Қоғам • 11 Шілде, 2022

Жастарға арналған жұмыс жәрмеңкесі өтті

347 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі ведомстволық бағынысты ұйым­дарымен бірлесіп елорда­ның жастары мен ЖОО және колледж түлектері үшін бос жұмыс орындар жәрмеңкесін ұйымдастырды. ЖОО түлек­терін жұмысқа орналастыру мәселесі әлі де өзекті. Барлық сертификатталған мамандар университетті бітіргеннен кейін бірден жұмыс таба алмайды. Сондықтан жастар жәрмеңкесі – бұл өздері қалаған саладағы бос жұмыс орындары нарығын зерттеуге және бірнеше жұмыс берушімен бір жерде тікелей сөйлесуге тамаша мүмкіндік.

Жастарға арналған жұмыс жәрмеңкесі өтті

Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бас­қар­масы басшысының орынбасары Ерлан Нұрланұлы қала бойынша жұмыссыздар саны 6 500 адам екенін, оның 20 пайызын 29 жасқа дейінгі жас­тар құрайтынын атап өтті.

«Бүгінгі жәрмеңке жұмыс беруші­лерге де, жұмыс іздеушілерге де өте пайдалы. Себебі әркім өзінің қала­ғанын бір алаңнан, бір ортадан табуға мүмкіндік туып отыр. Біз жылдың соңына дейін осындай сипатта әлі бірнеше жәрмеңке ұйымдастыруды көздеп отырмыз», деді ол.

Биыл жұмыспен қамту орталығы 18 жәр­меңке өткізген, жыл соңына де­йін тағы осынша өткізу жоспарлап отыр.

«Қаламызда өтіп жатқан осындай іс-шаралар жастардың тұрақты жұмысқа орналасуына оң ықпалын тигізетіні анық. Себебі жұмыс іздеуші жас маман жұмыс беруші тараппен тікелей және бетпе-бет жолығуына мүмкіндік бар. Өзі туралы айтып, өзі қалаған мамандық туралы толықтай ақпарат алуына да жағдай жасалған. Және де жәрмеңкеге келген жастар жұмыс беруші мекеменің қоятын талаптарымен танысып, мамандығының қыр-сырына үңіледі. Болашақ өмірін бағдарлайды. Сол сияқты жұмыс ұсынушы компания да жас түлектің еңбекке деген ынтасы мен білімін бай­қап, кеңірек диалог құра алады. Менің ойымша осындай жәрмеңкелер қала­мызда жиі ұйымдастырылуы керек», деді жас түлек Бауыржан Нұрғалиев.

Жәрмеңкеге арнайы келген жеке кәсіпкер Мейрам Әбдірахманов өзінің жиһаз шығаратын кәсіпорнына екі қызметкер іздейтінін, егер жас мамандардың жұмысқа деген ынтасы болса, әрі қарай өсіп-өркендеуіне қолдау білдіретінін айтты.

«Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі­нің қолдауымен ұйымдастырылған шараға келіп отырмын. Біздің жеке кәсіпкерлігіміздің атауы – «Төрт аға­йынды». Негізгі жұмысымыз – жиһаз жасау. Сондықтан маған екі жұмысшы қажет. Біріншісі – дизайнер, екіншісі – жиһаз құрастырушы. Сол екі маманды тапсам деп келіп тұрмын. Негізінен жұмысқа жас мамандар керек. Себебі қазіргі жастардың ойлауы, өмірге, қоғамға деген көзқарасы жаңаша. Жұмысымызға тың бағыт бере ме деген үмітім бар. Біздің тараптан қойылатын негізгі талап – жұмысқа деген ынтасы болса, біз қалғанын үйретіп, оның кәсіби маман болып қалы­птасуына көмектесеміз. Кез кел­ген адам маман болып тумайды, уақыт өте келе жетіледі және өз ісінің шебе­ріне айналады. «Төрт ағайынды» жеке кәсіп­керлігіміз 2020 жылдың қазан айында құрылған. Кішкентай ғана орын­нан көлемді кәсіпорынға қадам басып жатырмыз. Жаңадан жеке кәсіпкер болып тіркеліп, жұмыс жүрг­ізіп келе жатқан азаматтар мемлекет тарапынан қандай қолдау барын толықтай білмейді, сол себепті бізде өзімізге берілетін мүмкіндіктерді білу мақсатында осындай іс-шараға келіп отырмыз», деді жеке кәсіпкер Мейрам Әбдірахманов.

