Аймақтар • 11 Шілде, 2022

Амбулатория тамызда пайдалануға беріледі

222 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаттары Гүлдара Нұрымова мен Мейрамбек Төлепберген Жамбыл облысына сапары барысында Жамбыл ауданы Қаракемер ауылында бой көтерген амбулаториямен танысты.

Амбулатория тамызда пайдалануға беріледі

Іссапар барысында мәжіліс­мен­дер құрылысты жүргізген «ҚазМұнай­Құрылыс» ЖШС өкілдерімен кездесіп, жаңа нысанға қатысты маңызды мәсе­ле­лерді талқылады. Жаңа нысанның жалпы құны 198 млн 675 мың теңгеге бағаланып, 173 млн 290 мың теңгеге келісімшарт жасалған болатын. Құрылыс жұмыстары шілде айының соңында толығымен аяқталып, нысан тамыз айының басынан бастап ауыл халқының игілігіне беріледі. 25 адамды қабылдауға арналған амбулаторияда техникалық қызметкерлерді қоса есептегенде 5 адам еңбек етпек.

Мәжіліс депутаты Мейрамбек Төлеп­берген бұл Amanat партиясының 2021-2025 жылдарға арналған «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі  Жол картасы аясында  бой көтеріп жатқан әлеуметтік нысан екеніне тоқталды. Құрылыс жұмысының сапа­сы мен жоспарлы уақытта аяқталуы де­путат­тардың бақылауында екенін жеткізді.

Ал аудан әкімдігі дәрігерлік амбу­ла­торияның бұрынғы ескі ғимаратын тұр­ғын үй ретінде қайта жасақтап, ауыл дәрі­герлерін баспанамен қамтамасыз етуге құлшынып отыр.

«Аудандарды аралап жүрген кезде көптеген жастармен кездестік. Ішкі сая­сат бөлімдеріне қарасты «Жастар ресурс­тық орталықтарында» еңбек ететін қыз-жігіттердің жалақысы мардымсыз екенін аңғардым. Сол себепті жергілікті атқа­рушы билік өкілдері «Дипломмен – ауылға» бағдарламасынан тыс келген жас­тарды да жұмыспен қамту мәселесін шешуі керек. Өйтпесе болмайды», дейді М.Төлепберген.

 

Жамбыл облысы