АСТАНА. 29 сәуір. Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ішкі істер министрі Құлмұханбет Қасымов 2020 жылға дейін еліміздің 35 қаласында жедел басқару орталығы құрылатынын жеткізді. Бұл туралы ortcom.kz сайты хабарлады.
Брифингте Құлмұханбет Қасымов: «Ішкі істер министрлігі үшін ең басты міндет – жұмысымызды өзі келген немесе хат-хабар арқылы байланысқан әрбір азаматтың өтінішін, мұң-мұқтаждарын назардан тыс қалдырмайтындай етіп ұйымдастыру. Мемлекет басшысы бізден осына талап етіп отыр. Сондықтан біз, 3 жылдан бері қылмысты есепке алу және тіркеу саласында қатаң тәртіп енгізудеміз, орын алған қылмыс туралы өтініштерді электрондық тіркеу жүйесін жолға қойдық. Өткен жылы 2 миллионнан астам талап-тілек тіркелді», – деді.
Ішкі істер министрінің келтірген мәліметіне қарағанда, соңғы 3 жылда ауыр қылмыс саны 22 пайызға, айырықша ауыр қылмыс 14 пайызға, қарақшылық 50 пайызға, тонау 25 пайызға кеміген.
Сондай-ақ, Қ.Қасымов: «Көшеде жүретін күш-қуат құралдарын басқару және маневрлеу үшін жедел басқару орталықтары құрылған. Олар барлық облыс орталықтарында бар. Дегенмен, осындай құрылымдар 2020 жылға дейін еліміздің 35 қаласында болуы керек. Биыл Рудный, Щучинск, Семей, Хромтау қалаларындағы жедел басқару орталықтарының құрылысы аяқталды», – деді.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: ortcom.kz.
Фото: ortcom.kz.