Кеше Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов және Дүниежүзілік Банкінің Қазақстандағы Тұрақты өкілі Шебнем Аккая «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жөніндегі жобаның екінші фазасы» мен «Сот төрелігінің секторын институционалдық нығайту» жобаларын қаржыландыру үшін Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімдерге қол қойды.
Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі Қазақстан Республикасына ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жөніндегі жобаның қаржыландыруына 102,9 млн. АҚШ доллары, сондай-ақ, сот төрелігінің секторын нығайту жобасын қаржыландыруына 36 млн. АҚШ доллары көлемінде қарыз береді.
«Аталған жобалардың жүзеге асырылуы елдің жиі қоныстанған Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс аймақтарындағы трансшекаралық өзен бассейндеріндегі ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық және экологиялық өмір сүру жағдайларын жақсартуға және институционалдық негіздерді нығайтуға, сондай-ақ, іске асырылып жатқан құқықтық реформаларды қолдауға бағытталған Қазақстанның құқықтық жүйесін әрі қарай жетілдіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік жасайды», – деді Бақыт Сұлтанов.
Қарыздар Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкімен жеңілдік кезеңді қоса алғанда ұзақ мерзімге беріледі. Пайыздық мөлшерлеме пайыздың әрбір есептелу кезеңіне LIBOR+құбылмалы спрэдке тең, ол бүгінгі күні 1 пайыздан кем мөлшерді құрайды. Бір жолғы комиссия – 0,25 %-ды құрайды. Тартылатын қарызға қызмет көрсету мен өтеуді Республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының заңында көзделген қаражат есебінен Қарыз туралы келісімде белгіленген қаржылық талаптарға сәйкес Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі жүзеге асыратын болады.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Дүниежүзілік Банк Қазақстанға жалпы сомасы 6,2 млрд. АҚШ доллары мөлшерінде қарыз берді. Дүниежүзілік Банк негізгі стратегиялық әріптестердің бірі және Қазақстан Республикасының ірі донорларының бірі болып отыр. Бұл жолғы келісімдерге қол қою тараптар арасындағы жоғары сенімділікті тағы да растайды және ынтымақтастықтың нығаюына жарқын дәлел болады.
«Егемен-ақпарат».