Қалалық архивке 60-қа жуық іс, мыңға тарта құнды құжат тапсырылды. Бір әулеттің балалары ата-бабаларынан қалған жәдігерлерді мұрағатқа өткізіп, қазақ руханиятына өз үлесін қосты.
Шараға жиналған қауым жылы лебізін білдірді. Алғашқы сөз кезегі облыстық аналар кеңесінің төрайымы Жамал Қасымбековаға берілді.
«Андас әулетінің қоры» миллиардтан аса халқы бар Қытай мемлекетіндегі қазақ қандастарымыздың тарихын білуімізге үлкен көмек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітабын оқып отырып, осы Қытай мемлекеті туралы көп нәрсені білгенмін. Олардың қандай халық екенін, әдет-ғұрпын дегендей... Сондықтан әулеттің игі ісі көпке үлгі», деді Ж.Қасымбекова.
«Андас әулеті» халық шығармашылығын, қазақ фольклорын зерттеп, ата мұрасын ардақтап, ұлттық өнерді жалғастырып келеді. Бүгінде 7 бала, 16 немере-жиен тәрбиелеп отыр. Андастан тараған ұрпақтар ата-бабаларының бес ғасыр бойы тұтынған 700-ден астам жәдігерін сақтап, мұқият зерделеген. Оның бір бөлігін Күнес аудандық мұражайына сақтауға тапсырса, 100-ге жуығын «Атамекен» мәдени орталығының қорына өткізген.
«Мәселен Қытайда әр отбасының өзіндік архиві болады. Бізде де сол нәрсе қалыптасу керек. Шетелде бұл дәстүр жалғасқан. Ал ол несімен құнды дегенде, сондағы архив санымен және құжаттарымен бағалы. Мысалы, бір жапырақ құнды қағазды жұмарлап тастай салсаңыз қоқыс, жинап қойсаңыз мүлік, ал архивке өткізсеңіз ол мемлекет меншігіне айналып, құнды құжат болмақ», деді Андас әулетінің бір мүшесі, журналист Қажет Андас.
Бүгінде аталған отбасының өнегесін әулеттің немере-жиендері жалғастыруда.