын кім басады деген пікірталас «Тұманды Альбионда» желдей есіп, Англияның то­лассыз жауатын жаңбырындай үдеме­леп тұр. Консервативтер партиясы көш­бас­шылығына сайлану кестесі келесі аптада жарияланбақ. Демек бұл саяси бәсекеде сүрінбей өткен жеңімпаз Ұлыбританияның келесі премьер-министрі болатыны анық.

Джонсон мырза жаңа партияға жаңа басшы сайланғанға дейін қызметін жалғастыра беретінін айтты. Дегенмен мұндай шешімге келіспейтіндер де бар. Мәселен, бұған дейін Консервативтер атынан бәсекеге түсіп, премьер-министр қызметін атқарған сэр Джон Мейджор Б.Джонсоннан «Даунинг стритті» жедел түрде босатуды сұрап отыр. Оның айтуын­ша, партия басшысын сайлауды тез ара­да өткізу қажет. Немесе вице-премьер Доминик Раабтың уақытша премьер-ми­нистр қызметін атқаруын ұсынды.

Жалпы, бәрін бүлдірген Борис Джон­сон өзі. Ол ақпанда Қазынашылық пен үкімет­тің отбасы жөніндегі басшысы­ның орын­басары ретінде Крис Пинчерді тағайын­даған еді. Маусымның аяғында Пинчер мырза клубтардың бірінде өле мас болып ішіп, басқа еркектерге сексуалды қысым көрсеткенін бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды.

Бұл оқиға «Тұманды Альбионда» үл­кен шу туғызды. Өйткені К.Пинчер 2017 жылы да осындай мәселеге байланысты үкі­меттегі қызметінен кеткен еді. Бастапқыда Б.Джонсон қарамағындағы қызметкердің мұндай әдепсіздігін білмейтінін алға тартып, құтылуға тырысқан. Көп ұзамай-ақ премьер-министрдің өтірік айтқаны анықталды.

Мұны Борис мырзаның өзі мойын­даған­нан кейін Ұлыбритания үкіметі мен парламентінде дау бұрқ ете түсті. Пре­мьер-министрдің әрекетімен келіспе­ген ми­нистрлер кабинетінің жартысына жуығы өз еркімен отставкаға кетуге өті­ніш берді. Канцлер Риши Сунак пен денсау­лық сақтау министрі Саджид Джавид те лауазымынан бас тартқаннан кейін саяси дағдарыстың күшейгені түсінікті бол­ды. Жал­пы, үш күннің ішінде үкіметтің 63 қызметкері жұмыстан босатуға шешім қабылдаса, соның алтауы министрлер ка­бинетінің мүшесі еді.

Б.Джонсон премьер-министрдің орын­тағына барынша жармасты. Екі тәулік бойы одан отставкаға кетуді сұра­ғандар санында шек болған жоқ. Тіпті жаңа­дан тағайындалған канцлер Надим Захави де одан орнын босатуды сұрады. Ақы­ры партияластарының да беті бері қара­майтынын түсінгендіктен, осындай шешім қабылдады.

Енді, Консервативтер партиясы жаңа көш­­басшыны сайлауға тиіс. Бұл саяси бәсеке де басқа елдерден өзгеше өтеді. Қолданыстағы ережеге сәйкес, үміт­кер­лерге додаға түсу үшін партиялас сегіз де­путаттың қолдауы қажет. Егер кан­ди­даттар саны екіден көп болса, парламент де­путаттары екеуі қалғанға дейін дауыс береді.

Мысалы, бірінші раундтың қорытын­ды­сы бойынша 5 пайыз қолдауға ие болған үміткерлер ғана келесі кезеңге өтеді. Екінші турда 10 пайыз дауыс жинағандар ғана үшінші рет бәсекеге түседі. Қалған сатыларда ең аз қолдау иеленген кандидат шығып қалып отырады. Ақыр соңында екі үміткер депутат қалғанда Консервативтер партиясының бүкіл мүшесі дауыс береді. Ең көп қолдауға қол жеткізгені партия басшысы болып сайланады.

Енді, Ұлыбританияда Джонсонның орнын кім басуы мүмкін деген мәселеге орал­сақ. Қазіргі таңда үміткерлер жетіп артылады. Бұқаралық ақпарат құралдары 12 кандидаттың есімін санап берді. Олар­дың қатарында бұрынғы канцлер Риши Сунак, сыртқы істер министрі Лиз Трасс, денсаулық сақтау министрі қызметін атқарған Саджид Джавид, қорғаныс министрі Бен Уоллес, ішкі істер министрі Прити Патель бар.

