Қоғам • 17 Шілде, 2022

Таза ой қоғамды сауықтырады

511 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Өмірлік үдерістерді реттеуде адамның құндылықтары мен ортасының алатын орны бөлек. Құндылықтар өмірге арналған навигаторлар мен нұсқаулар сияқты. Олар адам өмірін дұрыс арнаға бағыттайды.

Таза ой қоғамды сауықтырады

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»

Құндылықтарға сүйене отырып, адам өзімен бір бағытта қозғалатын рухтас адамдарын таба алады. Осы құндылықтарының бірі ретінде адалдықты таңдаса, онда оның ортасы мен өмірі тек адалдыққа сәйкес құрылуы керек. Яғни әдет-ғұрыптық, Конс­титуция мен адамдардың мораль­дық-этикалық нормаларына сәйкес келуге тиіс. Әйтпесе, адам үнемі ыңғай­с­ыздықты сезінеді. Егер адам құн­ды­лықтарға қайшы әрекет етсе немесе оны түрлендіруден бас тартса, оның энергия арналары жабылып қалады. Мұндай жағдайда оның жүйкесі жұқарып, ауруға шалдығып, бақытқа жете алмайды. Адамның ой-өріс деңгейі өскен сайын, оның жауап­кершілігі де арта түседі. Сондық­тан ол қуатын құндылықтары өзіне ұқсай­тын адамдарды өз өмірі мен орта­сына тартып, олармен қарым-қаты­нас орнатуға жұмсағаны абзал. Осы­лайша, солардан қолдау тауып, өсуге, дамуға мүмкіндік туады. Адалдық трансформацияға апаратын жол ретінде дүниені бөлуден гөрі, оның тұтастыққа көшуіне және адамның бойындағы жағымды ресурстарды қалыптастыруға жағдай жасайды.

Осы үрдіс, ымырашылдық пен адамдардың надан қалауларының басымдыққа ие болуы қоғамды тығырыққа тірері анық. Адалдық ерте ме, кеш пе адам құндылықтарының арасынан өз орынын алады. Өйткені адалдық өзі алданса да, өзі ешкімді алдамайды. Мұндайда ойлы адамның өмірі мәңгілік майданға айналып, ащы және ажарсыз шындықты «бетке айтқанның зәрі жоқ» деп айтып, осы ұстаным күш ала бастайды. Бірақ ашық айту – анық айту болғанымен, ақиқатты айту емес екенін де ескерген дұрыс. Адалдық және әділдік жүрген жерде еркін ой мен ақыл керек. Ендеше, әділдік – ол тураны қисық бұрмау және таза еңбекпен күн көру деген сөз. Оны мойындау – адал кісінің ісі. Әділдік – көптің мүддесі. Басқаша болған жағдайда жұрт азып, дұрыстық-бұрыстықты білмей ел іші береке-бірліктен айрылады. Сондықтан тазалық тазалыққа шақыратынын ұмытпаған жөн. Сонда ғана адалдық, әділдік және ақиқат жалғанды жеңеді. Өйткені рух – таза ақыл, ал әдет-ғұрып пен халықтық дәстүрлі құндылықтарымыз елдіктің ұйтқысы және асыл мұрасы. Ақиқатты ақылды көздермен ғана көруге болады. Ендеше, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев үнемі айтып жүрген күйреген рухты қайта көтеру қазіргі таңдағы басты мақсат. Адалдықсыз қоғамды жаңғырту, кісіні «ұйқыдан ояту» мүмкін емес. Адалдықсыз өзіңді-өзің танып, біле алмайсың. Онсыз өзіңнің менмендігің мен тәкаппарлығыңды жеңу де мүмкін емес.

Адал болғың келсе, араммен бірге болма. Мұндайлардан ара-жікті айырып, біржолата бөліну арқылы өмір­дің тұтастығын қамтамасыз ету­дің маңызы зор. Бұл қоғамды сауық­тырады. Сонда ғана азамат өзінің болмысындағы барлық қасиеттерін толыққанды қабылдау арқылы ғана әлемнің тұтастығын таба алады. Өйткені ол оның құрамдас бір бөлігі ретінде ғаламдық ниетпен үйлесімді болады. Осыны дұрыс түсіну адамның білімін кеңейтеді. Басқаша болған жағдайда қоғамның дамуы баяулап, біртіндеп құлдырап, тоқырауға ұшырайды.

