21 Мамыр, 2010

АУFАН ТАFДЫРЫ АУЫР

640 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Ауғанстан астанасы әуежайында қазақстандықтарды екі қолын алға созып, емен-жарқын күліп тұрған Президент Х.Карзайдың суреті қарсы алды. Оның фотобейнесі ғимараттың бір шетіне, көз көрер жерге ілініпті. Ал өткізу бекетінде мұқият тексеруден өткізілдік. Мұнда осылай тексермесе болмайды. Бұл аталған елдегі өмірдің шыңдығы, ауған тағдырының ауырлығы. Кабул бізге тұнжыр қабақ танытты. Дымқыл ауа жаң­быр жауатынынан хабар бер­ген­дей. Ар­тынша солай болды да. Бұл жазғы аптап алдындағы жау­ын көрінеді. Жаз келісімен мұнда күн айтар­лық­тай ыстық болады. Жол бойындағы биіктеу төбелер­дің үстіне салынған жапа там­дар­ды көріп, суды тау ба­сына қалай шы­ғарады екен деген таңда­ны­сы­мызды жасыра алмадық. Жол­дың шетінен салынған екі қабат­ты тоқал тамдар, жұпыны ұлт­тық киім киген ауғандықтар біз­дер­ге қарап қалыпты. Тар жолмен келе жатқан көлік тізбегінің алды-ар­тын қарулы жасақтар мінген екі джип қор­ғап келеді. Көше бойы­ның екі жағында қолдарына қару ұстаған сақшылар да алды-арттарына жіті қарап қояды. Жол бойында Ахмад Шах Ма­суд­тың ескерткішін көзіміз шал­ды. 2008 жылдың 30 қазанында АИР президентінің бірінші орын­ба­сары А.Масуд бастаған ауған­дық делегация Астанада өткен ШЫҰ-ға мүше елдер үкімет бас­шыларының жетінші кеңесіне қатысқан-ды. Айтпақшы, оның суреті біз, бұқара­лық ақпарат құралдарының өкіл­дері мінген автобус маңдайшасына да ілінген. Бұл ауғандықтардың оны қадір тұтатынынан хабар береді. Алдымен автотізбек осы елдің сыртқы саясат ведомствосының ал­дына келіп тоқтады. Кіреберіс жолдың ортасына бетон қойы­лып, жан-жағы бекітілген. Мұн­дай бетон шарбақтар кейбір ғи­ма­раттарды қоршау үшін де қол­данылыпты. Тіпті базарға кіре­бе­ріс жолға да осындай тосқауыл қой­ылып, бетон шарбақпен қор­шалған. Әрбір маңызды нысан­ның кіреберісіне темір құрсаулы екі қабатты ауыр шлагбаум ор­на­тылған. Соған қарап, барлық қауіп­сіздік шараларының жасал­ған­дығына көз жеткізесің. Ауғанстан Ислам Республика­сы­ның аумағы 625900 шаршы ша­қы­рымды алып жатыр. Мұнда пуш­тун және дари (парсы) тілдері рес­ми саналады. Халқының 74 пайы­зын сүнниттер құраса, 25 пайы­зы шииттерден тұрады. Эко­номика­сы­на келсек, елдің жыл­дық ішкі жал­пы өнімі жан ба­сы­на шаққанда 800 АҚШ дол­ларына пара-пар. Осылайша ауған­дықтар әлемдегі ең кедей елдердің қатарына жатады. Мұнда жұмыс күшінің дені, яғни 60 пайызы ауыл шаруашылығында шоғырланған. Таулы жерлерде көптеген отбасы жартылай көш­пе­лі мал шаруашылығымен шұ­ғыл­да­на­ды. Ал жазық жерлер би­дай егуге қолайлы саналады. Ми­нералдық шикізаттар бар, бірақ тұрақтылық­тың болмауы­нан оны игеруге ешқандай мүмкіндік жоқ. Егер тарихқа көз жүгіртсек, 1893 жылы ауған әмірі мен бри­та­ниялық