Қоғам • 17 Шілде, 2022

Лагерьдегі демалыс шаттық сыйлайды

308 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары балалар үйлері санын қысқарту, тәрбиеленушілерді отбасылық ортада өсіру бағытында кәсіби патронаттық отбасы институтын дамыту ісі тиімді жүзеге асып келеді. Осы орайда өмірлік қиын жағдайда қалған балаларды әлеуметтендіру, толыққанды орта қалыптастырып, қоғамнан шет қалдырмай тәрбиелеуде кешенді бағдарламалар қолға алынып жатыр.

Лагерьдегі демалыс шаттық сыйлайды

Бүгінде елімізде Балалар құқықтары жөніндегі уәкілдік барлық күш-жігерді интернаттық үлгідегі балалар үйлерінің санын азайтумен қатар балаларды патронаттық интеграцияланған отба­сы­ларға және отбасылық үлгідегі бала­лар үйлеріне беруге бағыттап, әр баланың отбасында өмір сүру және тәрбие алу құқықтарына мән беруде. Бұл бағытта «Қазақстанның SOS ба­ла­лар ауылдары», «Жанұя» мамандан­ды­­рыл­ған кешені сияқты орталықтар жұ­мы­сының маңызын атап өтуге болады.

Балалардың қоғаммен ықпалдаса өмір сүруін толыққанды қамтамасыз етуге бағытталған орталықтарда білім, тәрбие жұмыстарымен қатар бала­лар­­­дың жазғы демалысы да тиімді үйлес­­тірілген. Деректерге сүйенсек, биыл жазғы лагерьлерге аз қамтылған отб­асы балаларының – 61, ерекше қажет­ті­лігі бар балалардың – 64, девиантты тәр­биедегі балалардың 82 пайызы қамтылған.

Маусым айының 1-інен бастап қала оқушылары жазғы лагерьлерде көңілді демалысын өткізуде. Қалалық Білім басқармасының дерегі бойынша, биыл 100 мыңнан аса бала лагерьлерде демалу мүмкіндігіне ие. Әлеуметтік тұрмысы төмен, көпбалалы отбасылардың балалары, ерекше білім алуды қажет ететін және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 3 мыңнан аса оқушы қала сыртындағы жазғы лагерьлерде тегін демалады. Осы орайда балалардың жазғы демалысын ұйымдастырудың және де ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған психофизикалық техникалық спецификация күшіне енген.

Жазғы демалысын «Жанұя» маман­дандырылған кешені тәрбие­лену­шілері мектеп жанындағы «Күншуақ» жазғы лагерінен бастады. Ал 12-22 маусым аралығында 73 тәрбиеленуші «Спутник» демалыс орнында демалып қайтса, 1-25 шілде аралығында 88 тәрбиеленуші Алматы облысындағы «Өрнек» лагерінде қызықты демалыс күндерін өткізеді. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнәр Байдаулетова «Балалардың жазғы демалысы тәрбие үйінің қабырғасында ғана емес, қала маңындағы лагерьлерде де өткізуге жағдай жасалған. Тә­р­бие­ленушілер баратын лагерьлер та­маша табиғат аясында орналасқан. Ал қызықты әрі ерекше тартымды бағ­дар­л­амалар балалардың демалысын көңілді өткізуге мүмкіндік береді», дейді.

«Жанұя» мамандандырылған ор­талығында балалар күзгі, қыс мез­гіл­деріндегі демалыстарында оқу-тәр­бие жоспарында қарастырылған кес­теге сәйкес қаланың көрікті жер­лерін аралап, танымдық экскурсия­ларға қатысады. Бүгінде орталықта асыраушысынан, ата-анасынан айырылған дайындық сыныбынан бастап 9-сыныпқа дейінгі балалар тәрбиеленуде. Ал 9-сыныпты бітірген балалар колледжерде оқуын жалғастыра алады. Бүгінде орталықтың 20 тәрбиеленушісі колледжде білім алуда. Тәрбиеленушілер 18-ге толғаннан кейін әлеуметтік тұрғын үйлерге орналасып, оларға баспана кезегіне тұру мүмкіндігі де қарастырылған.

Ал SOS Балалар ауылындағы жазғы демалыс тәрбиеленушілер үшін күнделікті тартымды шаралармен жалғасын табуда. Отбасы құндылықтары бала үшін жайлы ортаны қалыптастырып, толыққанды азамат болып өсуіне ықпал ететіні сөзсіз. Бақытты балалық шақтың іргетасы да осы отбасында қалыптасады. Алайда бүгінде отбасыға, ата-ана мейіріміне зәру балалар тағдыры алаңдатады. «Отбасындағы үйлесімді қатынастар» тақырыбына арналған отбасылық тимбилдинг, жазғы де­ма­лысқа жоспарланған қызықты кеш­тер, дөңгелек үстел, тренингтер мен көңілді демалыстар балалар ауылын­­дағы дәстүрлі шараға айнал­ған. Пси­хо­логиялық жаттығулар, әртүрлі ойын­дар қарым-қатынасты жақсарту­мен қатар эмоциялық жағдайға оң әсерін беріп, отбасылық құнды­лық­тар­ды бағалауға негізделген. Соны­мен қатар тауға, ғажайып табиғат аясына серуендеу де балалар ауылы тәрбиеленушілері үшін ерекше көңіл күй сыйлайды. Балаларға арналған танымдық шаралар оқу жылына жоспарланған. Ал жаз мезгіліндегі көңілді демалыс олардың жаңа достар тауып, ерекше көңіл күйде болуына ықпал етеді.

Үздіксіз білім беру жүйесі балалар мен жасөспірімдердің толыққанды білім алуымен қатар, тәрбиесі мен саламатты өмір салтын ұстануына, оқу жылы барысында өзін көңілді, сергек ұстауына мүмкіндік беретін кешенді бағдарламаларды үйлестіруді басты назарда ұстап келеді. Осы орайда жазғы демалыс кезінде өрттен, судан сақтану, басқа да қауіптерлердің алдын алу да демалыс орындары, тәрбие мекемелері үшін басты назарда. Қауіпсіздікті күшейту мақсатында жазғы лагерьлерде тәулік бойы сенім телефоны, арнайы чаттардың жұмысы үйлестірілген. Сондай-ақ сауықтыру орталықтарында тамақтану мәселесіне санитарлық-эпидемиялық бақылауды қам­тамасыз ету де басты назарда тұр. Бала­лар жарақатының алдын алу, құқық бұзушылықтарға жол бермеу де тиісті орындардан жауапкершілікті талап етеді. Балалардың күнделікті демалысы білім басқармасы тарапынан тұрақты зерделеніп отырады.

Биыл елімізде сауықтыру лагерь­лері мен алаңдардың саны артып отыр. Еліміз бойынша 10 мыңнан аса қала маңындағы, шатырлы, спорттық және киіз үй лагерьлері, ата-аналар үшін электронды сайт жұмыс істейді. bala-demalys.kz порталынан сауықтыру лагерьлері туралы толыққанды ақпарат алуға болады. Жазғы демалыстың көңілді әрі қауіпсіз өтуі балалар үшін мереке сыйлап қоймай, бақытты бала­лық шағының есте қаларлық ерекше сәттеріне айналатыны сөзсіз.

 

АЛМАТЫ