Мұндайда жақсы денсаулық, кіршіксіз таза қарым-қатынас, басқа­лардың тағдырын жақсартуға үлес қосуға деген құлшыныс пен тыныш­талған ақыл немесе ішкі тепе-теңдік қажет-ақ. Сонда адам өмір­лік жарақаттарынан арыла бастайды. Сонымен бірге адам өзін осы әлем­нің бір бөлігі ретінде сезінеді. Шығар­машылық пайда болып, ғалам­дық, жалпыға ортақ ниет пен үйлесім­діліктің белгілері көріне бастайды. Бұл қоғамда мейірімділік пен сүйіс­пеншіліктің, зайырлылық ниеттің, махаббаттың тарауына жол ашады.

Адам не жасаса да әдемілеп істеп, оны түсінуі және қабылдауы шарт. Бұған ниеттің күші мен ғаламдық сананың кеңеюі көмектеседі. Сол сияқты осы мақсаттарды іске асырудың өзінің белгілі бір құралдары болады. Ең алдымен, адам алдына мақсат қойғанда «мен қалаймын» деп ойлаудың орнына, «мен жасаймын немесе істеп жатырмын» дегені дұрыс. Бұл ниеттің артында мен қажет нәрсені жасаймын дегенді көрсететін іс-әрекет пен нақты қимыл немесе үдерістің тұрғаны дұрыс. Және оның нәтижесінен адамның көңілі рахат алуы керек. Яғни нәтижеге қиялда емес, нақты әрекет жасау барысында қол жеткізгеннің маңызы өте зор. Мақ­сатын елестеткен кезде көп адам қиялға беріліп кетіп, сонда отырып қалып, әрекет ете алмайды. Олардың өмір туралы идеялары шындықпен байланысты болмай шығады. Сондықтан бұларда толық қанағаттану сезімі де болмайды. Қиялдың «жұмыс істемеуінің» себебі адамдардың шектен тыс рационалды ойлауында жатыр.

Егер жердегі тіршілікті жоққа шығарсақ, онда жер бетінде ниетпен байланыс бұзылып, мақсатқа қол жеткізу мүмкін болмай қалады. Бұған адамның жұмыс істеудің орнына рационалды ойлауы мен өмірді теріске шығаруы кедергі жасайды. Демек «ұтымды» ойлау, ашу және өткенге өкінішпен қарап жалтақтай беру өмірді теріске шығаруға әкеліп соғады. Ендеше, табысқа жету үшін адамның жер бетінде өмір сүруге деген құлшынысы болғаны шарт. Ол өмірді жоққа шығарудың орнына алдына мақсат қойып, өзін-өзі дамытумен айналысуы қажет. Ең бастысы, өмірдегі болып жатқанның бәрі ниетке байланысты екенін ұмытпаған жөн. Ниет дұрыс болуы керек. Ол адамның алға қарай ұмтылысына қозғау жасайды. Яғни мақсаттарымыз орындалу үшін жалпыға ортақ ғаламдық ниет сияқты сыртқы кілттің болғаны маңыз­ды. Ендеше, егер біз ішкі ниетімізді сыртқы, ғаламдық ниетпен үйлестіріп, сәйкестендіре отырып, онымен қосы­ла алсақ, онда ниетіміз алға қой­ған мақсаттарымызды орындауға жағ­дай тудырады. Адам осы ғаламдық ниеттің оның өзінің өн бойы арқылы өтуіне рұқсат бергені қажет. Бірақ бұл энергия ағынының жеке сіздікі еместігін және оның сізге тиесілі емес екендігін де түсінген жөн. Ол адамның ішінде пайда болмайды. Себебі біз ғаламдық ниеттің бір бөлігіміз. Ол бастапқы таза санадан туындайды. Алғашқы санада барлығы оңай болса, ал адамның бойындағы менмендік бәрін қисынды, ойластырылған ету арқылы мақсаттардың іске асуын қиындатып, оның орындалу мерзімін ұзақ уақытқа ысырып тастауы мүмкін. Егер біз ғаламдық ниеттің күшімен жұмыс істегіміз келсе, онда онымен өзімізді теңестіруіміз керек.