Үндістанның коло­ния­лық сыртқы істер хатшысы лорд Дюран келісімге қол қойған-ды. Соған сәйкес, 1947 жылы ко­ло­ния діни-қауымдастық негізде бө­лінген кезде мұсылмандары көп аумақ Пәкстан жағына бекі­тіп берілді. Қысқасы, аумағы 150 мың шаршы шақырым­ды құрай­тын, тұрғылықты халқы­ның саны 6 миллионға жететін (1947 жылғы есеп бойынша) Пуш­тунистан (Пуштундар елі) екіге жарылды. Бұл өз кезегінде Пәкстан мен Ауғанстан арасындағы қарым-қатынастарға қағылған сына тәрізді болды. Бірақ бүгінде ауған еліне көршілерімен тату қарым-қатынас орнату ауадай қажет. Ал әзірге “Талибан” қозғалысы ауық-ауық соғыс ашып, қала тұр­ғындары мен НАТО-ның коали­циялық күштерін әбігерге салып келеді. Біз Ауғанстаннан кеткен күннің ерте­сіне осында ірі шабуыл жасалып, көптеген тұрғындар мен әскери­лер­дің өмірлері қиылды. Өліспей бе­ріс­пейтін талибан жасақтары қатты қар­сылық көрсетіп, тіпті өздерін жарып та жіберген. Ка­булға келетін күннің таңер­теңгісін Құндыз бен Кабулға қатынайтын Pamіr Aіrways әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырады. Оның бортында 38 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Міне, бірер күннің басты оқиғалары осындай. Кабулдың тар көшесімен келе жатқан көлігіміздің терезесін ашып, фотоға түсіріп жатқа­ны­мыз­ды кө­ріп, америкалық жур­на­листер бай­балам салды. Сөйтсек, олар авто­бустың ішіне жергілікті тұрғын­дар­дың біреуі граната тас­тап жібереді деп шошынған екен. Одан қалса, сырттағы ауған­дық әскерилер суретке түсір­меңдер деп дүрсе қоя берді. Бұлардың бар­лығы ауғандық өмірдің қан­шалықты шиеленісті екендігін, сондықтан да тұрақты­лық­қа еш негіз қаланып отырма­ған­дығын көрсетеді. Соңғы айларда ел басшысының атына өткір сын­дар айтылып, Х.Карзай елдегі жағ­дайды тұрақтандыра алмады деген пікірлер қалыптасқан. Тіпті “Кар­зай Кабулдың губернаторы” деген лақап ат та сырттай пішіліп қой­ылған. Қалай болғанда да ауғандық өкімет шетелдік әскери­лер­дің қол­дауына сүйенуге мәж­бүр. АҚШ президенті Барак Оба­ма өткен жылы Ауғанстанға қо­сымша 30 мың әскери аттандыру туралы мәлім еткені белгілі. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төр­ағасы, еліміздің Мемлекеттік хат­шысы – Сыртқы істер ми­нис­трі Қанат Саудабаев халықаралық коалициялық күштердің “Тали­бан” қозғалысына қарсы опера­ци­ясы Орталық Азия елдері үшін тікелей террористік қауіпті тө­мен­деткені­мен, ауғандық мәсе­ле­ні әскери жол­мен шешу ты­ғы­рық­қа тірел­гендігін ашық айтты. Сондықтан елді қарулы қақты­ғыс­тан алып шығып, бірлікке бастайтын тетік­терді қарастыру – уақыт талабы. Қазақстан өз кезегінде қиын­дық кешіп отырған Қырғызстан мен Ауғанстанға қолұшын беріп келеді. Бір кездері Тәжікстанға көр­сетілген көмек осы елдегі жағ­дайды тұрақ­тандыруға мүмкіндік туғызғаны белгілі. Қазақ сарбаз­дары­ның