Театр • 14 Шілде, 2022

Маусым мерейі – «Орфей мен Эвридика»

363 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Астана Балет» театры тоғызыншы маусымының шымылдығын «Орфей мен Эвридика» бір актілі балетінің премьерасымен жапты. Бас дирижер Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өткен спектакльді хореограф Кристина Полин қойды.

Маусым мерейі – «Орфей мен Эвридика»

«Орфей мен Эвридика» балеті өзінің сыршыл сазды әуенімен, жүрек пернесін түртіп, сезім сырын шертер нәзік те сұлу музыка мен бидің сәтті үндесуімен ерекшеленеді. Қойылым Сергей Про­­кофьев, Эдуард Уильям Элгар, Георг Фрид­рих Гендель, Дэвидсон Джако­нелло сынды композиторлардың әсем әуендерімен сүйемелденген. Ал костюм бойынша суретші Деннис Пешкенің сахналық киімдерінде әйгілі мифтің символикасы шынайы көрініс тапса, сценограф Отто Бубеничектің деко­рация­сында тауға ұқсайтын бір­келкі емес, айналы геометриялық кескін­дер қолданылды. Мұның барлығы спек­­такльдің шырайын ашып, көркін кір­гізгені анық. Дегенмен, ең бастысы, хорео­графия мен астаналық театр әртіс­терінің шеберлігі көрерменін айрықша тәнті етті.

– Сахнадағы әрекет – шығармашы­лық қиялдың жемісі ғой. Сондықтан да мен өзімнің қойылымдарыма үнемі грек мифологиясының кейіпкерле­рін кіріктіргенді ұнатамын. Әйтсе де, мифтің мазмұнын, сонымен қатар кейіпкерлердің мінез-құлқын сәл-пәл өзгертемін. Мен үшін, ең бастысы – спектакль мазмұнын бишілердің қимылымен жеткізе білу. Яғни, костюм, декорация, өзге де сахналық безендіруді мейлінше аз қолдануға тырысамын. Маңыздысы – би арқылы көңіл күй ырғағын жеткізу, деді премьерадан кейін қойылым туралы ойымен бөліскен қоюшы-хореограф Кристина Полин.

Орфейдің рөлін жетекші солист Сүндет Сұлтанов пен бірінші солист Уэсли Карвальо, муза әрі Орфейдің сүйік­тісін жетекші солист Айнұр Әбіл­ғазина мен Татьяна Тен, ал кемталант жазушы Аристейдің бейнесін дарынды бишілер Ерқанат Ермағамбет пен Эльдар Сәрсембаев сомдады.

Сонымен қатар жаңа қойылымға Илья Манаенков, Назерке Аймұха­метова, Дарина Қайрашева, Байқадам Түнғатаров, Артур Эдсон, Наталья Фер­нандес-Менес, Аңсаған Көбентай, Анар Дүкиева, Аққали Тұрғали, Нұрзат Берікқазыұлы және Серік Аманжол сынды театр әртістері қатысты.

Маусымжабар көрікті кештің екінші бөлімінде астаналық көрермен назарына ұсынылған чех елінің аты аңызға айналған пәлсапашы-хореографы Иржи Килианның «Жолдан тайғандар» балеті симфониялық оркестрдің ұрмалы аспаптар тобының сүйемелдеуімен орын­далды. Ғажайып Килиан хореографиясы мен сұңғыла Стивен Райх­тың дауылпаз композициясының шы­ғар­машылық үндестігінің жемісі – сах­надағы сегіз балеринаның қалық­таған қимылынан-ақ білініп, сезіліп тұрды. Хореорафтың туындысы әуезді­лігімен, монохромды эстетика және орын­даушылықтың әлемдік деңгейімен ерекшеленді.

а

– Биылғы театр маусымы гастрольдік сапарлар жағынан да, түрлі жобалар жағынан да өте мазмұнды болды. Премье­ралық қойылымдар, сонымен қатар репертуардағы үздік спектакльдер көрермен назарына ұсынылды. «Орфей мен Эвридика» балетінің премьерасы да ойдағыдай өтті. Көрермен зор ықыласын, қошеметін білдірді. Театр сүйер қауымның арқасында біздің де тынысымыз ашылып, тың дүниелер шығаруға талпынып, шабытқа бөленіп, аса мәртебелі көрермендерімізбен қайта қауышу үшін алдағы театр маусымын асыға күтетін боламыз, деп театр директоры Александр Совостьянов маусымжабар өнер оқиғасын түйіндеді.

Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткен театрдың жаңа туындысына тәнті болған көрермен спектакль соңынан жемісті жұмыс атқарған шы­ғармашылық топқа зор қошеметін білдіріп, толассыз шапалағын жаудырды.