Жастарға арналған жәрмеңкемен қатар, кәсіпкерлер үшін Ашық есік күні ұйымдастырылды. Шағын және орта бизнес өкілдері мемлекеттік қолдау бойынша қабылданып жатқан шаралар, оның ішінде банктердің бағдарламалары мен несие өнімдері туралы толық мәлімет алуға мүм­кіндік туды. Маусым айының ортасында кәсіпкерлікті дамыту және қолдау ая­сында елордада мемлекеттік орган­­дар, ква­зимемлекеттік сектор, «Даму» кәсіп­керлікті дамыту қоры» АҚ, «Атамекен» өңірлік палатасы, екінші деңгейлі банк өкілдері мен кәсіпкерлердің қатысуымен дөңгелек үстел өткен болатын. Кездесу қоры­тын­­­дысы бойынша кәсіпкерлерді мем­­ле­кеттік, сондай-ақ жеке несие өнімдерін қолдаудың қолжетімді шаралары туралы қосымша хабардар ету қа­жеттілігі анықталды. Ашық есік кү­ніне қаланың Инвестициялар және кә­сіп­керлікті дамыту басқар­ма­­сы­­ның, халықты жұмыспен қам­ту ор­­та­­лығының, «Astana» ӘКК, «AstanaInvest» инвестицияларды дамыту орталығының, «Даму» қорының, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктер мен қаржы ұйымдарының өкілдері қатысты.

Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Бейсен Бөгенбайұлы аталған іс-шара кәсібін енді бастаған азаматтарға кеңінен кеңес алуға мүмкіндік беретін таптырмас алаң екенін жеткізді.

«Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасы, кәсіпкерлер басқармасымен бірлесіп арнайы Ашық есік күнін ұйымдастырудамыз. Негізгі мақсат – мемлекет тарапынан қарастырылған қолдауларды жеке кәсіпкерлерге ке­ңінен түсіндіру. Олардың ішінде қара­пайым қағидалардан бастап бизнес­тің жол картасы, қаржылық ұйым­дардың қызметі бар. Өзіміздің кәсіп­кер­лер палатасынан да бірнеше қыз­метк­ер келді. Олардың барлығы ақысыз қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда жеке кәсіпкерлер жарты жылдың қорытынды есебін тапсырып жатыр. Мысалы, кіші кәсіпкерлердің жеке бухгалтерлері болмағасын, бү­гін біз оларға ақпараттық жағынан көмек­тесеміз. Қосымша мемлекеттік қол­даулар бойынша оны қалай алуға бола­ды, қай салалар жатады деген сауал­дарға жауап беру, кәсіп бас­тай­мын деген азаматтарға жол көр­сету мақсатында осындай іс-шара ұйым­дастырылып, бірнеше сала мамандарын бір алаңға жинап отырмыз. Пандемия, карантин кезінде шекаралар жабылып, сырттан келетін жұмыс күші тоқтап қалған болатын. Соған байланысты құрылыс саласындағы өкілдерімен сұхбаттасқанымызда құрылысқа мамандар таппай жатқанын айтқан болатын. Нұр-Сұлтан қаласында 70-тен астам оқу орталықтары бар. Ол жерде қысқа мерзімді оқу бағдарламасына негізделген әртүрлі маман дайындалады», деді Б.Бөгенбайұлы.

Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы Кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Нұржан Әшімов елорда экономикасында орта және шағын бизнестің үлесі 67 пайызды құрайтынын мәлімдеді.

«Біздің мақсатымыз – бұл көрсет­кішті одан әрі дамыту және соның негізінде жұмыс істеу. Кәсіп аш­қысы келетін азаматтар бізге әртүр­лі сұрақпен жүгінеді. Оның ішінде кәсіп ашу үшін не істеу керек, қайда бару керек, мемлекет тарапынан қандай қолдау бағдарламалары бар, екінші деңгейдегі банктердің қандай несиелері бар немесе олардың пайыздық мөл­шерлемелері қанша деген сияқты сұрақ­тар бар. Сондықтан кәсіпкерлер мен тұрғындардың уақытын үнемдеу үшін қаржы ұйымдары мен қала тұрғындарын бір алаңға жинап отырмыз. Бүгін 17 ұйым қатысып отыр. Оның ішінде 12-сі – екінші деңгейдегі банк, 3-еуі – шағын қаржы ұйымы, қалған 2-еуі – несие корпорациясы. Бұл жерде толыққанды кеңес беру, ақпараттандыру жұмыстары жүргізіледі», деді Н.Әшімов.