Қоғам • 18 Шілде, 2022

Ұлт саулығы – басты назарда

154 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау саласын жаңа деңгейге көтеру қажет. Бұл туралы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Семейдегі денсаулық сақтау ұйымдарының қызметімен танысқаннан кейін айтты.

Ұлт саулығы – басты назарда

Өңір басшысы Жедел меди­ци­налық жәрдем аурухана­сы, Семей медициналық универси­тетінің госпиталі және жедел медициналық жәрдем стансасына барып, қызметіне қанықты.

Айталық, 375 орынға шақтал­ған Жедел медициналық жәрдем ауруханасы 2013 жылы «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша салынған. Тәулік бойы шұғыл түрде жұмыс істейтін аурухана тек Семей өңіріне ғана емес, облыстың бірқатар ауданының тұрғындарына да қызмет көрсетеді. Мұнда инсульт пен түрлі жүрек-тамыр ауру­ларын емдеуге арналған опе­ра­циялық көмектің ауқымды қыз­меттерін көрсетуге қауқарлы гибридті операциялық бөлмесі бар. Сонымен қатар осында политравма орталығы жұмыс істей бастағанын айта кеткен орынды. Гибридті операциялық бөлмесінде жылына 3 мыңға дейін операция жасалады. Оның ішінде коронарлық және эндоваскулярлық операция, сондай-ақ политравмалық операциялар қамтылған. Аталған заманауи бөлме медицина қыз­меткер­леріне жедел коронарлық синд­ром мен ми қан айналымы бұз­ыл­ған науқастарға жедел ме­ди­ц­ина­лық көмектің бар­лық спек­трін ұсынуға, сол секі­лді «ал­тын сағат» қағидатын сақ­тау­ға мүмкіндік берді. Тұтас­тай ал­ған­да, мұнда 612 925 адамға меди­ци­налық қызмет көрсетіліп жүр. Оның 370 мыңы семейліктер болса, қалған 250 мыңдай адам – өңір халқы.

Ал Жедел медициналық жәр­дем стансасы балалар мен ересектердің өмірлеріне қауіп төнген жағдайларда, демек шұғыл көмек қажет кезде, сол секілді жіті созылмалы аурулар мен олардың асқынулары кезінде оқиға орнында, сондай-ақ стационарға барар жолда, оның ішінде төтенше жағдайларда, жаппай апаттар кезінде шұғыл көмек көрсетеді. Аталған станса бір тәулікте орта есеппен 700-ден аса шақырту­ды орындайды. Станса ұжымы төтенше жағдайларда, түрлі оқиғалар мен пандемия сынды эпидемиялық кезеңде де тұрақты мобильді дайындық режімінде жедел жәрдем көрсетеді. Мұнда 50 жедел медициналық жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Атап айтсақ, 1 реанимациялық бригада, 1 психиатриялық бригада, 3 кар­диологиялық бригада, 4 пе­диат­рия­лық бригада, 37 фельд­шерлік бригада және 4 қарқынды терапия бригадасы.

Семей медицина универси­теті­нің госпиталіне келсек, оның құрамына стационар, ауысымдық уақытта 250 келушіге арнал­ған консультативтік емхана кі­реді. Онда орталықтың жо­ға­­ры білікті мамандары және ме­­ди­­цина университетінің про­фес­сорлық-оқытушылар құра­мы қабылдау жүргізеді. Госпи­тальдің бөлімшелері заманауи жоғары емдеу-диагностика­лық жабдықтар және аппараттар­мен (газ, элек­тролит, гематоло­гия­лық тал­дауыштар, заманауи рент­генодиагностикалық, уль­тра­­­ды­быстық аппараттар, эн­доскоп­тар, эндобейнехирургия жаб­дығы) жаб­дықталған.

Жұмыс сапарын түйіндеген облыс әкімі жедел медициналық жәрдем ауруханасын өңірдегі алдыңғы қатарлы медициналық ұйымдардың бірі екенін айтты.

«Медициналық ұйымдардың заманауи құрал-жабдықтармен қам­тылғаны көрініп тұр. Соны­мен бірге шешілуге тиіс мәселелер де бар. Жедел жәрдем стансасына тоқталсақ, Абай облысының құрылуына байланысты Ақсуат және Көкпекті аудандары қо­сыл­ғандықтан оның қамту ай­мағы ұлғайды. Соған сәйкес қо­сымша қаржыландыру қажет бола­ды. Бұл мәселелерді де жан-жақты қарастырамыз», деді Н.Ұранхаев.

 

Абай облысы