ше­кара күзетінде құр­бан болғандығы мұнда әлі ұмы­тыла қоймаған. Қазір Тәжік­стан­ның Ислам Конферен­циясы Ұйымына мүше елдер Сырт­қы істер министрлерінің 37-ші кеңе­сін өткізуі айтарлықтай жетіс­тік. Биыл төрағалық тәжіктердің қо­лы­на көшсе, келесі жылдың ор­тасына таман бұл міндет бізге жүктелгелі отыр. Еліміз осы ұйым аясында да Ауғанстанға көптеген қолдаулар көрсетіп келді және оны жалғастыруға дайын екен­дігін білдірді. Мәселен, Қазақстан соңғы екі жылда 10 мың тонна гумани­тар­лық көмек ретінде азық-түлік жет­кізіп, 2,4 миллион долларға ауру­хана, мектеп салып, жолдарды жөн­дегені мәлім. Өткен жылы еліміз ИКҰ-ның Ислам ынтымақ­тастығы арнайы қорына 1 миллион доллар ауда­рып, ол қаржының бір бөлігі Ау­ған­станды қалпына келтіру үшін жұмсалған. Арнайы келісім бой­ын­ша 2010-2020 жылдары қазақ­стандық оқу орындарында ауған­дық студенттерді оқыту тура­лы шешім қабылданып, оған 50 миллион доллар бөлу көзделіп отыр. Осылайша, 1 мыңдай ауған­дықтың білім алуына жағдай туғызылады деп күтілуде. Өркениет көшіне ілесуге талпынған Ауғанстан, сонымен қа­тар, есірткі саудасын қыздырып отырған ел екені де баршаға аян. Кейбір дерек көздері ауғандық есірт­кінің саудасы жылына 20 мил­лиард АҚШ долларына жете­тіндігін айтады. Бірақ одан ауған­дық ша­руалардың шекесі шыл­қып отыр­мағаны белгілі. Талибан содырлары шаруаларға есірткі өндіргені үшін оның тек 10 пайыз үлесін ғана береді екен. Әсіресе, есірт­кіні өндіру шет­елдік әскери­лер бақылап отырған аумақта кө­лемді жүргізілуін немен түсін­діруге болады? Осы ретте Қазақстан Респуб­ли­касы мен Ауғанстан Ислам Рес­публикасы үкіметтері арасын­да есірткі заттарының, прекур­сор­­лар­дың, психотроптық және оған теңестірілген заттардың заңсыз айналымына және оларды тұтынуға қарсы күрес туралы келі­сімге қол қойылды. Осының өзі еліміздің ай­мақтағы жағдайды тұрақтандыруға деген игі мақса­тын айшықтап бер­ді. 2008 жыл­дың 12 маусымында Ауғанстанды қолдау жөніндегі Па­риж халық­аралық конференция­сында еліміз Ауғанстан Президенті Х.Карзай­дың 2013 жылға дейінгі ұлттық дамудың стратегиясын қол­даған еді. Ауғанстан Ислам Респуб­ликасы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының азиялық әріптесі болып табылады және де Ұйымның жанындағы ба­қылаушы мәртебесіне ие. Сон­дық­тан да еліміз ЕҚЫҰ төрағасы ре­тінде Ауғанстан мәселесіне ерекше ден қоятыны түсінікті. Қорыта келгенде, “терро­ризм ошағына” айналған елді өрке­ниет­­тер өрісіне шығару үшін ал­ды­мен халықтың сана­сын көтеру қажет­тігін уақыттың өзі көрсетіп отыр. НАТО коа­лициялық күш­терінің іс-әре­кеттері әзірге ешқандай нәтиже берер емес. Сондықтан ауған проб­лемасын жүйелі түрде қарас­тырып, оны шешу тетік­терін экономи­ка­лық негіздерден іздеу керек сияқты. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.