30 Сәуір, 2014

Ауыл шаруашылығы құрылымдарындағы кездесулер

249 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Қайрат Ищанов пен Сенаттың Экономикалық даму және кәсіпкерлік комитетінің хатшысы Сәрсенбай Еңсегенов аймақтарға сапарлары аясында Атырау облысының Махамбет ауданында болды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Депутаттар Бейбарыс және Сарай­шық ауылдарындағы шаруашы­лықпен айналысатын мекемелерде болып, еңбеккерлерге Мемлекет басшы­сының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір бола­шақ» халыққа Жолдауының негізгі бағыттары туралы әңгімелеп берді. Сенаторлар, сондай-ақ, күніне 3 мың литр сүт өндірілетін сүт фер­масының жұмысымен және ешкі сүті өндірілетін «АтырауАгроӨнімдері» шаруа қожалығының технологиялық үдерістерімен танысты. Келешекте мұндағы ешкі өсіретін шаруашылықта 40-қа жуық өнім өндіру жоспарланып отыр. Сенат Төрағасының орынбасары фермерлерді еліміздегі агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін заң жүзінде барлық жағдай жасалғаны туралы хабардар етті. 2013 жылдың соңында Парламент депутаттары аграрлық секторды мемлекеттік қолдаудың заңнамалық негіздерін жасауға және бірқатар жаңа тетіктермен қамтамасыз етуге, сондай-ақ, Қазақстанның ДСҰ-ға кірердің алдында бәсекеге қабілеттілікті арттыруға бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіп кешені мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданған болатын. Одан басқа, фермерлерді қолдау үшін ұзақ мерзімді қаржыландыруға тікелей қол жеткізуді қамтамасыз ету арқылы олардың ауыл шаруа­шы­лы­ғында бизнесті дамытуына белсенді түрде жәрдемдесу, ауылдағы өнім өндірушілерді тиімді кепілдендіру және сақтандыру жүйесін құру, сондай-ақ, өткізу нарықтарына еркін кіруін қамтамасыз ету мүмкіндіктері қарастырылып отыр.