Медицина • 18 Шілде, 2022

Балаларға – «Қамқорлық»

590 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Қамқорлық» – Семейде таяуда ғана ашылған балаларды оңалту мен ерте араласу қызметтерін ұсынуға арналған орталық. Оңалту орталығы 3 жасқа дейінгі балаларды қабылдаса, ерте араласу орталығындағы жас мөлшеріне байланысты шекті деңгей – 3-18 жас аралығы.

Балаларға – «Қамқорлық»

Әлеуметтік маңызы бар нысан жалпы сомасы 207 млн теңге тұратын медициналық оңалту жабдықтарының 90-нан аса түрімен жарақталған. Арнайы медициналық қызмет­керлер Нұр-Сұлтан, Мәскеу және Санкт-Петербургте оқыту курстарынан өткен.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды Балалар жылы деп жариялағаны белгілі. Абай облысында перинаталды орталықтың жанынан балалар оңалту орталығы мен ерте араласу орталығының ашылуы маңызды оқиға саналады. Ана мен баланы қорғау қызметінің дамуы қоғамның әлеуметтік әл-ауқатының индика­торларының бірі екені сөзсіз. Тұтас­тай алғанда, ана мен баланы қорғау – отбасын нығайтуға, ананың дәрежесін көтермелеуге, балаларды тәрбиелеуге, сондай-ақ олардың дене бітімі, зияткерлік және адамгершілік жағынан дамуы үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған мемлекеттік және қоғамдық іс-шаралар жүйесі», деді Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметов.

Аталған орталықтың неонаталды және педиатриялық қызметінің басшысы Гүл­жазира Дүйсекенова орталықта атқарыл­ған жұмыс­тың нәтижелерін айтты. Мәселен, жар­ты жылда балалардың 72%-ы аяққа тұрып жүре бастаса, 55%-ы басын тік ұстап, тағы 48%-ы еңбектеп қозғалуға үйренген. Бұл – бала­лардың қысқа мерзімде алған дағдылары.

Мұнда нейро-ортопедиялық аурулары бар, оның ішінде церебралды сал ауруы бар балаларды оңалтудың әлемнің үздік әдістемелері мен заманауи тәсілдері қолданылады. Мамандар аурудың ерекше­ліктерін ескеріп, әр баланы қалпына кел­тірудің жеке бағдарламасын жасайды. Оңалту үшін қозғалыс дағдыларын дамытудың заманауи технологиялары, атап айтқанда арнайы техникалық құралдар, тренажерлер, аппараттар мен аппараттық-бағдарламалық кешендер пайдаланылады.

Церебралды сал ауруы мен тірек-қимыл мүшелерін емдеу үшін омыртқаның, буын­дар­дың жүру мен қозғалу дағдыларын қал­пына келтіруге арнайы костюмдер, тре­на­жерлер және әлемдік үздік өндіру­ші­­­лер­дің құрылғылары қарас­ты­рыл­ған. Со­­ны­­мен қатар емдік дене шынық­тыру, элект­р­о­энце­фалография, физиотерапия, жа­рық­пен ем­деу, су массажы, логопед және де­­фе­к­­толог­пен күнделікті жеке сабақ­тар өт­­кі­зіледі. Иммерсиялық ванна, меха­ноте­ра­­­пия, эрготерапевт және психолог кабинет­тері, сен­сорлық бөлме, құрғақ ванна жұмыс істейді.

Ерте араласу орталығының негізгі қыз­метіне дамудың ерте кезеңдерінде (3 айдан 3 жасқа дейін) балаларға кешенді оңалту көмегін көрсету жатады. Неге десеңіз, 3 жасқа дейін баланың миы икемді және оңалту еміне қолайлы болып келеді. Оны неғұрлым ерте бастаса, мүгедектіктің ауырлығын соғұрлым азайтып, баланың аурудан сауығып кетуге мүмкіндігі жоғарылайды. Орталық мамандарының маңызды міндетіне ата-аналармен жұмыс жүргізу, оларды қарапайым күнделікті іс-әрекеттер мен қозғалыстарға дағдыландыру, оның ішінде баланы дұрыс көтеруге, тамақтандыруға, сол секілді киін­діріп, отырғызуға үйрету кіреді. Өйткені оңалт­у ісінде ұсақ-түйек нәрсе болмайды. Бұл әсіресе ерте кезеңдерде аса маңызды.

Барлық көмек (оңалту, педагогикалық, әлеу­меттік, психологиялық) тегін көрсеті­леді. Екі орталықтағы жатын орын саны – 100, оның ішінде 30-ы тәулік бойы қызметке шақталған.

Жыл сайын оңалту шараларын 1 200-ден аса бала ала алады. Қазір орталықта 80 қызметкер жұмыс істейді.

«Балаларымызға әлеуметтеніп, өзін өзі күту дағдыларын алуға мүмкіндік берген­деріңізге рахмет. Менің ұлым секілді бала­ларға тіпті бір қадамды жасаудың өзі Эверест­ке шыққанмен тең. Осы орталықтағы мамандарға одан әрі өркендеп, балаларды емдеу жолындағы қызметтеріне табандылық пен төзімділік, ал ата-аналарға шыдамдылық тілеймін», деді ата-аналардың бірі.

Іс-шара оңалтудан өткен балалардың, олардың ата-аналары мен орталық қызмет­керлерінің қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен аяқталды.

 

Абай облысы