Өнер • 11 Шілде, 2022

Әр суретте бір құпия

424 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сұлулыққа бәріміз құштармыз. Әдемі картинаға да сан түрлі бояулардың үйлесімін көру үшін қараймыз. Суретшінің талантынан туған бояулар толқыны көңілге бір жылылық сыйлайтындай елегзиміз. Қарап тұрып өз әнімізді тыңдағымыз келеді. Дыбыссыз музыкаға қимылсыз билегіміз келеді. Бәрі эстетикалық ләззат алу үшін. Дегенмен картина тек әсемдіктен тұрмайтыны тағы анық. Кез келген көркем туынды сол уақыттың, сол қоғамның тынысын суреттейді. Астарында қандай да бір ой, сыр, шындық, көзқарас жатады. Ол тіпті құпия болуы да мүмкін.

Әр суретте бір құпия

Микеланджелоның «Адам атаның жаратылуы». Бұл – ав­тордың ең танымал шығар­маларының бірі. Бір қарағанда, адамның миы бейнеленген бе дерсіз. Картинаға миды деталь қылу көркемдікке қаншалық­­ты саяды? Ал бұл бекер емес екен: Микеланджело анатомияға ­қы­­зығатын. Тіпті мәйіттерді ке­сіп те көрген деседі. Иә, сурет – адам ойының жемісі.

Үлкен Питер Брейгельдің «Фламанд нақылдары». Кар­тинада сол кездегі 112 голлан­диялық халық мақал-мәтелде­рі суреттелген. Мысалы, «мы­сыққа қоңырау ілу» қауіпті һәм ақылсыз әрекет жасау­ды меңзесе, ал «есіктің тұтқа­сын сүю» жасандылықты біл­діреді. Ондағы мақсат – адам­дардың өз іс-әрекеттерін саралап, сабақ­тап, тіпті өмірлік көзқараста­рын да тағы бір нақтылап алуды көздейді. Иә, көркем туынды көрушіге, тек эстетикалық рахат сыйламайды: ізгілікке ша­қырады, жақсы өмір сүрсін дейді.

Ян ван Эйктің «Арнольфин­дердің портреті». Мұнда, негі­зінен көпес Джованни ди Ни­колао Арнольфини мен оның әйелі бейнеленген (кей зерт­теушілер бұл суретші мен оның жұбайының автопорт­реті еке­ніне сенімді). Алайда өнер­тану­шылардың көбісін картина­да елеусіз ғана тұрған айна қызықтырады. Сол айнаның арғы жағынан қолында палитрасы бар суретшінің сұлбасы көрініп тұр. Ал айнаның үстінде «Мұнда Ян ван Эйк болған» деген жазу жазылған.

Винсент Ван Гогтың «Арль­­дағы бөлмесі». 1888 жы­­лы мамырда суретші Арльге (Фран­­цияның оңтүстігіндегі қала) көшіп, шеберхана ашып, шы­ғармашылықпен айналысты. Ал күзге қарай ол жаңа мекенге толық жайғасып, үйренген соң жатын бөлмесін салуды ойлайды. Картина, негізінен сары тондарға құрылған. Бұл да тегін емес: зерттеушілер мұны Ван Гогтың эпилепсияға қарсы дәрі қабылдауымен түсіндіреді. Яғни бәрі жасыл-сары түске айнала бастайды.

Пабло Пикассоның «Көк бөлмесі». Ал мына картинаның сыры басқа. «Көк бөлмеге» қарап сіз не байқап тұрсыз? Мұнда ер адамның портреті жасырынып тұрғанын көп адам байқамауы мүмкін. Бұл дерек 2008 жылы картина сарапта­ма­ға ұсынылған кезде белгілі болды. Мұнда ешқандай мис­тика жоқ. Тек Пикассоның әрқашан сурет салатын таза кенептері болмаған. Сондықтан ол қажетсіз суреттерді пайда­ланды. «Көк бөлмедегі» белгісіз кейіпкердің сұлбасы да сол бұрынғы суреттерден қалған.

Винсент Ван Гогтың «Түнгі кафе террасасы». Зерттеушілер бұл суретті Леонардо да Винчи­дің «Соңғы кешкі асына» сіл­теме деп санайды. Суреттің дәл ор­тасында аппақ болып киін­ген ұзын шашты даяшы (Иса Мәсіхтің киіміне ұқсайды) бейнеленген. Террассада 12 адам бар: кешкі асқа қалмаған Иуда секілді біреуі есік алдында тұр. Ал даяшының артында крест салынған.

Леонардо да Винчидің «Соң­­ғы кешкі асы». Суретші үш жыл бойы Яһуданы бейне­лей­­тін адам іздейді. Бірде көше­де мас біреуді кездестіріп, су­ретін салуға шақырады. Оны са­лып болған соң, әлгі адам Да Вин­чиге бұрын да образға ке­йіпкер болғанын айтады. Шы­нын­да да, бірнеше жыл бұрын Леонардо одан Мәсіхті жасаған екен.