Өнер • 13 Шілде, 2022

«Қазақанимация» жақсы жаңалықтың бастауы болса

324 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әлемдік киноөндірісте анимациялық фильмдер жасауға жүз­деген миллион доллар жұмсалады. Нарықта табысты тауарға айналған мультфильмдер өз шығынын аз уақытта әлденеше есе артығымен ақтайды. Өйткені сұраныс та, сапа да, бәсеке де бар. Иә, анимациялық туындылар балаларды қызықтырып, уақытын өткізетін һәм танымдық тұрғыда жетілдіретін тәрбиелік құрал ғана емес, нарыққа шығатын көркем тауар сынды.

«Қазақанимация» жақсы жаңалықтың бастауы болса

Елімізде қазақ әдебиетіндегі авторлық және фольклорлық шы­ғармалардың желісі бойынша жасалған мультфильмдер едә­уір баршылық. Десек те бүгінгі бал­дырғандар отандық мульт­фильмдерге қызыға ма? Кейінгі уақыт­та оқтын-оқтын аударылып жатқан шетелдік анимациялық фильмдердің тақырыбы қандай? Жалпы, қазіргі мультфильмдердің сапасы сын көтере ме?

Биылғы Балалар жылының қар­саңында аталған мәселелер бел­­гілі бір деңгейде шешімін тап­қалы отыр. Күні кеше ғана Мә­де­ниет және спорт министрі Дәурен Абаев Шәкен Айманов атын­да­ғы «Қазақфильм» акционерлік қо­ға­мы жанынан «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігін құру  жұмыстары қалай жүріп жатқанын баяндады.

«Өздеріңізге белгілі, жас ұр­пақ тәрбиесі анимациямен ты­ғыз байланысты. Қазіргі таңда бүлдір­шіндеріміз батыстан үздіксіз ке­ліп жатқан шетелдік өнімдерді қа­рап, тілімізге де, ділімізге де қай­шы мультфильмдерді көптеп кө­ріп жат­қаны жасырын емес. Сол се­бепті де біз өзіміздің ұлттық құн­ды­лықтарымызға негізделген отан­дық өнімдеріміздің өрісін ке­ңейтуді қолға алып отырмыз. Мәдениет және спорт ми­нистр­лігінің тікелей бастамасымен «Қазақанимация» бірлес­тігінің жұмысын іске қосу – ең ал­дымен, ұлттық анимация­ны қолдаудың жаңа жүйесін қалыптастырады. Әрине, ауқымды жұмысты бірден жолға қою оңай емес», деді Дәурен Абаев.

Министрдің айтуынша, бұған дейін анимациялық қанатқақ­ты жо­ба­лардың сценарийлеріне бай­қау ұйымдастырылса, қазір ұсы­нылған жобаларды іріктейтін са­рап­тамалық кеңес құрылып жа­тыр.

«Әлемнің бірнеше жетекші ани­мациялық студиясынан шетел­дік маман тарту арқылы, жыл соңы­на дейін алғашқы 10 қанатқақты жоба­ны көрерменге ұсынуды көз­деп отыр­мыз. Осы жұмыстар ар­қы­лы ұлттық анимацияның бәсе­ке­ге қабілеттілігін арттырып, ол өнім­дерді үлкен прокатқа шы­ға­руды жоспарлаймыз. Заман кө­ші­нен қалмай, білімді де білікті шығармашыл жастарымызды қол­дап, жаңа идеялар мен тың бас­тамаларға ыңғайлы алаң жасауымыз қажет. Аудитория сұранысын қанағаттандыратын сапалы контент қалыптасырып, шетелдік әріптестермен тығыз байланыс не­гізінде қазақ анимациясын ха­лықаралық дәрежеге көтереміз деп сенемін», деді министр.

Еске салсақ, «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының «Ел рухы» деп аталатын екінші бағытында отандық анимацияны дамыту міндеттері қарастырылған еді. Осыған орай былтыр Мәде­ниет және спорт министрлігі «Қазақ­фильм» жанынан «Қазақ­ани­мация» бірлестігі құрылып, 40-тан астам мультфильм мен қа­зақ­ша компьютерлік ойындар жа­сау жоспарланып отырғанын, ани­мациялық мектептердің ашылатынын айтқан болатын. Аталған жос­пар, міне, енді іске асқалы отыр.

«Қазақанимация» бірлестігі­нің жұмысы жүйелі түрде жолға қойылса, мультфильм жасау өн­ді­рісі тоқтамаса керек-ті. Әрине, ең ал­дымен, өзінің бюджеті бола­ды, 5-10 жылдық жоспары да да­йын. Анимациялық фильм жұмы­сы тоқтамаса, осы саладағы маман­дардың да қолы босамайды, ізде­ністе жүреді, біліктілігі артады.

