Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь астанасы – Минскіде өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына қатысты.
Жиын барысында Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік аясында бүгінгі күнге дейін жүргізілген интеграциялық үдерістердің жай-күйі мен перспективалары, сондай-ақ, ЖЕЭК-тің бұрынғы отырыстарында қол жеткізілген келісімдерді іске асырудың негізгі мәселелері талқыланды. Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шарт жобасы қаралды.
Еуразиялық теория үстірт көзқарас немесе жүйесіз ұғымдар легі емес. Керісінше, саяси және экономикалық кеңістікте жүзеге асырылып жатқан күрделі интеграциялық жоба. ЖЭЕК-тің бұған дейінгі мемлекет басшылары деңгейіндегі әр отырысында да президенттер осыны өздерінің дәйекті сөздерімен дәлелдеп берген еді. Міне, сондай отырыстардың бірінде Қазақстан Президенті: «Мемлекеттер интеграцияға жеке-дара, оқшауланып қол жеткізе алмайтын дүниені иелену үшін барады, ал мұндай жағдайда ықпалдасу үдерісі эволюциялық жолмен, сатылап жүзеге асқаны абзал. Біз өз күштерімізді біріктіргенде ортақ мүддеге қол жеткізуді көздеп, бұл істі кезең-кезеңімен атқаруға тиіспіз. Бүгінге дейін біз осы жолмен жүріп, алдымен Кеден одағын құрдық, одан Біртұтас экономикалық кеңістікті құруды аяқтауға жақындадық. Алдымызда Еуразиялық экономикалық одақ құру кезеңі тұр», деген еді. Енді, міне, Қазақстан Президенті айтқан Еуразиялық экономикалық одақ құрудың шешуші кезеңдерінің де төбесі көрінгендей болып тұр. Қазақстан, Беларусь және Ресей президенттері белгілеген межеге сәйкес, Еуразиялық экономикалық одақ 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылуы тиіс. Алдағы мамыр айының аяғында Астанада, міне, осы Одақтың құрылуы жөніндегі құжаттардың соңғы нұсқасы ұсынылған кеңес отырысының қорытынды жиыны өтіп, Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойылмақ. Бұл арқылы интеграцияның келесі сатысын құрудың негіздері қаланып, 2015 жылы Кеден одағына мүше мемлекеттер Еуразиялық экономикалық одаққа еркін қадам баса алады. Соның нәтижесінде «үштік» елдері интеграциялық үдерістер аясында көтерілген барлық бастаманың ешқандай шектеулер мен кедергілерсіз және олқылықтарсыз жүзеге асқанын көздеп отыр. Сонымен, Минскінің Тәуелсіздік сарайында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы басталмас бұрын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Беларусь Президенті Александр Лукашенконың екіжақты кездесуі өтті. Кездесу барысында мемлекет басшылары екіжақты сауда-экономикалық ықпалдастықтың жай-күйі мен перспективаларын талқылады, сондай-ақ, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің алдағы отырысының маңыздылығын атап өтті. – Біз өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, білім және өзге салалардағы екіжақты ынтымақтастықты барған сайын жоғары деңгейге көтере түсуді мақсат етіп отырмыз. Елдеріміз арасындағы сенім мен достыққа негізделген қарым-қатынастардың даму қарқыны жақсы екенін зор қанағаттанушылықпен атап өтуге болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан басшысы Александр Лукашенконы Беларусьте бүгін атап өтілетін бабаларды еске алу күні – Радуницамен құттықтады. Өз кезегінде Беларусь Президенті екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастар қарқынды түрде нығайып келе жатқанын атап өтті, сондай-ақ, Қазақстан Президентінің М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіндегі дәрісі кезінде айтылған Еуразиялық экономикалық одақты дамытуға қатысты идеясын талқылауға дайын екенін айтты. Қазақстан және Беларусь президенттерінің екіжақты кездесуінен кейін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын құрамдағы отырысы болды. Шағын құрамдағы отырыс Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин және Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконың қатысуымен өтті. Келіссөздер барысында