Өмірдегі мақсаттардың орындалуы адамның өзін өзі жүзеге асыруы мәселесімен байланысты. Өзін өзі дамыту даналық нүктелерді белсендіріп, білімнің көкжиегін кеңейтеді, сөйтіп шындықтың артындағы шындықты көруге жағдай жасайды. Жердің энергиясымен физикалық байланыс орнығады. Мақсат айқындалып, мүмкіндіктер кеңейе түседі. Ал егер адамның өмірлік мақсаты оның өмірі­нің орталығында болмаса, онда ол жалпыға ортақ ниетпен үйлесе алмайды. Адамның әбден титықтап шаршайтыны да осыдан. Сөйтіп, сарқылмайтын энергия көздерінің жеткіліксіздігін сезіне бастайды. Адамның сыртқы факторларға тәуел­ділігі қиындықтар мен кедергілер тудырары сөзсіз. Өз мақсаттары мен зайырлы ниеттерінен алыстай түсіп, нақты іс-әрекеттерге бара алмай, қолы­нан ешнәрсе келмей, сәтсіздікке ұшырап, шарасыздыққа душар болып, қосалқы қуат іздей бастайды. Оны тек экологиялық емес коммуникациядан, ішімдік пен есірткіден табады. Мұндай әрекеттерде сапа болмайды. Ол түбінде тек жай ғана иллюзия болып шығады. Ғаламмен үйлесімді болу үшін адам өзін-өзі тәртіпке келтіруі керек. Сонда ғана ол өмірмен үндестік күйде болып, көптеген қажетті тәжірибе жинақтай алады. Ол үшін атқаратын ісімізді жақсы көруіміз қажет. Әйтпесе, жал­пыға ортақ ниетпен үйлесіп, онымен үндес бола алмаймыз.

Жаны тынышталып, көңілі орнына түскен кезде ғана адам өз өмірін жақсы көре бастайды. Бұл жерде басымдықты тек өмірді жақсы көруге емес, сол өмірдегі өзіңді жақсы көруге берген дұрыс. Егер адам осыны түсінбесе, онда оның бойын махаббат пен барлық нәрсені сүйіспеншілікпен жасауды құрдымға кетіретін іске айналдырады. Ол адамның жалпыға ортақ ниет­тен алыс екенін көрсетеді. Өйткені махаббат энергиясы – адамға ынтасын басқа адамдармен бөлісуге мүмкіндік беретін бірден-бір күш. Егер кісі бәрін тек өзі үшін жасаса, онда ғаламдық ақылмен үйлесе алмайды. Бұл жерде эгодан маңыздырақ сананың бар екені ескерілуі керек. Әр істеген ісімізден қандай нәтиже алатынымызды осы жоғары сана ғана шешеді. Олай болса, бәрін өзіміз үшін ғана емес, басқалар үшін де жасауымыз қажет. Махаббатты үнемі қолға қона қалатын құс деп түсінген үлкен қателік. Махаббат энергиясы желімдеу мен біріктіруге келмейтін бөліктерді қосады, сақтайды. Кез келген іс, ниет сүйіспеншілікпен орындалса, оның сапасы да жоғары. Сонда бәрі біз ойлағандай шешімін табады.

Адамның тілектерінің орындалуын қамтамасыз ететін жағдай тудыру үшін кейбір алғышарттар қа­лыптасуы керек. Ең алдымен, жал­пыға ортақ ниет­пен қосылудың кез­дейсоқ болмайтынын жақсылап ұғы­нып алған дұрыс. Осындай байланыс арқылы ниет ағыны адам бойынан өте бастағанда нақты нәтижелер пайда бола бас­тайды. Сонда ниет күші кез келген адамға қол жетімді және тиесілі болады. Адамның эгосы қоғамдағы имиджге сәйкес келіп, бәрін шешетіндігі керек болғанымен, онда алдамшы дүниелердің көп болатындығын ұмыт­паған жөн. Оның ығына мүлдем түсіп кетпеудің де маңызы зор. Мұндай адамға өзінің біреуден артықшылығын дәлелдеп, жарысқа түсуінің де қисыны жоқ. Оның орнына адамға өзін өзі дамыту арқылы өз өмірінің мақсатын түсіну бағытында жұмыс істеген, бөлінген санада қалып қалмаған, оң эмоцияда болған әлдеқайда тиімдірек.  

