21 Мамыр, 2010

ЭЛЕКТРОНДЫ МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУ

799 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Оның артықшылығы неде? Елімізде мемлекеттік сатып алу­лардың тендерлік әдістен электрон­ды жүйеге көшкеніне біраз уақыт болып қалды. Жаңа әдіс қандай қажет­ті­ліктен туындап отыр? Оның ар­тық­шылығы неде? Төменде осы сұрақтарға жауап беруге тырыстық. Осыдан 5 жыл бұрын Елбасы “Жемқорлықпен күресті күшейту, мемлекеттік органдар мен лауазым­ды тұлғалар қызметін реттеу және тәр­тіпті бекіте түсу шаралары тура­лы” Жа­рлыққа қол қойған болатын. Жар­лық негізіне Үкіметтің аза­маттар өтінішін қарау нәтижелері мен заңды тұлғалардың сұраныс­тарын мемле­кеттік органдарда тір­кеуге алу және мо­ниторинг жүр­гізу­дің бір­ыңғай жүйесін құру туралы қа­у­лы алынды. Онда же­ке­ше­лендіру үде­рі­сінің ашық­тығы мен мөлдір­лігін қамта­масыз ету, мемлекеттік сатып алу мен салық саясаты сала­сында ше­шім қабылдау, жер қаты­настары мен жер қой­науын пайда­лану шараларын құру, 2005 жылдың аяғына дейін ескі тендерлік сатып алу жүйесінен шы­ғып, бюджет қар­жысын үнемдеудің тиімді әдістеріне керекті жағдай жасау тапсырылған болатын. Бүгінгі күні аталмыш ақпараттық жүйе үйреншікті әдіске айналды. Оның ең басты артықшы­лығы – мемлекеттік сатып алуды жүргізуде сыбайлас жем­қор­лықтың орын алмауын қамтамасыз ететін үздік механизм екендігінде. Оның үстіне жаңа технологияларды “Элек­тронды үкіметте” пайдалану ел индустрия­сының дамуын көрсетеді. Мемлекеттік сатып алудың жаңа заңы бо­йынша Қаржы минис­тр­лі­гінің құзыреті кеңейді. Атап айт­қанда, бұл салада жүйені жасап шығару, ендіру және пайдалануға беруге Үкімет Қаржы министрлігін міндет­теді. Олар жүйе субъек­тілеріне және қызығу­шы­л­ық та­нытқан заңды тұлғаларға электронды қызмет көрсетудің тәр­тібін анықтап, мемле­кеттік сатып алу веб-пор­талында ақ­паратты сақтаудың ретін ұсы­натын болады. Үкі­метте элек­тронды мемле­кеттік сатып алу сала­сын­­дағы бірыңғай опера­торды анықтау мақ­сатымен арнайы қаулы қабыл­да­п, нәти­же­сінде “Элек­тронды сау­да орталығы” ЖШС құ­рылды. Бұл бірыңғай оператор электронды сатып алу саласында бірыңғай техникалық сая­сатты жүзеге асырады. 2008 жылы Қаржы министрінің бұйрығымен электрон­ды қызмет көрсетудің ережелері бе­кітілді. Ере­жеде мем­лекеттік сатып алу саласын­дағы электронды, ақпа­раттық, инте­рак­тивті қызмет көрсе­тулердің тәртібін реттейтіндігі анық жазылған. “Нұр Отан” ХДП-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы өткен фору­мында Президент Үкімет алдына “Электронды үкіметтің” мүмкін­діктерін барынша пай­далануды, заманауи бас­қару тех­нологияларын мең­геруді басым бағыттардың бірі ре­тінде қойған болатын. “Элек­тронды үкі­метті” құрудағы басты мақсат – мем­ле­кеттік қызмет көрсе­тудің соңғы с­атыларында аза­маттардың лауазымды тұл­ғалармен тікелей қарым-қатынаста болуын барынша қысқарту, деді Елбасы. 2009 жылдың қазанында “Элек­тронды үкімет” бастамалары” тақы­рыбымен өткен халықаралық кон­фе­ренцияда Премьер-Министр Кәрім Мәсімов бүгінде көрініп тұрған эко­но­микалық мәселелерді шешіп барып, содан кейін ғана е-Үкіметке көшу керек деген пікірлер айтылып қалуда, деген-тін. Алайда бұл бола­шақтың көзқарасы емес. Дағдарыс келеді, кетеді. Ал ақпарат­тық-байла­ныс технологияларының дамуы еш­теңе­ге қарамастан басым бағыт болып қала береді. ІТ саласында артта қалу елдің барлық даму бағыттары­ның тежелуіне әкеп соқтырады. Елдің бәсекеге қабілет­тілігі қоғам мен эко­номиканың болашақта қалай жұмыс істейтінді­гіне тікелей байланысты болады деген Премьер-Министр элек­­трон­ды сатып алуды енгізудің бюд­жет шығынын 21 пайызға қыс­қар­туға мүмкіндік бергенін еске салды. Қазақстан заңнамасында мемле­кеттік сатып алудың 5 түрі қарасты­рылған. Оның ішіндегі ең қара­пайы­мы баға ұсынымын сұрау әдісі болып табылады. 