Спорт • 12 Шілде, 2022

Джокович Надальдан оза ала ма?

169 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Лондондағы аса беделді Уимблдон турнирі Новак Джоковичтің жеңісімен аяқталғаны өздеріңізге мәлім. Сербияның саңлағы финалда аустралиялық Ник Кирьосты ұтып, «Үлкен дулыға» санатындағы жарыстардың 21 дүркін жеңімпазы атанды.

Джокович Надальдан оза ала ма?

Осылайша, ол Рафаэль Надальдың рекордына бір табан жақындай түсті. Енді Джокович тағы бір дүбірлі додада дара шықса, онда даңқты Испания теннисшісімен теңеседі.

35 жастағы Новак Джокович­тің спорттың бұл түрінде бағын­дырмаған белесі жоқ. Ол Аус­тралияның ашық біріншілі­гінде тоғыз мәрте топ жарды. Уимб­л­донда жеті рет жеңімпаз атанды. АҚШ-тың ашық біріншілігінде үш мәрте бас жүлдені олжалады. Ролан Гарроста екі рет дара шықты. АТР Мастерс 1000 турнирінде 38 мәрте және АТР-дің әлемдік турының финалында бес рет теңдессіз деп танылды. Бұл – рекордтық көрсеткіш! Сонымен қоса ол ұзақ жылдар бойы әлемдік рейтингте жеке-дара көш бастады. Бұл күндері Джокович үздіктер тізімінде жетінші орынды иеленуде. Міне, осылай тізбектей берсек, Сербияның саңлағына көптеген керемет көрсеткіш тиесілі екенін аңғаруға болады.

Новак «Үлкен дулыға» турнир­лерінің бас жүлдесіне алғаш рет 2008 жылы қол жеткізді. Сол жа­рыс­тың ақтық сынында 21 жас­тағы сайыпқыран Францияның өкілі Жо-Вильфрид Тсонганы ұтты. Содан кейін үш жыл бойы бағы жанбады. Есесіне 2011 жылы Мельбурн, Лондон және Нью-Йоркте ұйымдастырылған дүбірлі додаларда дара шықты. Тек Париждегі жарыста ғана оның жолы болмай, жартылай финалда сүрінді. Дәл сол нәтижесін ол араға 10 жыл салып, 2021 жы­лы қайталады. Былтыр жасыл құр­лықта өткен Аустралияның ашық бірін­шілігінде ғана оның жолы бол­мады. Финалда Джокович ресей­лік Даниил Медведевке жол берді.

Биылғы маусым Новак Джокович үшін аса сәтті болды деп айта алмаймыз. Себебі ол коронавирусқа қарсы екпе сал­дырудан бас тартқаны үшін жылдың басында Аустралияның ашық біріншілігінен шеттетілді. Ролан Гарроста ширек финалда сүрінді. Тағы бір-екі жарыста сәтсіз өнер көрсетті. Майамидегі Мастерсте бақ сынаудан бас тартты. Соның салдарынан әлемнің бірінші ракеткасы деген атағынан айырылды.

Сербияның спортшысы күні кеше ғана аяқталған Уимблдонның алғашқы айналымдарында оңтүстіккореялық Квон Сон У, аустралиялық Танаси Коккинакис және өзінің отандасы Миомир Кецмановичті қапы қалдырды. Бұл кездесулерде жеңіске жету үшін оған  үш сет жеткілікті болды. Төртінші кезеңде нидерландтық Тим ван Рейтховенді жолынан ығыс­тырды. Ширек финалда италия­лық Яник Синнермер біраз тіресті. Алғашқы екі сетте Син­нер басым түскенімен, одан кейін қар­қынын күрт күшейткен Джокович жеңісті қарсыласының уысынан жұлып әкетті. Жартылай финалда жергілікті ойыншы Кэмерон Норриді ұтса, финалда Аустралияның атышулы теннисшісі Ник Кирьостан айласын асырды.

Бүгінгі таңда «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлерде жеңіп алған бас жүлделердің саны жағынан Новактан бір ғана теннисші озып тұр. Ол – Рафаэль Надаль. Испанияның мақтанышы Джоковичтен бір жас үлкен. 1986 жылдың 3 мамырында Мальорка аралында дүниеге келген сақа спортшы 22 рет ең мәртебелі жарыстардың жеңімпазы атанды. Оның 14-і – Ролан Гарростағы жеңіс. Топырақ төсенішінде өте жақсы ойнайтын Надальды жанкүйерлердің «Грунт королі» деп атауы бекер емес. Қазіргі кезде Пиреней түбегінің түлегі АТР рейтингінде үшінші сатыға жайғасты. Үшінші орында – Роджер Федерер. 40 жастағы Швейцарияның дүлдүлі чемпиондық тәжді 20 мәрте олжалады. Бұл күндері Роджер үздіктер тізімінде жоқ. Соңғы рет ол 2018 жылы Аустралияның ашық біріншілігінде топ жар­ған еді. Содан бергі төрт жыл уақыт аралығында нәтижесі күрт төмендеді. Яғни шау тартып қалған Федерердің алдағы уақытта жоғарыда есімдері аталған қос мықтыға бәсекелес бола алмайтыны анық. Сол себепті де кімнің «Үлкен дулыға» додаларында ең көп жүлде алатыны Рафаэль Надаль мен Новак Джоковичтің өзара тартысы арқылы анықталатын секілді.