Білім сайысындағы жағымды жаңалық математикадан IMO-2022 халықаралық олимпиадасының нәтижесіне қатысты болды. Ұлттық құрама 174 ұпай жинады, бұл – еліміздің осы олимпиадаға қатысу тарихындағы рекордтық көрсеткіші. IMO – әлемдегі ең беделді пәндік олимпиадалардың бірі. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов олимпиадаларда жүлде алған оқушылар мен олардың педагог-тәлімгерлеріне төлемдер белгіленетінін жеткізді.
«Президенттің тапсырмасы бойынша дәл осындай олимпиадаларда жүлде алған оқушылар мен олардың педагог-тәлімгерлеріне төлемдер белгілеп, оқушыларға ҰБТ-ны тапсырмай-ақ отандық ЖОО-ға түсуге болатындай жағдай жасағанымызды атап өткім келеді. Математикадан олимпиадаға қатысқан 6 оқушының барлығы да жүлделі орындарға ие болды. Олар 3 күміс, 3 қола медаль жеңіп алды. Күміс медаль иегерлері – Таир Сатубалдин, Фетуллах Сам, Мирон Юркевич, қола медаль алғандар – Әділет Зауытхан, Әділет Әбу, Юрий Тен. Зияткерлік сайысқа 104 елден барлығы 589 оқушы қатысты, соның ішінде Қытай, АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония, Ұлыбритания, Италия, Канада және т.б. елдер бар. Оқушыларымыз әлемдік есепте 17-орынға тұрақтады», деп мәлімдеген ведомство басшысы жүлдегерлерді жеңісімен құттықтады.
Осы жарыстан соң артынша ұлттық құраманың қоржыны тағы да медальдармен толықты. Озат оқушыларымыз Физикадан халықаралық олимпиадада (IPhO) 1 алтын және 4 күміс медаль жеңіп алды. Еліміздің намысын қорғаған 5 оқушы 75 елден келген 368 жасөспіріммен сынға түсті. Өткен жылы қазақстандық команда 5 күміске ие болған еді. Биыл нәтиже әлдеқайда жақсарды. Ұлттық құрама қоржынына алтынды Даниил Шатохин және күміс медальды Ерсұлтан Пітебай, Владимир Лим, Дінмұхаммед Рахымжанов, Ризабек Алпамыс әкелді.