Кеден одағы мен Еуразиялық экономикалық кеңістік аясындағы өзара ықпалдастық мәселелері талқыланды. Мемлекет басшылары Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт жобасын дайындау жұмысының қорытындысын шығарды. Бұдан бөлек, үш елдің басшылары еуразиялық экономикалық интеграцияға қатысушылардың құрамын кеңейту мәселелерін қарастырды. Жиында алғаш болып сөз тізгінін «үй иесі» ретінде Александр Лукашенко алды. Ол өз сөзінде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің осыған дейінгі отырысында сарапшыларға, біздің елдеріміздің өкілдеріне Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт жобасын әзірлеу туралы тапсырма берілгенін атап өте келе, былай деді: «Біз сарапшылар мен мемлекет өкілдеріне қандай да бір кедергілер кездесіп, мемлекет басшыларының қатысуы қажет болса, біз кез келген уақытта кездесіп, мәселелерді талқылаймыз деп уағдаласқан болатынбыз», деді. Осылай дей келе, ол Қазақстан және Беларусь президенттеріне еуразиялық интеграцияның даму үдерістері мәселелеріне қатысты ашық талқылаулар жасау үшін Минскідегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысуға келгендері үшін ризашылығын білдірді. «Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылуға аз ғана уақыт қалды. Бұл жерде «Біз бұл күнге қандай нәтижемен келеміз?» деген заңды сауал туындайтыны анық. Мен мынаны айтар едім: қазіргі таңда тараптардың пікірлері бір жерден шықпайтын, яғни қарама-қайшы мәселелер шоғыры да қалыптасып үлгерді. Ал бұл мәселелер бізді алаңдатпай қоймайды. Сол себепті, біз бұл мәселелердің түйінін тарқату үшін жиналып отырмыз. Олардың басым көпшілігі осыған дейінгі отырыстарда шешілуі тиіс болатын. Ол үшін бізге, ең алдымен, тетіктері толық деңгейінде жұмыс істейтін Кеден одағы қажет. Яғни, Кеден одағына мүше елдер арасында тауар айналымы кезінде ешқандай тосқауылдар мен кедергілер орын алмауы тиіс. Себебі, тауар айналымы кезінде ұзақ уақытқа созылған кез келген кедергілер мен тосқауылдар жағымсыз әсер қалдырары белгілі», деді А.Лукашенко. Оның айтуынша, бүгінде кейбір мәселелер бойынша келіссөздер үдерісінде де көп сауал туындап отыр. «Егер, біз алдымызда кездескен осындай кедергілерді шешуге дайын болмасақ, онда мұны ашық түрде мойындайық. Бұған қоса, «бүгінде экономикалық және бюджеттік тұрғыда қиындықтар туындауы мүмкін» деген де пікірлер бар. Алайда, егер мұндай мәселелер туындап жатса, егер біз дайын болмасақ, онда Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы әңгімені де он жылдан кейін ғана айтуға тура келер. Сондықтан, біз Еуразиялық экономикалық кеңістікке, болашақта құрылатын Одаққа қатысты ортақ қызығушылыққа толы басқа да мәселелерді кеңінен талқылаймыз деп ойлаймын. Жалпы алғанда, біздің Одақ тиімділігінің қандай болмағынан оның басқа елдерге тартымдылығы да көрінеді. Яғни, бұл жерде Еуразиялық экономикалық одақтың құндылығы артуы тиіс», деді А. Лукашенко. Сонымен қатар, ол Еуразиялық экономикалық одаққа жаңа мүшелерді қабылдау «пакеттік қағидат» бойынша жүзеге асырылатынын жеткізді. «Яғни, жаңа мүшелерге қандай да бір жаңа мәртебе белгіленбейді, сондай-ақ, жаңа талаптар қойылмайды. Бұл, менің ойымша, өте әділ шешім болады. Демек, Одаққа кіруге ниетті қандай да бір ел «Жол картасын» дайындап, осы жолдан өтсе ғана, ол елді біз Еуразиялық экономикалық одаққа қабылдауды қарастыратын боламыз. Бір сөзбен айтқанда, бізге еуразиялық интеграцияға тек «үдеріс» ретінде қарау, «ең маңыздысы нәтиже емес, жай қатысу» деген қағидатты ұстану мүлдем қажет емес», деді Беларусь Президенті. Александр Лукашенко жиында, сонымен қатар, 2015 жылдың 1 қаңтарында Еуразиялық экономикалық кеңістікке мүше мемлекеттер халықтарының: «Біз қандай жолда тұрмыз?», «Біздің елдеріміз осы үдерістің аясында қандай нәтижеге қол жеткізді?» деген сауалдарына жауап беру қажеттігін атап өтті. «Мұндай сауалдарға біздің жауаптарымыз да дайын болуы