Жағымды ойлар мен қоршаған орта адам мен жалпы қоғамның сауы­ғуына ықпал етсе, теріс ойлар, кері­сінше, ауруды қоздырады. Сондықтан психикалық залалсыздандыру мен айналамыздағы адамдарда саналы көзқарастың болғаны абзал. Қоғамдық қатынастар туралы да осыны айта аламыз. Мұндай дерттен аулақ болу үшін алдымен ойды тазарту керек. Осы тұрғыда мидың пайдасы шамалы. Өйткені оның «қолы» тек қазіргі жағдайға ғана тиеді. Ол үшін адамның не ойлайтыны маңызды емес. Барлық биохимиялық реакциялар біздің денемізде, ішімізде өтіп жатады. Бұл екі қарама-қарсылықтың бірігуі, яғни екі жақтылық. Мысалы, кейбір гүлдер лас тоғанда өсетіндігіне қарамастан, таза болып өсіп, гүлдейді. Мұны таза немесе саналы ойлардың ықпалы делік. Себебі барлық жақсылықтар адамның позитивті ойынан туындайды. Егер адам жақсы ойларына рұқсат етіп, оған ерік беретін болса, онда оның жолы ашылады. Керісінше, адам біреуге ақымақтық сөздер айтып, намысына тисе, өзі де дәл осындай жағдайға ұшырауы әбден мүмкін. Яғни жамандықтың ұрығын сеуіп, өсіретін адамның өзі екен. Оның сол қара ниеті енді өзінің алдынан шығып отыр. Демек кез келген айтылған ой, сөз тіркесі, баға мен іс-әрекет өмірде өз «жемісін» береді. Сол сияқты әдемі, таза бақшаға жалғыз тал арамшөптің түсуі бүкіл бақшаны құртатыны анық. Сондықтан жұмақ пен тозақ, бақыт пен қайғы-қасіреттің бәрі адамның басында жатыр. Ендеше, ойға қонар ойдың өлмейтінін және дұрыс ойлау іске ұласпаған жерде азаптың басталатынын ескерейік. Бас тек ойлай және бағалай алады. Онда іс-қимыл мен әрекет жоқ.

Жер шарындағы халықтың басым көпшілігі мазасыз санада өмір сүретін көрінеді. Демек осындай күй кешкен адамдар мидың не туралы ойлайтынына мән беріп, санасында не болып жатқандығын қадағалауға шамасы келмейді. Олар, әдетте, немқұрайды әрекет етеді, сондықтан олар үшін еңбек ауыр жұмыс немесе азапқа айналады. Ал ойланатын еш нәрсе қалмаған соң, ми әдетінше қиялдай бастайды. Ендеше, адамның миында ой неғұрлым аз болса, ахуал соғұрлым оңала түсер еді. Бұл адамның шынайы әлеуетін көрсетіп, үлкен пайда әкелері сөзсіз. Әйтпесе, миға ерік берсеңіз ол жаман, жақсы ойлар мен қысыр әңгімелерді сағыз сияқты «шайнай» береді. Нәтижесінде, теледидардан ұрыс-керісті, зорлық пен зомбылықты, соғыс пен айуандықты, зұлымдық пен өтірікті көргендердің өлім гармондары көтерілері ақиқат. Бұған жол бермес үшін санаға, әсіресе бастапқы интеллектке, шығармашылық өрнекке және ішкі бағыттаушы әлеуетке баса назар аудару қажет. Сонда ғана әрбір адамның рухани мақсаты жалпыадамзаттық санамен үйлесімдік тауып, альтруистік, яғни әрдайым басқаларға жақсылық тілеп, шын көңілмен қолұшын созуға тырысу сияқты әрекеттерге басымдық беріледі.

Егер адам миын басқармаса, онда оның өмірі апатқа айналады. Себебі ми бәрін ойлап табуын тоқтатпай, қиялдауды жалғастыра береді. Адамның өмірлік функциялары тежеліп, оны көпке дейін сақтау арқылы адамның белсенділік деңгейін төмендететін блоктар сонау өткен балалық шақты еске салады. Осының бәрін ми арқылы шешемін деп ойлаудан еш нәрсе шықпайды. Бас, яғни ми іс жүзінде керемет алдамшы. Өйткені ақыл өзінен басқаның бәрін кінәлауға шебер. Ол әрқашан бір нәрсенің жаңа нұсқаларын «ойлап» табуға тырысады. Осыған байланысты миды қажетсіз ойдан ада ету арқылы адам шығармашылық әлеуетіне ие болып, алдында тұрған үлкен міндеттерді шеше алады және оның интуициямен байланысы жеңілдейді. Сонда адам өз өмірін де жеңілдетер еді. Бұл жерде ақпараттық өрісті лас, экологиялық емес ойлармен бітеп тастауға мейірімділік, ізгілік, құрмет пен сүйіспеншілік сияқты адамның бай ішкі дүниесі жол бермесі анық. Мұның қоғам үшін де пайдасы зор. Өйткені қоғамның жасампаздық әлеуетінің артуына ықпал ететін де осы таза ойлы дүние екендігі күмәнсіз.