VI кезектен тыс Съездің шешімімен жастар қанатын трансформациялаудың жаңа бағдарламасы қабылданды, жастар ұйымының атауы өзгертілді. Орталық кеңестің құрамы қоғамдық пікірдің белсенді көшбасшыларын, ҮЕҰ өкілдерін және т.б. тарту есебінен кеңейтілді.
«Жастар Рухы» атауын алған жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев еліміздегі саяси жүйенің трансформациясы «AMANAT» партиясының трансформациясынан басталғанын айтты.
«Партияны дамытудың келесі кезеңі - оның жастар қанатын жаңғырту. Біз жастар мен билік арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді арнасына айналғымыз келеді. Барлық өңірден келіп түскен ұсыныстар негізінде қайта жандандыру бағдарламасы әзірленді. Сондай-ақ ұйымның Орталық кеңесінің құрамы қайта қаралды», деді Нұржан Жетпісбаев.
Бұл ретте «AMANAT» партиясының Төрағасы жастар қанатының алдына бірқатар міндет қойды. Атап айтқанда, жастар мәселелерінің аймақтық карталарын енгізу, дарынды жастар үшін жобалар жәрмеңкесін және басқа да іс-шараларды өткізу, жас көшбасшыларға арналған оқу бағдарламаларының тиімділігін арттыру, NEET санатындағы жастардың проблемаларын шешу жөніндегі жұмысты күшейту, «Бір толқында» пікірталас алаңын және ЖОО түлектерін жұмысқа орналастыру бойынша агенттік құру.
Айта кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейнежазба арқылы «Жастар Рухы» жастар қанатының кезектен тыс VI Съезіне қатысушы делегаттарға құттықтау сөз арнап, ел жастарына арнайы үндеу жолдаған еді.