Спорт • 14 Шілде, 2022

Хорватияға кімдер барады?

193 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Хорватияның астанасы – Загребте дзюдодан Grand Slam турнирі басталады. Соңғы кездері сүреңсіз өнер көрсетіп жүрген Қазақстан құрамасы үшін бұл кезекті сынақ. Өткен аптада Будапешттегі жарыста тас-талқан болып ұтылған жерлестеріміз осы жолы өз жанкүйерлерін қуантады деп үміттенеміз.

Хорватияға кімдер барады?

Ұлттық командамыздың бас бапкері Нұрбол Сүлей­менов Хорватияға 16 шәкір­тін апаруды құп көрген екен. Солардың арасынан біз Елдос Сметовті бөле-жа­ра атап өтуді жөн көріп отыр­мыз. 60 кило салмақта күш сынасқан кезінде атой салған ол еліміздің спорт­­тық даңқын арттырды. Екі бірдей Олимпия ойын­дарын­да жеңіс тұғы­рына көтерілді. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода күміс алса, 2021 жылы То­киода қолаға қол созды. 2015 жы­лы Ас­танадағы әлем чемпио­ны атанса, 2019 жылы Жа­по­­ния­ның аста­насында үшінші орынды иеленді. Одан бө­лек, тараздық тастү­лек­тің Азия ойында­рының жеңім­пазы және құрлық чем­пионы деген атақтары тағы бар. Бірақ 66 кило сал­мақ­қа ауысқаннан кейін қан­дасымыздың бағы жанбай жүр. Бірқатар аса ірі ха­лық­аралық турнирде сүрінген Сметов бұл күндері әлемдік рейтингте небәрі 78-орынды қанағат тұтуда.

60 кило салмақ дәре­жесінде белдесетін Мағжан Шамшадинге де ерекше сенім артылып отыр. Сыр бойының өкілі кезінде жас­тар арасында әлем чемпионы атанып, басқа да дүбірлі додаларда дараланды. Ере­сектердің дүниежүзілік додасында да жеңіс тұ­ғырына сынық сүйем қал­ғанда сү­­рін­ді. Биыл ол Тель-­Авив­­тегі турнирде қола ме­дальді иеленді.

Сондай-ақ Загребтегі татамиде Нұрдәулет Аманқосов (60 кило), Алмас Ғалымов (66 кило), Ерлан Серікжанов (73 кило),  Бекәділ Шаймерденов пен Абылайхан Жұбаназар (81 кило), Ермахан Әнуар­бе­ков пен Ерсұлтан Мұзаппа­ров (90 кило), Нұрлыхан Шар­хан (100 кило) және Ела­ман Ерғалиев пен Әділ Оразбаев (+ 100 кило) белдеседі. Ал әйел­­дер сайысында Ғалия Тың­баева (48 кило), Салтанат Сұлтанбекова (52 кило), Ба­қыт Құсақбаева (57 кило) және Аруна Жангелдина (78 кило) бақ сы­найды.