Сарапшылар мен букмекерлер қорға­ныс министрі Бен Уоллестің үміткерлер арасында шоқтығы биік деп есептейді. Бұ­ған себеп жетерлік. Украинадағы соғыс бас­талғалы Ұлыбритания ресми Киевке қолдау көрсетіп келеді. Украина жауынгерлерін «Тұманды Альбионда» дайындықтан өткізіп, ұрыс даласына көп­теген қару-жарақ жеткізді. Тіпті Франция, Германия секілді Еуропалық одақтағы басқа да елдердің соғысқа қажет заттарды жеткізуді жеделдетуге итермеледі. Мұндай қыруар жұмысты атқарған – әрине, Бен Уоллес. Осылайша, қорғаныс министрінің ха­лық алдында да, Қауымдастықтар па­ла­та­сы депутаттарының алдында да абыройы өсті.

Бұл аз десеңіз, Уоллес мырза универ­си­тетке бармаған, оның орнына әскери білім алған бірден-бір партия мүшесі. Ол Германияда, Кипрде, Белизде, Солтүстік Ирландияда әскери борышын өтеген. 2019 жылы Борис Джонсонның сайлауал­ды науқанын өткізуге бел шешіп кірісті. Соның арқасында министрлер кабинетінен ойып тұрып орын иеленді.

Премьер-министрліктен үміткер Сад­жид Джа­видтің де бәсі басқалардан жо­ғары тұр. Өткен аптада ол алғашқылардың бірі болып өз еркімен отставкаға кетті. Әлбетте, әу баста Джавид мырзаның үкі­мет басшысы орынтағынан үміттенді деп айтуға негіз жоқ. Бірақ оның қызметін бо­сатуы Борис Джонсонның орнынан кетуі­не итермелеген оқиғаға жол ашып берді.

С.Джавид кейінгі үш премьер-министр тұсында үкіметтің алты департаментін бас­қарды. Сонымен қатар мәдениет, биз­нес, тұрғын үй, ішкі істер жөніндегі мемлекеттік хатшы және қазынашылық канцлері қызметтерін атқарды. Дегенмен оның министрлер кабинеті құрамында ұзақ уақыт еңбек етпеуі үкімет басшысы атануына кедергі келтіруі әбден ықтимал.

Келесі үміткер – бұрынғы канцлер Риши Сунак. Ол С.Джавидтің ізін ала өз ер­кімен отставкаға кетуге өтініш білдірді. Қа­зіргі таңда кандидаттардың ішіндегі ең жасы саналады. Р.Сунак үкіметтің екін­ші лауазымды қызметін атқарды. Пан­де­мия­дан туындаған қысымға қарамастан, мем­лекеттік шығындар мен салықтарды тө­мен ұстауға тырысты. «Брекситті» қызу қол­дағандардың бірі. Дегенмен Солтүстік Ир­ландия протоколына ашық қарсы шықты.

Сарапшылардың пайымдауынша, Консервативтер өкілдері Риши мырзаның саясат сахнасындағы еңбек өтілі аз екеніне алаңдаушылық білдіруі мүмкін. Кейбір депутаттар Р.Сунак үкімет басқарғанға дейін түрлі департаменттерде жұмыс істеп, ел бас­қарудың ыстығы мен суығына түсу керек деп есептейді.

Сонымен қатар мемлекеттік министр Пенни Мордонттың да есімі үміткерлер қатарында аталады. Ол әзірге үкімет басшысы орынтағына таласатыны туралы мәлімдемеді. Бірақ сауалдамаларға сүйен­сек, оны қолдайтындар саны же­тер­лік. Бұған дейін Пенни ханым қор­ғаныс министрі қызметін атқарып, Ұлы­британияда бұл саланы басқарған тұңғыш әйел атанған еді.

Қорыта айтқанда, дәл қазір «Тұманды Альбионды» белгісіздік тұманы басып тұр. Борис Джонсонның орнын кім баса­тыны, әлемдегі геосаяси ахуалға мұның әсері қандай болмағы белгісіз. Ал бұ­ған қатысты пікірталас Англиядағы то­лас­тамайтын нөсер секілді әзірге соңы көрінер емес.