Президент • 14 Шілде, 2022

Президент: Еліміздегі жол құрылысы саласын жемқорлық жайлаған

712 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында автожол инфрақұрылымын дамыту мәселесіне қатысты бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент: Еліміздегі жол құрылысы саласын жемқорлық жайлаған

«Біз бір апта бұрын еліміздің көлік-транзит әлеуетін дамыту мәселелері туралы арнайы жиын өткіздік. Бүгін автожол инфрақұрылымы саласындағы түйткілдерге ерекше тоқталғым келеді. Биыл 11 мыңнан астам шақырым жолға әртүрлі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұған 600 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Жөндеу жұмыстарын созбалаңға салуға болмайды. Жобаларды жүзеге асыру барысын қатаң бақылауға алу қажет. Жолдың сапасына айрықша назар аудару керек. Еліміздің жолдары нашар екені және жол құрылысы саласын жемқорлық жайлағаны ешкімге жасырын емес», деп атап өті Президент.

Мемлекет басшысы өз сөзінде отандық өндірістің әлеуеті толық қолданылмайтынын айта кетті.

«Қазақстанда жол құрылысына қажетті материалдың бәрі бар. Бірақ, отандық өндірістің әлеуеті толық қолданылмайды. Мұны, тіпті, қолдан жасалған тапшылық деуге болады. Мысалы, елімізде битум өндіретін үш зауыт бар. Соған қарамастан, 200 мың тонна битум жетіспейді. Құрылыс қарқынды жүрген кезде оның бағасы үш есе, яғни бір тоннасы 90 мыңнан 250 мың теңгеге дейін қымбаттайды. Үкіметке жол құрылысына қажетті ресурстарды өндіру және тұтыну барысын мұқият саралауды тапсырамын. Соның негізінде құрылыс материалдарын шығаратын жаңа кәсіпорындар ашу қажет. Ал, жұмыс істеп тұрған нысандарды жаңғырту керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде.

Президент мемлекеттік сатып алу конкурсына отандық компаниялар белсене қатыспайтынын сынға алды.

«2019 жылдан бері автожол саласында құны 1,5 триллион теңге болатын мемлекеттік келісім-шарттар жасалды. Соның 40 пайызын шетелдіктердің қатысы бар компаниялар ұтып алған. Біз шетелдік серіктестерімізге қолдау көрсетеміз. Олар үшін нарық әрдайым ашық болады. Бірақ, отандық компанияларымыз белсене қатыспайды. Үкімет жергілікті кәсіпорындар үшін бәсекелі орта қалыптастыруы керек. Кейбір ірі компаниялардың еңбек және материалдық ресурстары жеткіліксіз. Соған қарамастан, олар тендерді ұтып алып, жұмысты мердігерге ысыра салады. Осындай ахуал жылда қайталанады. Тіпті, жұмыстың 100 пайызы басқа мердігерге тапсырылғаны жөнінде мәліметтер бар», дейді Президент.