Инфографиканы жасаған Алмас МАНАП, «ЕQ»
Amanat сақтандыру компаниясы сайтындағы мәліметке сүйенсек, көлікті міндетті сақтандыру немесе АҚЖМ – автокөлік иесінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру. Бұл сақтандыру түрі сіздің кінәңізден болған жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен үшінші тұлғаға материалдық шығынды өтеуге кепілдік береді. Нақтырақ айтқанда, егер сіз біреудің көлігіне зақым келтірсеңіз, онда өзіңіз таңдаған сақтандыру компаниясы міндетті полис бойынша әлгі көлікті жөндеуге қаржы бөледі.
Қазақстан заңы бойынша, әр көлік жүргізуші АҚЖМ полисін ресімдеуге міндетті. Егер жүргізушіде мұндай сақтандыру полисі болмаса немесе оның жарамдылық мерзімі өтіп кеткен болса, онда автокөлік иесіне 10 АЕК (31 800 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Сақтандыру полисінің құны көлік жүргізушінің өтіліне, көліктің жылына байланысты.
Ал ерікті сақтандыру – КАСКО-ның жөні бөлек. Сақтандырудың бұл түрі автокөлікті оқыс оқиғалардан, атап айтқанда, өрт, жарылыс, жол апатынан, ұсақ бұзақылықтан, вандализмнен сақтандырады. Мысалы, аулада тұрған көлікті сызып кету, терезесін сындыру секілді оқиғалар жиі кездеседі. Егер көлігіңізді мұндай ұсақ бұзақылықтан, басқа да қауіп-қатерден сақтандырған болсаңыз, оның барлық шығынын КАСКО-ны міндетіне алған сақтандыру компаниясы төлейді.
Мамандардың айтуынша, сақтандырудың осы түрі арқылы автокөлікті бас-аяғы 17 қауіптен сақтандыруға болады. Қауіп-қатер тәуекелінің кең ауқымын қамтитын болғандықтан, әлбетте, бұл сақтандырудың құны қымбатырақ. Мысалы, көлігіңізді жол-көлік оқиғасынан, ұрлықтан, зақымданудан сақтандырғыңыз келсе, оның құны орта есеппен – 150 мың теңгеге жуықтайды. Жалпы алғанда, КАСКО сомасы жеңіл автокөлік үшін – жылына авто құнының 3,5%-ы көлемінде, коммерцияға арналған автокөлік үшін – жылына авто құнының 4%-ы мөлшерінде есептеледі.
КАСКО-ның сақтандыру сомасы ерікті сақтандыру келісімшартында және «Сақтандыру» графасындағы төлем кестесінде көрсетіледі.
Соңғы жылдары міндетті автосақтандыру полисіне қоса, автокаско ерікті сақтандыру полистерін алушы автожүргізушілердің саны айтарлықтай өсіпті. Ұлттық банктің мәліметтеріне сүйенсек, 2022 жылдың бес айы ішінде КАСКО ерікті сақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықақысының жалпы көлемі 16,3 млрд теңгені құраған. Бұл – өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 26,4%-ға артық көрсеткіш.
КАСКО полисін ресімдеген қазақстандықтардың 85%-ы – ер азаматтар болса, 15%-ы – әйелдер. Көбіне 29-35 жас аралығындағы азаматтар көлігін кешенді сақтандыруды құп көреді екен.
Freedom Insurance сақтандыру компаниясы мамандарының зерттеуі бойынша, КАСКО полисін алматылық жүргізушілері жиі ресімдейді. Одан кейінгі орында – Алматы облысы болса, үшіншісі – елорда тұрғындары. Ал Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының автожүргізушілері бұл сақтандыру түрін сирек пайдаланады.
Мамандардың сөзіне қарағанда, КАСКО ресімдеген жүргізушілердің дені жазатайым оқиғалар мен үшінші тұлғаның бұзақылық әрекетінен қорғау полисін таңдайды (39%-ы). Ал «темір тұлпарын» жол-көлік оқиғасынан сақтандырып қойған азаматтардың қатары – жалпы, КАСКО ресімдеген жүргізушілердің 27%-ын құрайды.
Жалпы, КАСКО ерікті сақтандыру 12 айға ресімделеді және сақтандыру сомасы біткенше қолдануға болады.