2008 жылы Қаржы минис­трлігі мен оған қарасты бөлімшелер бұл әдісті электронды түрде қолда­нып, оны жүйеге енгізді. 2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл әдістің қолайлылығын көрген өзге мемлекеттік органдар мен ме­ке­­­мелер еліміздің барлық облыста­рын­да қолдана бас­та­ды. Ал биылғы жылдың басынан бас­тап бұл формат баға ұсынымын сұрау әдісі бойынша өткізілетін мемлекеттік сатып алулардың барлығына мін­детті әрі бір ғана жолына айналды. “Электронды мемлекеттік сатып алу” - біріктірілген ақпараттық жүйенің автоматтандырылған түрі сатып алуды шы­найы уақыт режі­мінде жүргізуге ар­налған. Бұл үшін жүйе тап­сырыс беру­ші­лердің сұ­ра­нысы туралы ақпаратты тауар жет­кізушіге бе­руге, олар­дың жү­йеленуі мен сатып алу үдерісін жүргізуді қамтамасыз етеді. “Электронды үкі­мет­тің” негізгі қыз­мет­терінің бірі элек­трон­ды мемлекеттік сатып алуды ұйым­дас­тыру болып табылады, ол өз кезегінде элек­тронды мемлекет құру жо­лын­да үдеріс ин­ди­ка­торы есебінде қыз­мет етеді. Өткізілген конкурстың аяқталуы мен олардың нә­тижелері интернетте көрініс табу арқылы мемлекет қызметтің осы секторын қарапайым тұрғындарға барынша ашық етті. Осы­лайша мемлекеттік сатып алуды электронды әдіс арқылы жүзе­ге асыру осы саладағы сыбайлас жем­қорлық се­кілді құқық бұзушы­лық­тың болу мүм­кіндігін барынша жоққа шығарып, үдеріс­тердің мөл­дірлігін, ашықтығын жо­ғарыла­тады. Адал бәсекелестікке жол ашып, шағын және орта бизнес өкілдерінің мем­лекеттік тапсырыс алуға қол­жетімділігін қамтамасыз етеді. Веб-порталдың еш кедергісіз, өнімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында Қаржы министр­лігі ААӨЖ-ді жаңа қуатты жарақ­тармен жабдықтады. Электронды сандық қолтаңба сертификатын беруде қателік орын алмас үшін Ұлттық куәландыру орталығы мен мемле­кеттік “Жеке тұлға” мен “Заңды тұлға” мәлімет базалары­ның бірік­тірілген модулі қолда­нысқа енгізілді. Техникалық қол­дау қызметін қолданушылар үшін бұл қызмет түрі кеңейтілді. Қолдау қызметіне жүгінетіндерге арнап телефон желісінің сыйымдылығы 2,5 есеге артылды. Оператор саны көбейіп, олардың саны 13 адамға жетті. Бүгінде электронды мемлекет­тік сатып алу порталында 61 374 қаты­сушы тіркелген. Оның 20 605-і тап­сырыс беруші болса, 19 101-і ұйым­дастырушы және 17 763-і әлеуетті өнім жеткізу­шілер болып табылады. Электронды сауда аймағында электронды мемлекеттік сатып алу­дың 1 882 113 лоты жария­ланған. Пікірлер: Марко СЕБАСТЬЯНИ, FІNEUROP SpA компаниясы ұсынған жобаның директоры: “Өзге елдерде мұндай жобалардың ұқсас түрлерін жү­зеге асыруда біздің үлкен тәжіри­беміз бар. Соны ескере отырып элек­тронды мемле­кет­тік сатып алуды енгізудің үдерісі қазір Қазақстанда белсенді дамып жатқандығын атап өткім келеді. Қазақстан электронды мемлекеттік сатып алудың жақсы жүйесін ойлап тауып қана қоймай, оны жүзеге асырып үлгерді. Бұл өзге елдерге озық үлгі бола алады деп айтуға негіз бар. Ұлыбритания мен Италия секілді алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесін енгізу арқылы осы жүйені одан әрі жетілдіру мүмкіндігі зор”. Эдвинс ПАРУПС, жоба же­тек­шісі: “Электронды сатып алудың техникалық дамуы жөнінде айта­тын болсақ, олар үдемелі бағытта екендігін баса айту қажет. Тіпті кейбір Еуропалық одақ елдерінде мұндай тамаша ұйымдастырылған статистикалық мәліметтердің жүйесі жоқ та. Мемлекеттік сатып алу жүйесінің даму динамикасын бақылай оты­рып, өкілетті орган өз іс-қимыл­дарын жөндеп отыруға мүмкіндік алумен қатар болашақта тәуекел­ділікті басқара алуға қол жеткізеді”. Венера ТҮГЕЛБАЙ.