Бағдарламаға қатысу үшін Орталық Азия елдерінің, сондай-ақ Әзербайжан мен Моңғолияның технологиялық жобаларынан 330 өтінім жолданды. Іріктеу осы жылдың мамыр айында басталып, бірнеше кезеңнен тұрды. Жобаларды Орталық Азия елдерінің сарапшылары, сондай-ақ Google Developers өкілдерінен құралған арнайы комиссия бағалады.
Комиссия іріктеп алған 65 үздік жобаның ішінен бағдарламаға қатысу үшін ТОП-15 стартап таңдалды. Сондай-ақ 11 резервтік жобаның тізімі анықталды.
Іріктеу жеңімпаздары арасында Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Моңғолия және Тәжікстаннан ұсынылған жобалар бар.
Бағдарлама қатысушылары Google-дың үздік сарапшыларынан мастер-кластар мен тәлімгерлікке тегін қол жеткізіп, бизнес-процестерді тиімді құруды, масштабтауды, серіктестік байланыстарды орнатуды және инвестицияларға дайындалудың негіздерін егжей-тегжей үйренеді.
Google for Startups ең сәтті кейстерге өз платформасында және әлеуметтік желілерде PR қолдау көрсетеді. Өз кезегінде Astana Hub қатысушыларға технопарк аумағында тұратын пәтерлер, жұмыс кеңістігін, PR қолдауды, сондай-ақ Seed Money бағдарламасы шеңберінде 25 млн теңгеге дейінгі сомаға қаржыландыру алу мүмкіндігін ұсынады. Оқу Нұр-Сұлтан қаласында офлайн форматта өтіп, 3 айға созылады.
– Google for Startups сияқты ірі компаниямен серіктестік жаһандық әлеуеті бар стартаптар үшін үлкен мүмкіндіктер ашады. Оларға әлемдік платформаларға қатысуға мүмкіндік береді. Astana Hub осымен бесінші жыл қатарынан стартаптарды акселерациялаумен айналысып келеді. Енді біз жаңа деңгейге шығып жатырмыз. Біз Google корпорациясымен ынтымақтастығымызды нығайтуды жалғастырмақпыз, – деп атап өтті Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркінің бас директоры Мағжан Мәдиев.
Биыл күзде Silkway Accelerator бағдарламасына қатысушылардың екінші іріктеуі өтеді деп күтілуде.
Google for Startups – 2011 жылы Google корпорациясымен іске қосылған стартап-бағдарлама. Ол 125 елдегі 50-ден астам коворкингтер мен акселераторлардан тұрады. Сондай-ақ ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге практикалық сабақтар ұсынады. Биыл Қазақстан бағдарламаның Орталық Азиядағы алғашқы серіктесі аталды.