Қазақстан • 13 Шілде, 2022

Қазақстан «ҚХР және Орталық Азия қарым-қатынасының 30 жылдығы» атты форумына қатысты

372 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

2022 жылғы 13 шілдеде Қытайдың ірі туристік және қаржы орталықтарының бірі Далянь қаласында Әйелдерді дамыту бойынша «ҚХР мен Орталық Азия қатынастарының 30 жылдығы» атты Форум онлайн форматта өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан «ҚХР және Орталық Азия қарым-қатынасының 30 жылдығы» атты форумына қатысты

Форумның басты міндеті әйелдерді дамыту саласындағы соңғы 30 жылда қол жеткізген бірлескен жұмыс нәтижелерін талқылау, тәжірибе және үздік тәжірибемен алмасу, сондай-ақ Тұрақты даму саласындағы күн тәртібі шеңберіндегі мақсаттарды ілгерілету болды.

о

Форум Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына арналған. Оған Қытай Халық Республикасынан, Орталық Азияның бес елінен 200-ден астам делегат және Шанхай ынтымақтастық ұйымының өкілдері қатысты. Елдер делегацияларын  көшбасшы әйелдер, әйелдер істері жөніндегі мемлекеттік ұйымдардың және әйелдер ұйымдарының басшылары, денсаулық сақтау, ғылым және техника саласындағы белгілі мамандар, ОА елдерінің елшілері, халықаралық ұйымдардың дипломаттары қатысты.

Форумның ашылуында ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаева құттықтау сөз сөйледі.

А. Балаева өз сөзінде Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап әйелдердің құқықтарын қорғау кепілдіктерін орындауда нық тұрғанын айтты. Ұлттық комиссия төрағасы: «Бұл міндеттемелерді біз өзімізге 1995 жылы Бейжің іс-қимыл платформасына қол қою, сондай-ақ 1998 жылы әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы Конвенцияны ратификациялау арқылы алған болатынбыз», деп атап өтті.

«2020 жылы Қазақстан Президентінің тапсырмасы бойынша сайлау партиялық тізімдерінде әйелдер мен жастар үшін 30% квота енгізу әйелдер құқығын саяси ілгерілету бағытындағы маңызды қадам болды. Депутаттық мандаттарды бөлу кезінде квотаны міндетті есепке алу туралы норма заңнамалық түрде бекітілді. Шешім қабылдау деңгейінде әйелдердің 30%-дық үлесіне қол жеткізу туралы міндет қойылды.

Бүгінде өңірдегі гендерлік мейнстриминг бойынша Қазақстан көшбасшы болып танылды. Өткен жылдың маусым айында Парижде өткен Бейжің іс-қимыл платформасының 25 жылдығына арналған «Теңдік ұрпағы» жаһандық форумы аясында Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев гендерлік зорлық-зомбылық және экономикалық әділеттілік бойынша көпжақты әріптестік коалициялары аясында Қазақстанның өзіне міндеттемелер алғанын айтты», деп мәлімдеді Аида Балаева.

Сондай-ақ, Қазақстан делегациясының жетекшісі: «Біз үшін достас елдермен гендерлік теңдік саласындағы жұмыс тәжірибемізбен бөлісу, бірлескен гуманитарлық миссияларға көмек көрсету және қатысу өте маңызды. Осылайша, өңірлік ауқымда Қазақстан ауған әйелдерін Қазақстан мен Өзбекстан университеттерінде оқыту бойынша Еуроодақпен бірлескен бағдарламаға бастамашылық етті», деп атап өтті.

Аида Балаева Форум алаңы өзекті мәселелерді бірлесіп талқылауға және олардың тиімді шешу жолдарын анықтауға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Форумда денсаулық сақтау саласындағы қазақстандық ғылымды «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми-зерттеу институты» РМК Бас директоры, қазақстандық QazVac вакцинасын әзірлеуші Күнсұлу Закарья таныстырды.

Форумға қатысушылар Қытай мен Орталық Азия қарым-қатынастарының 30 жылдық дамуы ұлттық деңгейде дамуға серпін беріп қана қоймай, өңірдегі бейбітшілікті қолдау үшін нақты жағдай жасағанын атап өтіп, мынадай бастамаларды көтерді: бірлескен күш-жігерді өңірдегі бейбітшілік даму мен қауіпсіздік пен тұрақтылықты қорғауға бағыттау; әйелдердің жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасау; «Бір белдеу және бір жол» бастамасын бірлесіп іске асыруға әйелдердің күшін жұмылдыру.