Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында Елбасының тапсырмасына сәйкес жекешелендірудің екінші толқынын жүзеге асыру және ел экономикасына инвестициялар тарту, бизнеске қолдау көрсетудің бірінші кезекті шараларын іске қосу секілді маңызды мәселелер қаралды. Қаралған мәселелердің мәнісін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа жеткізу үшін Орталық коммуникациялар қызметіне бұл жолы Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев, Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма мүшесі – басқарушы директор Нұрлан Рахметов келді.
Әуелгі сөз кезегін алған Ә.Исекешев ел экономикасына инвестициялар тарту мәселесіне тоқталып өтті. Оның айтуынша, елімізде қолға алынып, қазір белсенді сипатқа ие болып отырған индустрияландыру бағдарламасын толық мәнінде жүзеге асыру үшін аталған мәселенің маңызы өте үлкен. Дегенмен, соңғы уақыттары бүкіл әлем бойынша алғанда инвестициялық белсенділіктің төмендеп кеткендігі анық байқалып отыр. Оған әлемнің ірі өңірлерінде дағдарысты жағдайлардың орын алғандығы себеп болуда. БҰҰ деректері бойынша, тікелей шетелдік инвестиция тарту жөнінен Қазақстан 2012 жылы алғашқы 20 елдің қатарына кіргенімен бұл мәселедегі іркіліс біздің елімізде де сезілуде. Осыған байланысты Мемлекет басшысы ел экономикасына инвестиция тартуға ерекше мән берді. Осыған қолайлы жағдайлар туғызуды Үкіметке міндеттеді.
Үкімет инвестиция тартудың кешенді жоспарының жобасын әзірлеп, осы отырыста қараған екен. Ә.Исекешевтің айтуынша, отандық экономикаға шетелдік инвестицияларды тарту жөніндегі жұмыстар аталған жоспарға сәйкес екі бағытта жалғасатын болады. «Соның біріншісі – ел ішіндегі инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту. Бұл бағыт бойынша бірқатар ынталандыру шаралары қолданылмақ. Екінші бағыт – ірі инвесторларды, соның ішінде трансұлттық компанияларды тарту.
Бұл мақсатта біз негізгі елдер мен салаларды айқындап алдық. Қажетті шаралардың бәрі белгіленді. Бұл жоспар жақында ғана Президент Әкімшілігіне жолданды. Ол қабылданғаннан кейін бірден жұмысқа кірісеміз. Бұл реттегі біздің басты мақсатымыз – Қазақстанды өңірдегі ең мықты хабқа айналдыру», деді Ә.Исекешев.
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев өз сөзінде аталған мәселені одан әрі нақтылай түсті. Соның ішінде инвесторларды ынталандыру үшін шаралар топтамасы әзірленгендігін айтып өтті. Бұл шараларда біздің экономикамызға қаржы салған инвесторларға олардың шығынының бір бөлігін жабу үшін көмек көрсетілетіндігін атап көрсетті. Ол көмектер қуат тасымалдаушыларға және өнімді жеткізу бойынша тасымалдауға кеткен шығындардың бір бөлігін қаржыландыру үшін көрсетілмек. Сонымен қоса, шетелдік жұмыс күшін тартқысы келетін инвесторларға квотадан тыс және рұқсат алмай-ақ инвестициялық жобаны жүзеге асырудың бүкіл кезеңінде және нысанды іске қосқан соң, бір жыл көлемінде шетелдік жұмыс күшін тарту құқықтары берілмек.
Мұның сыртында инвесторлар 10 жыл мерзімге дейін қосымша құн салығын төлеуден босатылады, оларға нысанды іске қосқаннан кейін жұмсаған күрделі қаржы шығындарының бір бөлігін өтеу бойынша мемлекет тарапынан инвестициялық субсидия берілетін болады.
Сондай-ақ, Е. Досаев жекешелендірудің екінші толқынын жүзеге асыру шараларына да тоқталып өтті. Оның айтуынша, Үкімет отырысында 2014-2016 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспары шеңберінде бәсекелестік ортаға тапсырылатын кәсіпорындар мен нысандардың тізбесі анықталған. Жекеменшікке тапсырылатын мұндай ұйымдардың ішінде коммерциялық сипаттағы ғылыми мекемелер, шипажайлар, бұқаралық ақпарат құралдары, күзет мекемелері бар. Осындай ұйымдарды жекешелендіру нәтижесінде республикалық меншіктегі нысандар саны 28 пайызға қысқаратын болады. «Тұтастай алғанда республика бойынша бәсекелестік ортаға 782 квазимемлекеттік сектор ұйымдары беріледі. Оларды жекеменшікке тапсыру рет-ретімен жүйелі түрде жүзеге асырылады. Мәселен, 2014 жылы 101 ұйым, 2015 жылы – 50, 2016 жылы 26 ұйым жеке секторға шығарылады. Мұның сыртында 380 ұйымға қайта құру жұмыстары жүргізіледі. Олардың кейбіреуінің жойылуы да мүмкін», деп атап көрсетті Е. Досаев.
«Самұрық-Қазына» өкілі Нұрлан Рахметов осы қор бойынша жекешелендірілетін ұйымдар жайына тоқталып өтті. Оның айтуынша, аталған қордан 223 ұйым жеке секторға тапсырылып, мұндағы кәсіпорындар саны 37 пайызға дейін қысқаратын болады.
Өңірлік даму министрі Б.Жәмішев бизнеске қолдау көрсетудің бірінші кезекті шараларын жүзеге асыру жоспары Үкімет отырысында мақұлданғандығын айтып өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бұл мәселе жөніндегі Үкіметке берген басты тапсырмасы бизнеске қолдау көрсетуді Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы секілді әлемдегі ең дамыған елдердің басын қосып отырған интеграциялық бірлестіктің қағидаттарына сәйкес жүзеге асыру болатын. Бұл қағидаттар 2010 жылы 15 маусымда қабылданған Болон хартиясында айқындалған.
Соған сәйкес елімізде бизнеске қолдау көрсетудің бірінші кезекті шараларын жүзеге асыру жоспары 6 бағыт бойынша жасалыныпты. Ол бағыттар тұрақты іскерлік орта құру, шағын және орта бизнесті дамытудың тиімді шараларын басқа салаларда қолға алынған саясатпен үйлестіру, білім беру мен адам факторын дамыту, жеке және мемлекеттік секторлардың әлеуметтік әріптестігін нығайту, қаржы ресурстарына тиімді қолжетімділікті қамтамасыз ету және жаңа технологиялардың дамуына қажетті орта қалыптастыру секілді маңызды міндеттердің басын қосады.
Баспасөз мәслихатында журналистер тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, олардың барлығына тыңғылықты жауап қайтарылды.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».