Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында 2025 жылға қарай Қазақстанда кем дегенде 5 озық шетелдік жоғары оқу орындарының филиалын ашуды тапсырған болатын. Осыған орай елімізде жаңа университет бой көтермек. Жобаны жүзеге асыруға QS 2022 пәндік рейтингі және Шанхай ARWU бойынша АҚШ-тың үздік 10 білім беру ұйымының қатарына кіретін Мичиган университеті серіктес болып отыр. Бұл шетелдік ЖОО негізінен білім беру, құрылыс және сәулет салаларында халықаралық деңгейдегі жоғары білікті кадрларды дайындайды. Жаңа университет жеке инвестиция есебінен салынады.
«Биыл қаңтар айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда алдыңғы қатарлы шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуды тапсырды. Бұл жұмыс қазіргі кадрларды нығайту және білікті қызметкерлердің тапшылығын жою, білім сапасы мен адами капиталды арттыру үшін қажет. Мұндай жаһандық мақсатқа қол жеткізу бастамасын білім саласындағы табысты жобалар қоржыны бар BI Group холдингі көтерді», деді іс-шарада сөз алған вице-премьер Ералы Тоғжанов.
Ал BI Group директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев өз кезегінде жобаға қатысты ойын:
«Біз үшін өте жоғары халықаралық рейтингі бар, білім беру және құрылыс сияқты маңызды салаларды дамытуға елеулі үлес қоса алатын серіктес табу маңызды болды. Өткен наурыз айында Мичиган мемлекеттік университетімен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойдық. Бүгінде олар елорда мектептерінің директорлары мен оқу ісінің меңгерушілері үшін арнайы біліктілікті арттыру курстарын әзірлеп, сол оқуды 2022 жылдың 16 мамыры мен 15 шілдесі аралығында өткізді. Енді Нұр-Сұлтандағы жаңа университеттің әдістемесі мен оқыту бағдарламасы жасалады. Мұндай халықаралық жобаны дамытудың ұзақ мерзімді перспективасы бар», деп жеткізді.
Жобаны үйлестірушілердің айтуынша, жаңа университет білікті кадрларға деген жоғары сұранысты ескере отырып, бакалавриат, магистратура және докторантурадан басқа қысқа мерзімді үздіксіз білім беру курстарын ұсынбақ. Мұндай курстар мамандарға жаңа бағыттар бойынша сертификаттар мен білім алуға немесе біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар университет білім сапасы, жаңа технологиялар, құрылыс және сәулет салаларында ғылыми-зерттеу қызметімен айналысады.
Университет қалашығы Есіл ауданында, Тұран даңғылының бойында орналасады. Жобаның бірінші кезеңі аясында 2 мың орындық академиялық блок пен 500 орындық жатақхана салынады. Ұзақ мерзімді перспективада барлық қажетті инфрақұрылымы бар 20 мың студентке арналған толыққанды кампус, соның ішінде саябақтар, спорттық-сауықтыру кешендері, зертханалар, технопарк, бизнес-инкубатор және т.б. салу жоспарланып отыр. Бірінші кезеңнің аяқталуы 2024 жылдың екінші тоқсанына жоспарланған.
Салтанатты рәсімде қаланған капсуланың ішінде болашаққа жазылған хат бар. Хатты келешек ұрпақ 2050 жылы, яғни шамамен 30 жылдан кейін ашып оқи алады.