керек. Белорус халқының бүгінгі қалыптасқан жағдайға байланысты өз ұстанымы мен өз пікірі бар. Демек, біз әріптес ретінде бұл туралы ашық пікірлесуге дайынбыз. Біз шағын құрамдағы отырыстың алдында мұны екі сағат бойы талқылап, экономикалық мәселелер бойынша пікір алмастық, түйткілді мәселені қарастырдық, сондай-ақ, елдеріміз арасындағы әріптестіктің болашағы мен халықаралық жағдайлар туралы әңгіме қозғадық. Демек, Минскідегі отырыстың нәтижесі онда қабылданатын шешімдерге байланысты болады», деді Беларусь Президенті. Бұдан кейінгі кезекте сөзді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алды. Қазақстан басшысы өз кезегінде Беларусь тарапына, Мемлекет басшысы Александр Лукашенкоға келелі жиынды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және қонақжайлық танытқаны үшін ризашылығын білдірді. «Бүгін сіз бізді Беларусь үшін қасиетті Радуница күні ерекше қонақжайлықпен қарсы алып отырсыз. Мұның өзі де біздің интеграциялық үдерісімізге деген айрықша көзқарасты білдіреді. Отырыстың күн тәртібінде тұрған маңызды мәселе – Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт жобасы. Біз бүгінде шарттың қол қойылуының алдында тұрмыз. Жалпы алғанда, көп жолдың жартысын артқа тастадық, ал сарапшылар жақсы жұмыс атқарды, соның нәтижесінде біздің Одағымызға өзге де серіктестеріміз қызуғушылық таныта бастады. Мен бұл орайда, егер, біздің Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болғысы келетін елдер болса, олар әу бастан келіскеніміздей, біз жүріп өткен жолмен жүріп өтуі тиіс деген пікірмен келісемін. 2014 жылы еуразиялық интеграция идеясына 20 жыл болды. Бұл туралы мен кеше Мәскеу университетінде дәріс оқыдым. Бұл шараға Қазақстан мен Ресей тарапынан ғалымдар, саясаткерлер, саясаттанушылар қатысты. Бұл кездесуде алдағы 15-20 жылда Еуразиялық экономикалық одақтың тағдырын қалай көретінімізге байланысты пікір алмастық. Бұл стратегияда біз басымдыққа ие бағыттар жайын зерделеуіміз, саралауымыз қажет. Енді Еуразиялық экономикалық одақ туралы жобаның өзіне келейін. Бұл орайда, біз осы жобаның әзірленуінің басы-қасында жүрген сарапшылармен, әріптестерімізбен бір үстелде отырып, түрлі келіспеушіліктерді жан-жақты талқылауымыз керек. Қазіргі таңда бұл мәселеге біздің өз елдеріміздің халқы ғана емес, шетелдік қауымдастық та айрықша назар аударып отыр. Сондықтан, біздің елдеріміздің мүдделерін көздейтін барлық құқықтық аспектілерді қарап, оларды орындауымыз қажет. Мен өткен аптада Виктор Христенкомен кездестім. Ол өз кезегінде Одақ туралы шарттың әзірлену барысы жөнінде баяндап берді. Мен осы орайда, көп жұмыстың атқарылғандығын атап өткім келеді. Әрине, кейбір өте нәзік мәселелер бойынша өтпелі кезеңдер қарастырылған. Бұл ретте біз мынаны ескергеніміз жөн. Бұл мәселелердің барлығын біз Кеден одағын құру кезінде, Еуразиялық экономикалық кеңістік қалыптастыру кезінде талқылаған болатынбыз. Әрине, комиссия құрамындағы біздің әріптес-сарапшылар өзара келісілмеген мәселелерді біздің саралауымызға қалдырыпты. Сондықтан, біз бүгін ол мәселелердің әр бөлімін талқылап, бұдан әрі не істейтінімізді шешкеніміз жөн. Мен асығыс шешім қабылдауға қарсымын, бірақ, алдын ала келісілген уақытқа үлгереміз, ол үшін түйткілді мәселелердің түйінін тарқатамыз деген сенімім бар. Біз бұрын да консенсусқа келіп жүрдік, алдағы уақытта да бір келісімге келеміз деп ойлаймын. Менің ойымша, бүгінде күн тәртібінде тұрған түйткілді дүниелердің өз шешімі бар. Қазір, менің ойымша, 3-4 мәселе ғана күн тәртібінде тұр. Олардың барлығын әр бөлім бойынша сарапшылармен бірлесе қарастырамыз деп ойлаймын», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Ресей Президенті Владимир Путин соңғы жылдар ішінде ғана емес, соңғы айлар мен апталар ішінде үлкен ауқымдағы жұмыстардың атқарылғанын тілге тиек етті. «Бір сөзбен айтқанда, поскеңестік кеңістіктегі жетекші интеграциялық бірлестік бойынша