29 Сәуір, 2014

Қазақстанда мемлекеттік қызметке конкурс бойынша тағайындау 3,5 есеге өсті

452 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

29-04-14-gosslujba-1

АСТАНА. 29 сәуір. Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерді конкурс бойынша тағайындау 3,5 есе өсіп, ауысу тәртібімен тағайындау 20 есеге қысқарған. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникация қызметінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Байменов мәлімдеді. Мемлекеттік қызмет жаңа моделінің аспектілері мен «А» корпусына іріктеудің аралық қорытындысы жөнінде жан жақты әңгімелеген Ә.Байменов персоналды басқару қызметтерін кәсібилендіру жайына ерекше тоқталды. Агенттік төрағасының сөзіне қарағанда, егер бұрын аудандық және ауылдық деңгейде негізгі жұмысымен қатар «кадр қызметінің» міндеттерін орындауды қоса атқарып жүрген 5 мыңға жуық адам жұмыс істесе, ал 2013 жылдың наурызынан бастап жалпы саны 500 адамнан тұратын 191 персоналды басқарудың бірыңғай қызметі құрылған. Міне, осындай Бірыңғай конкурстық комиссиялардың арқасында ауылдық және аудандық деңгейде «әлеуметтік лифт» жаңаша жұмыс істей бастапты. Сондай-ақ «е-қызмет» персоналды басқарудың шоғырланған ақпараттық жүйесінің енгізілуімен, жаңа мүмкіндіктер пайда болады деп күтілуде. Мемлекеттік қызметке іріктеу құралдарын жетілдіруге қатысты сөзінде агенттік төрағасы өткен жылдан бері азаматтардың конкурсты күтпей-ақ тестілеуден өтуге құқығы барлығын жеткізді. Бұл тестілеуге қатысушылар санын екі есеге көбейткен. Егер 2011 жылы тестілеуге орта есеппен айына 1950 адам қатысса, 2012 жылы – 2300, ал 2013 жылы 4700 адамға жеткені белгілі болды. Бүгінгі таңда еліміз бойынша 25 мың адамның қолында тестілеуден өткені туралы сертификат бар. Асқар Тұрапбайұлы. Дереккөз: egemen.kz. Фото: news.mail.ru.