Руханият • 12 Шілде, 2022

«Қазақанимация» 10 пилоттық жоба ұсынады

269 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Қазақфильм» киностудиясының базасында «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі құрылады. Бұл туралы бүгін Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Қазақанимация» 10 пилоттық жоба ұсынады

Жыл соңына дейін бірлестік он пилоттық жобаны ұсынады, ал талантты жас аниматорлар шетелдік мамандардан арнайы дәріс алады.

«Өздеріңізге белгілі, жас ұрпақ тәрбиесі анимациямен тығыз байланысты. Қазіргі таңда бүлідіршіндеріміз батыстан үздіксіз келіп жатқан шетелдік өнімдерді қарап, тілімізге де, ділімізге де қайшы мультфильмдерді көптеп көріп жатқаны жасырын емес.

Сол себепті де біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымызға негізделген отандық өнімдеріміздің өрісін кеңейтуді қолға алып отырмыз. Мәдениет және спорт министрлігінің тікелей бастамасымен «Қазақанимация» бірлестігінің жұмысын іске қосу – ең алдымен ұлттық анимацияны қолдаудың жаңа жүйесін қалыптастырады. Әрине, ауқымды жұмысты бірден жолға қою оңай емес.

Бірінші кезекте анимациялық пилоттық жобалардың сценарийлеріне байқау ұйымдастырылды. Қазірде ұсынылған жобаларды іріктейтін сараптамалық кеңес құрамыз», делінген жазбада.

Сондай-ақ жиында отандық анимация мамандарының шетелдік компанияларда тағылымдамадан өтуі жайлы мәселе жан-жақты сараланды.

«Бүгінде әлемнің бірнеше жетекші анимациялық студиясынан шетелдік маман тарту арқылы, жыл соңына дейін алғашқы 10 пилоттық жобаны көрерменге ұсынуды көздеп отырмыз. Біз осы жұмыстар арқылы ұлттық анимацияның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ол өнімдерді үлкен прокатқа шығаруды жоспарлаймыз. Заман көшінен қалмай, білімді де білікті шығармашыл жастарымызды қолдап, жаңа идеялар мен тың бастамаларға ыңғайлы алаң жасауымыз қажет. Аудитория сұранысын қанағаттандыратын сапалы контент қалыптасырып, шетелдік әріптестермен тығыз байланыс негізінде қазақ анимациясын халықаралық дәрежеге көтереміз деп сенемін», деп жазды министр.