Аймақтар • 17 Шілде, 2022

Қауіпсіз жағажай – семейлік бапкердің тартуы

352 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Семейде жергілікті «атқамінерлер» ондаған жыл бойы шеше алмаған түйткілді мәселені күрестен балалар жаттықтырушысы нүктесін қоюға жақын. Атап айтқанда, грек-рим күресінің бапкері Ержан Амарханов өз қаражатына шомылуға арналған жағажайды салып жатыр.

Қауіпсіз жағажай – семейлік бапкердің тартуы

Бала өліміне бейжай қарай алмады

Мұндай қадам жасауға спорт маманын жыл сайын қайталанатын өзен-көлдердегі адам өлімі мәжбүрледі. Ай­та­лық, қалалық төтенше жағдайлар бас­қар­масының мәліметі бойынша былтыр Семей өңірінде 11 адам суға батып, қаза тапқан. Оның үшеуі балалар. Міне, осындай қайғылы жағдайларды ескерген грек-рим күресінің жаттықтырушысы «мүлдем төзбеушілік» қағидатына сәй­кес алдын алу шараларына кіріседі. Қор­да­ланған мәселені шешудің амалы ре­тінде адам өміріне қауіпсіз жағажай салу туралы шешімді қабылдайды.

«Былтыр Уфа қаласында әлем чемпионатында жүрген кезімде әлеуметтік желіден Семейде баланың суға батып кеткені туралы хабарды оқып қалдым. Ол менің қызымның сыныптасы еді. Бұл жағдай жүрегіме қатты батты. Содан өзен-көлдердегі өлім-жітім көрсеткішіне байланысты ресми статистиканы ашып қарасам, Семей өңірінің бірінші орында тұрғанын байқадым».

Байыппен емес, хайппен қарағандар болды

«Әлем чемпионатынан оралған бойда есейіп, ержеткен оқушыларымды жинап, жағажай салу туралы шешім қабылдағанымды айттым. Барлығы мұны қуана қабылдап, қолдайтынын жеткізді. Әлбетте, бұл оңай шаруа емес. Жасыратыны жоқ, мұны естіген адам­дардың кейбірі мәселенің байы­бына бармай «бұл коммерциялық жоба, жағажай ақылы болатын шығар», деп түрлі қанқу сөздерді тарата бас­тады. Бірден айтайын, бұл ақысыз, тегін жағажай болады. Ең бастысы, біз­дің көздегеніміз – өскелең ұрпақтың қауіп­сіздігі», деді Е.Амарханов.

Бастамашыл азамат құрылыс жұмыс­тарына кіріспес бұрын Төтенше жағ­дайлар министрінің атына хат жазып, техника жағынан қамтамасыз ету жө­нін­де көмек сұрапты. Қуантарлығы, құзырлы орган бұл өтінішті жауапсыз қал­дырмаған. Қазір жағажай құрылысына бөлінген аумақта жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Төтенше жағдайлар бас­қар­масының қызметкерлері арнайы техникамен өзеннің түбін тегістеп, құм, тас және басқа да материалдарды әкелуге жәрдемдесіп келеді.

Министрлік қолдау көрсетті

«Төтенше жағдай министріне барынша қолдау көрсетіп келе жатқанына ризашылығымды жеткізгім келеді. Ми­нистрлік өтінішімізді жерге қалдырған жоқ. Қазір ресми құжаттар реттеліп жа­тыр. Құжаттар дайын болған соң оны қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруа­шылық басқармасына тапсырамыз. Олар осы жерді күтіп ұстау үшін аталған ау­мақты бізге жалға береді. Қа­зір­дің өзінде жағажайдың қашан дайын болатыны туралы сұрап жатқан адам көп. Биыл жағажайдың бір жағы пайдалануға беріледі. Игеріліп жатқан жердің тұтастай аумағы – 2,5 гектар. Бұл аумақты таңдаудағы себебіміз, мұнда қатты ағын жоқ, өзен суы мөлдір, таза. Сәтін салса, келешекте осы жерден серуен­ге арналған кемелермен (теплоход) саяхаттайтындай жағдай қарастырылады», деді бапкер.

Қоғамдық кеңістік тиімді ұйымдастыруды көздейді

Е.Амарханов айтқандай, алдағы уақытта бұл аумақта төтенше жағдайлар қызметкерлері мен медицина мамандары қауіпсіздікті бақылайтын болады. Бұған тиісті орынды қажетті заттармен жарақтау көзделген. Сол секілді қалалық әкімдікке арнайы бақылау камераларымен қамтамасыз ету туралы өтініш те жазылыпты. Қалалық ішкі істер басқармасына да жағажайдағы сақ­тық шараларын күшейту үшін ұсыныс айту жоспарланған. Бұдан бөлек, бұ­қара­лық спортты дамытып, қоғам­дық кеңістіктерді тиімді пайдалану мақ­са­тында аталған аумақта волейбол, фут­бол сынды ойын алаңдарын салу қарас­тырылып отыр.

Жоғарыда айтылғандай, бұл жобаны іскеру асыру оңай болмай тұр. Неге десеңіз, құрылыс жұмыстарына жұмыл­дырылған техниканы қажетті жанар­маймен қамтамасыз ету үшін күніне кем дегенде 150 мыңдай теңге жұмсалады. Ал осы жағажайдың құры­­лысына спорт жат­тық­тырушысы жеке көлігін сатып, несие алған. Сол себепті жағармаймен қамта­масыз етуге жәрдемдесетін жандар табылса, бұған қуана келісетіндерін айтады.

Балаларды күрестің әліппесіне баулып жүрген Ержанның мұндай бастаманың көтеруі тегін емес. Бұдан үш жыл бұрын ол Семей-Новосібір бағы­тындағы отқа оранған автобустан 50-дей адамды құтқарып қалған болатын. Сонымен қоса пандемия өршіген кезде семейлік бапкер көршілес мемлекеттен дәрі-дәрмек тасып, емге қажетті аппараттарды әкелуге қолұшын созған еді. Осындай игілікті істер үшін 2019 жылы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атанғаны да содан.

Жалғыз жағажай жабылды

Жуырда Семейге қарасты Озерка ауылының маңындағы жағажайдың жабылғаны туралы ақпарат тара­ды. Бұл шомылуға рұқсат етілген жал­ғыз орын саналатын. Оның өзінде атал­ған аумаққа адамдар ақша төлеп кіретін. Себебі ол демалыс базасының аумағында орналасқан. Ал қалалық тұр­ғын үй-коммуналдық басқармасының инфрақұрылымы қарастырылған жаға­жайды салып береміз дегеніне он жылға созылып кетті. Биыл тағы да уәдені тө­гу­ден жалықпай «шомылуға арналған орынды ашамыз», деп сендіруге тырысып бақты. Белгілі болғандай, бұған бұрынғы жылжымалы көпірдің маңы таңдалса керек. Бұл үшін маусымның соңында мемлекеттік сатып алу конкурсы жария­лануға тиіс еді. Алайда семейліктердің бұған шыдамы таусылып, жергілікті энтузиастардың бастамаларына қолдау көрсетуден басқа амалдары қалмады.  

P.S. Осы мақаланың жазылуына себепкер болған азамат айтқандай, ол қолдағы бар қаражатын заманауи әрі қауіпсіз жағажайды салуға жұмсаған. Ол бүгінге дейін ешкімге барып қол жайған емес және бұлай істеуге ары жібермейді. Мұндайда Ержан сынды әлеуметтің алдында жауапкершілікті сезетін азаматқа кәсіпкерлер тарапынан қолдау болса екен дейсің.

 

Абай облысы