Қазақ мультфильмінің клас­си­­касы – «Қарлығаштың құй­ры­ғы неге айыр?» күні бүгінге де­йін көрерменнің жүрегінде сақ­талған жып-жылы естеліктей нос­таль­гиялық әсер береді. 1967 жы­лы түсірілген Әмен Қайда­ров­тың бұл туындысы қазақ ани­ма­циясының бастауы болды. Қар­лығаштың символдық мәнін асқақ­татқан фильм келесі жылы-ақ Ленинградта өткен Бүкілодақтық фестивальда екінші жүлдеге ие болып, әлем елдерінің экрандарында көрсетілді. Автордың одан кейін түсірген «Ақсақ құлан», «Құ­йыршық», «Қожанасыр – құ­ры­лысшы» атты анимациялық фильмдері де қазақ мультипликациясына олжа болып қосылды. Осы кезеңде отандық мультипликаторлар түсірген графикалық және қуыршақ фильмдердің саны жүзден асты. Режиссер-суретшілер Ж.Дәненов пен Ұ.Қыстауовтың «Алпамыс батыр», «Айдаһар аралы», Е.Әбдірахмановтың «Тап­қыштар», «Бозторғай», Б.Ома­ровтың «Үш шебер», «Қаңбақ шал», Т.Мұқанованың «Жібек шашақ», «Қайшы», Қ.Сейденовтің «Тігінші мен ай», «Қадырдың бақыты» атты мультфильмдері алтын қорға қосылды.

Соңғы он жылда бұл сала жанр­­лық ерекшелік пен жас көр­сет­кішіне қарай контент өндіру, түрлі тақырыптық бағыт пен стиль­дерді игеруде айтарлықтай алға басты. Ал кейінгі жылдары отан­­дық аниматорлар көпшілікке «Қош­қар мен теке», «Ер Төстік және Айдаһар», «Мұзбалақ», «Қа­зақ елі» сияқты көптеген туынды ұсын­ды. Оның ішінде Ұлттық ки­но­ны қолдау орталығының жоба­лары да бар. Бүгінде бұл мульт­фильмдердің дені Balapan теле­арнасынан көрсетіліп жүр. Десек те балаларға ұсынылып жат­қан бұл жобалар белгілі бір дең­гей­де нәтиже көрсеткенімен, елі­мізде толыққанды қазақтілді контент қалыптастыра алмай келеді. Әрине, бұған әсер етуші факторлар көп. Әлқисса.

Анимациялық мультфильмдер – ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүр мен тарихты көрсететін, жас баланың санасына сіңіретін бірден-бір идеологиялық құрал. Яғни бұл құрал арқылы кез келген тақырыпты, кез келген образды насихаттауға болады. Өмір­ді енді танып жатқан балаларға анимациялық фильм ұсынудың қауіпті жағы да осы, дейді режиссер Тұрдыбек Майдан.

«Анимациялық туындылар қа­зақ қоғамына келгелі бері – сонау 1967 жылғы «Қарлы­ғаш­тың құйрығы неге айыр?» мульт­филь­мінен бастасақ, міне, жарты ға­сырдан асты. Осы уақытта жүз­ден аса фильм жасалды. Яғни қа­зақ ани­мациясы көптеген жолдан өтті. Демек қазір бізде шетелдік мультфильмдермен бәсекелесе ала­тын мүмкіндік бар. Жаңадан құрылып жатқан бірлестіктің ал­да атқарылар жұмыстары, әрине көңіл қуантады. Алайда осы жыл­ға жоспарланған 10 қанат­қақ­ты жобаға шетелдік маман­дар шақы­рылмақ екен. Қазақтың ­тілін, ділін, салт-санасын түсінбей­­тін шетелдік режиссерлер ұлт­тық ани­­мацияның дамуына қандай үлес қоса алады? Мұнда шетел­дік маманның тәжірибесімен ғана бөлісу аздық етеді. Мамандар­ды ұлттық руханиятқа да тәрбие­леу керек. Яғни фильмнің техника­лық сапасы мен рухани әлеуеті тең тоғысқанда ғана отандық сапалы өнім шығады», дейді Тұрдыбек Майдан.

Сондай-ақ режиссердің айтуын­ша, қазір өзімізде де та­лант­ты мамандар жетерлік. Тіпті ше­тел­ден тапсырыс алып, жұмыс істеп жатқан студиялар бар.

«Сол студияларға мүмкіндік беріп, қолдау осы бірлестіктің мой­­нына артылмақ. Жасалар жұ­мыс та атүсті орындалмаса екен дей­­міз. Ани­ма­циялық фильмдерге қаржы бөлін­гені жақсы, бірақ оған қоса уақыт та жеткілікті бе­рілуі қажет. Жос­парға сай қысқа уақытта өткі­зу деген, ең алдымен, фильмнің шала­лығына алып ке­леді», дейді ол.

Тәуелсіздік жылдары елімізде көркем өндіріс саласы (әдебиет, театр, кино, анимация) белгілі бір деңгейде нәтижесіздік күйінде болды. Әрине, отыз жылдағы мәдениет пен өнердегі жетістіктерді жоққа шығара алмаймыз. Десек те қазір ел руханиятындағы әр сала­да жүйесіздіктен туындаған үл­кен мәселелердің бары анық. Бар­лығына кәсібилік һәм қаржылық қол­дау жетіспейді. Анимациялық фильм тақырыбында да сол түйт­кіл. Іске асырылып жатқан жаңа жоба аталған саланы жүйелендіріп, сапалы нәтижелер көрсетеді деп күтеміз. Қазіргідей өндірістік-тех­нологиялық сала қарыштап да­мы­ған уақытта балаларға сапа­лы дүние көрсете алуға, тіпті мүмкін­дік көп.