үлкен жұмыстар атқарылды деп айтуға болады. Бұл орайда, біз Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа өзіміздің алғысымызды білдіруіміз қажет. Себебі, ол осындай бірлестіктің, осынау идеяның негізін қалаушы және авторы. Ал күні кеше ғана оның Мәскеу мемлекеттік университетінде өте маңызды баяндама жасауы, ал ол баяндамада бұл идеяны алдағы уақытта одан әрі дамыту мәселесінің қаралуы аталған мәселеге Қазақстанның салмақты, байыпты түрде келіп отырғанын байқатады. Шындығына келгенде, біз құрған Кеден одағы бүгінде жұмыс істеп, өз нәтижесін беруде. Мұны біз елдеріміздің экономикаларынан көріп отырмыз. Бұл – факт. Бірақ, біз тағы бір қадам жасай аламыз. Бұл біздің өзара әріптестігімізді одан әрі тереңдетуге бағытталған қадам болуы тиіс. Сол арқылы өзара ынтымақтастығымызды жаңа, жоғары деңгейге жеткізуге мүмкіндік алатын боламыз. Соңғы уақытта сарапшылар деңгейінде, үкіметтік деңгейде үлкен жұмыстар атқарылды. Жақында ғана үкімет басшылары кездесіп, күн тәртібінде тұрған мәселелерді сараптамадан өткізді, бұл ретте олардың да жұмыстарын атап өтуге болады. Осындай ұжымдық еңбектің нәтижесінде 600 парақтан тұратын үлкен, ауқымды, мазмұнды құжат дайындалды. Бірақ, мәселе тек құжат парағының көптігінде емес, мәселе бұл құжаттың біздің өзара ықпалдастығымызды одан әрі тереңдетуге, ол үшін тағы бір маңызды қадам жасауымызға мүмкіндік беретіндігі. Әрине, біз өзіміздің ынтымақтастығымызды жаңа сапалық деңгейге өзгерте аламыз. Бұл біздің елдеріміз экономикаларының бәсекелестігін, олардың тиімділігін арттыруға, сол арқылы ішкі және сыртқы инвестициялардың тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Иә, әлі де сарапшылық деңгейде толықтай әзірленбеген, келісімге келмеген жобалар бар. Бірақ та біз бұл жерге осы үшін жиналып отырмыз. Демек, келісімге келеміз деп ойлаймын», деді Ресей Президенті. ЖЕЭК-тің шағын құрамдағы отырысы одан әрі кеңейтілген құрамда жалғасты. Бұл отырыста екі мәселе қаралды. Олардың бірі – Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шарт жобасының әзірлену барысы туралы болса, екінші мәселе – Арменияның Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің Кеден одағына және Біртұтас экономикалық кеңістікке кіруіне қатысты «Жол картасы» іс-шаралар жоспарының орындалу және жүзеге асырылу барысы жөнінде өрбіді. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Виктор Христенко баяндап берді. Ол өз сөзінде Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шарт жобасын әзірлеу барысында бірқатар мәселелердің нақтыланғанын, сондай-ақ, жаңа мәселелердің күн тәртібіне шыққанын атап өтті. Мұның себебін ол үш ел президенттерінің өз елдері министрліктеріне кейбір мәселелерді қайта саралау мен сараптаудан өткізу қажеттігі туралы тапсырма бергендігімен байланыстырды. Қазақстан, Ресей және Беларусь басшылары шартты дайындауда ілгерілеушілік барын айтты, сондай-ақ, оны әзірлеуге іскер топтардың белсене қатысқанын атап өтті. Үш елдің басшылары құжаттардың келісілу үдерісін оң бағалап, мұның мемлекеттер арасында қалыптасқан қарым-қатынастардың жоғары деңгейінің нәтижесі екенін атап өтті. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының соңында Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Виктор Христенко журналистер алдына шығып, мемлекет басшылары деңгейіндегі отырыс аясында қол жеткізілген мәселелер жөнінде баяндап берді. Оның айтуынша, бүгінде Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың негізгі тетіктері бойынша жұмыстар атқарылған, ал күн тәртібінде тұрған кейбір түйткілді дүниелердің түйінін тарқатуға тапсырма жүктелген. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мемлекет басшылары деңгейіндегі кезекті отырысы мамыр айының 29-ы күні Астанада өтеді деп белгіленіпті. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» – Минскіден. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.